Қазақстандықтар доллардың қымбаттағанына қарамастан оны сатып алуды көбейте түскен. Бұл туралы Ұлттық банк статистикасында көрсетілген.
Қазан айында халық пен бизнес айырбастау орындарынан 170 млрд теңгеге валюта сатып алған. Көрсеткіштің басым бөлігі Шымкент (50,8 млрд), Алматы (38,4 млрд), Астана (20 млрд) қалалары және Маңғыстау облысына (10,7 млрд) тиесілі.
Бұл қаңтардан бергі ең жоғарғы көрсеткіш. Ол кезде 190 млрд теңгеге доллар сатып алынған. Шілде айына дейін 140-150 млрд теңге аралығында болса, шілдеде 97,3 млрд теңгеге дейін төмендеді, ал қыркүйекте қайтадан күрт көтеріліп, 169,5 млрд теңгеге жетті.
Бұл ретте Ұлттық банк Қазақстанда долларға сұраныстың артуы америкалық валютаның нығаюына ықпал ететін факторлардың бірі деп атайды. Ол экономикалық белсенділіктің артуына, сондай-ақ инфрақұрылымдық жобаларға бюджеттік және квазимемлекеттік сектор шығындарының артуына байланысты.