Йель университетінің Экологиялық саясат және құқық орталығының зерттеу нәтижелеріне сәйкес, Қазақстанды экологиялық процестерді басқаруда көрнекті табысқа қол жеткізген ел деп атауға болмайды. Былтыр экологиялық тиімділік индексі (EPI) Қазақстанды 180 елдің ішінде 93-орынға шығарды. Бұл экологиялық проблемаларды шешуге бағытталған саяси және экономикалық күш-жігері тиімдірек дамыған батыс елдерімен салыстырғанда төмен көрсеткіш.
EPI индексі экологияның әртүрлі салаларындағы (судың, ауаның тазалығы, биоәртүрлілік және т.б.) 40 түрлі көрсеткіштерден тұратын құрамдас көрсеткіш. Осы материал аясында біз тек екі көрсеткішті – тұрмыстық қатты қалдықтарды (ТҚҚ) және коммерциялық қалдықтарды жинау және өңдеу коэффициентін, сондай-ақ қайта өңдеу коэффициентін қарастырамыз. Біріншісі бойынша еліміз 88-орында тұрса, қалдықтарды өңдеу деңгейі бойынша 175-орында. ТҚҚ өңдеуде біз тек дамыған елдерден ғана емес, ТМД мен ЕАЭО-дағы көршілерімізден де қалып келеміз. Йель университетінің сарапшылары былтыр Қазақстанда қалдықтарды қайта өңдеу коэффициенті 3,8 болса, әлемдегі ең жоғары коэфициенттің 67,1 болғанын айтады.
Осы америкалық университеттің зерттеу нәтижелері объективті түрде экологиялық саясаттың тиімділік деңгейін көрсетіп, елдерді бір-бірімен салыстыруға мүмкіндік береді. Әдістеменің айырмашылығына байланысты бұл деректерді ұлттық көрсеткіштермен салыстыру мүмкін емес. Қазақстанда ТҚҚ сұрыптау мен өңдеудің жалпылама көрсеткіші – түзілетін қалдықтар үлесі (тарихи ластануды есепке алмағанда) қолданылады. Екі кезеңді – сұрыптау мен өңдеуді қорытындылау – сұрыпталған қалдықтардың қаншалықты дайын өнімге өңделетіні немесе экспортқа сатылатыны туралы нақты түсінік бермейді. Өйткені сұрыптағаннан кейін сынық болып шыққан қоқыстар да кейіннен сұрыпталмаған қалдықтар сияқты кәдеге жаратылғанымен, жалпы көрсеткішке кіреді.
2022 жылы ҚР-дағы ТҚҚ жинау мен өңдеу үлесі бір жыл ішінде небәрі екі пайыздық тармаққа өсіп, 25,4%-ды құрады. ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің (ЭТРМ) мәліметінше, былтыр 4,3 млн тонна қоқыстың тек 1,1 млн тоннасы сұрыптау белдеуінен немесе қоқыс өңдеу зауытынан өткен. Дәл осындай динамика өнеркәсіптік қайта өңдеуде де байқалды. Былтыр өндірістік қалдықтардың тек 40%-ы ғана қайта өңделген немесе кәдеге жаратылған.
«Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасының деректерінше, ЭТРМ мамандары алдағы екі жарым жылда ТҚҚ өңдеу саласындағы экологиялық бағдарламаларды іске асырудан шамамен 3%-4% динамика күтеді. Егер осы жылдың соңына дейін белгіленген барлық жоспарлар орындалса, 2024 жылға қарай қалдықтарды сұрыптау және өңдеу деңгейі 27%, ал өндірістік қалдықтар – 42%, 2025 жылғы желтоқсанда сәйкесінше 34% және 46% болуы тиіс.
2022 жылға арналған сұрыптау және қайта өңдеу туралы ақпарат өңірлер мен мегаполистер арасында айырмашылық бар екенін көрсетеді. Былтыр сұрыптау мен өңдеу үлесі 75,2%-ды құраған Астана көшбасшылар қатарында. Елорда мұндай нәтижеге экополигон тандемі мен еліміздегі ең ірі қалдықтарды өңдеу зауыты «Астана қайта өңдеу зауыты» ЖШС арқасында қол жеткізді. Объективті себептермен кәсіпорында қоқыстарды сұрыптау әлі де қолмен жүргізілсе де, кәсіпорын тұрмыстық қалдықтардың үлкен үйіндісінен қайта өңделетін бағалы материалдарды (пластик, алюминий банка, шыны және картон) алып, қайта өңдеуге жібереді. Мысалы, пластиктен арнайы түйіршіктер жасалады — жаңа өнімдердің негізі (құбыр, шелек және т.б.), қағаз және картон жаңа контейнерлерді жасау үшін қайта өңдеуге жіберіледі.
Қарағанды облысы да сұрыптау мен өңдеудің үлкен үлесі бар өңірлердің қатарында. Мұнда қалдықтардың 54,6%-ы сұрыптау белдеуіне жетеді. Өңдеу көрсеткіші орташа өңірлер Атырау (27,5%), Маңғыстау (32,1%) және Павлодар (27,3%) облыстары, сондай-ақ Шымкент (30,3%).
Өңірлердің көпшілігі былтырғы жылдың қорытындысы бойынша республикалық деңгейден төмен көрсеткіште. 2022 жылы 14 өңір 25,4%-дық көрсеткішке жете алмады. Ең аз үлес Ұлытау (0,1%) және Абай (1,6%) облыстарында, бұл қайта өңдеу процесінің облыс орталықтарында шоғырлануымен және өңірлердегі бөлек жинау процесіне төмен тартылуымен түсіндіріледі. Аталған облыстар Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстарынан әкімшілік жағынан бөлінгеннен кейін бірден байқала бастады.
Жоғарыда жазғанымыздай, екі көрсеткішті – сұрыптау мен қайта өңдеуді қосып есептеу елдегі қалдықтарды басқару көрсеткішінде нақты көріністі бермейді. Өйткені әрқайсысының өзіндік ерекшеліктері мен проблемалары бар. Мәселен, Қазақстанның барлық қалалары мен облыстарында материалдардың түрлерін айтпағанда, ең болмағанда «дымқыл» және «құрғақ» фракцияларға арналған қалдықтарды бөлек жинайтын контейнерлер жоқ. Нақтырақ айтсақ, еліміздегі 207 қала мен ауданның 64,3%-да ғана тұрмыстық қатты қалдықтарды бөлек жинау жүйесі енгізілген, ал барлық елді мекендердің жартысында ғана сұрыптау желілері бар.
Бұл жерде көп нәрсе жергілікті атқарушы органдардың қызметіне байланысты. Шынында да, ҚР Экологиялық кодексінің 351-бабына сәйкес, қалдықтарды орналастыру көлемін азайтуды ынталандыру шараларын әкімдіктер ұйымдастыруы тиіс. Кестеде бұл процестің өңірлерде қалай өзгеретіні көрсетілген. Мәселен, Шығыс Қазақстан облысында 11 ауданның 2-інде ғана, ал Түркістан облысындағы барлық 17 ауданда қалдықтарды бөлек жинау ұйымдастырылған.
Процестердің негізгі ұйымдастырушысы жергілікті атқарушы органдар болуы тиіс болғанымен, өңірлердің көпшілігінде ТҚҚ-ны жинау, сұрыптау, өңдеу және кәдеге жарату бизнесі жеке меншік иелерінің қолында. Бұл ҚР Бәсекелестікті қорғау агенттігі мамандарының нарықты талдауында байқалады. Құжатта ТҚҚ-ны жинайтын және шығаратын кәсіпорындардың жалпы санының 4,5%-ы ғана мемлекетке тиесілі екені айтылған. Қалдықтарды полигондарға апарып көметін мемлекеттік компаниялардың үлесі сәл жоғары (9%), ал сұрыптаудағы мемлекеттің үлесі 10%.
Зерттеу нәтижелері бойынша, агенттік сарапшылары бұл нарық жоғары шоғырланған және оған жаңа қатысушылардың кіруі қиын деген қорытындыға келді. Бұған бірнеше әкімшілік және экономикалық кедергілер бар. Біріншіден, әкімдіктердің әсіре талаптары және ТҚҚ полигонына жер телімін алудың күрделі тәртібі. Екіншіден, бұл инвестиция тұрғысынан қымбат бизнес. Тез арада техника мен құрал-жабдықтарды сатып алуға қомақты соманы жұмсау керек, ал инвестициялар жақын арада ақталмайды. Үшіншіден, бұл бизнестің әлсіз экономикасы мәселенің әлеуметтік жағымен байланысты – ақыр соңында, шығындар мен инвестициялардың өсуі қызмет көрсету тарифтерін өсіреді. Ал бұл процесс, коммуналдық қызмет тарифтерін мемлекет тарапынан шектеудің қалыптасқан тәжірибесін ескере отырып, тез жүзеге аспайды.