Былтыр Қазақстанда дәрілік заттар мен фармацевтикалық өнімдердің өндірісі құндық мәнде 36,1 млрд теңгеге немесе 18,2% қысқарды. Егер 2021 жылдың соңында фармацевтикалық компаниялар 198,7 млрд теңгенің өнімін шығарса, былтыр бар болғаны 162,6 млрд теңгені құраған, деп хабарлайды energyprom.kz.

Көрсеткіштің төмендеуі фармацевтика өнімдері өндірісінің айтарлықтай төмендеуіне байланысты болды (құндық мәнде 58,4% азайды). Осы кезеңде дәрі-дәрмек өндірісі де төмендеді, бірақ соншалықты көп емес, бар болғаны 4,5% ғана. Фармацевтика өнеркәсібінде басқа да өнім өндірісі 61,1% төмендеді.

Саладағы ең маңызды оқиғалардың бірі коронавирусқа қарсы фармацевтикалық өнімдер өндірісінің тоқтауы болды. Бұл ең алдымен «Спутник V» вакцинасына қатысты. Оны Қарағанды ​​фармацевтикалық кешені шығарды. Дәл осы ірі мемлекеттік тапсырыс Қарағанды ​​облысын 2021 жылы құндылық бойынша дәрі-дәрмек өндіру бойынша үздік үштікке кіргізді. Облыста өндірілген өнімнің жалпы көлемі сол кезде 47,6 млрд теңгені құрады. 2022 жылы вакцинаны шығару аяқталғаннан кейін бұл көрсеткіштер 2,5 есе, яғни 19,1 млрд теңгеге дейін төмендеді. Нәтижесінде, облыс фармацевтикалық өнім шығаратын өңірлер тізімінде төртінші орынға түсті.

Негізгі үш көшбасшы 2022 жылды жақсы динамикамен аяқтады. Шымкентте 57,6 млрд теңгеге (13% көбегйен) дәрі-дәрмек, Алматы облысының фармацевтикалық кәсіпорындарында 39,5 млрд теңгеге (плюс 39,2%), Алматыда 18,7 млрд теңгенің орнына 21,7 млрд теңгенің өнімі өндірілді, көрсеткіш бір жылда 16,2% өсті.

Сонымен қатар, былтыр отандық статистика мамандары импорттық дәрі-дәрмек көлемінің артқанын атап өтті. 2022 жылдың қаңтар-желтоқсан айларында Қазақстан шамамен 1,4 млрд АҚШ долларына 26,4 мың тоннадан астам фармацевтикалық препарат пен дәрі-дәрмек сатып алды. Өсім физикалық мәнде 21,8%, құндық мәнде 25% көбейді. 

Proxima Research Inretnational халықаралық аналитикалық компаниясының мәліметінше, Қазақстанда 2022 жылы дәрі тұтыну көлемі 1,3% төмендеген: 626 млн-нан 618 млн-ға азайды. Төмендеу мемлекет медициналық мекемелерге дәрі-дәрмек сатып ала бастағандықтан болды. Бұл өз кезегінде ҚР орталықтандырылған денсаулық сақтау жүйесіне дәрі-дәрмек сатып алу бойынша бірыңғай операторға 52 млрд теңгеден астам қаражатты үнемдеуге көмектесті. Осылайша, 2022 жылы мемлекеттік шығындардың жалпы көлемі 336 млрд теңгені құрады, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 13,4% аз.

Бірақ бөлшек саудада үнемдеу байқалмады. Қаптамалар саны бойынша халық сатып алған дәрілік заттардың көлемі азайғанымен (бар болғаны 0,4%), құндық мәнде 2022 жылдың қорытындысы бойынша көрсеткіш 9,3% өсті. ҚР халықаралық фармацевтикалық өндірушілер қауымдастығы сарапшыларының пікірінше, нарықтың бөлшек сауда сегменті көлемінің ақшалай түрде ұлғаюы көбіне инфляцияға байланысты.

Жалпы, қазақстандықтар өткен жылы дәрі-дәрмекке мемлекеттен әлдеқайда көп жұмсаған: 527 млрд теңге. Пандемияның бірінші жылында дәріханалар тұтынушылардан 482 млрд теңге алған.

Дәріханалар желісін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етушілердің алғашқы ондығына екі қазақстандық фармацевтикалық зауыт – шымкенттік Santo және алматылық Nobel кіреді. Біріншісі бір жыл ішінде 28,7 млрд теңгенің өнімін өткізіп, сауда көшбасшысы атанды. 16,4 млрд теңге көрсеткішпен Nobel алтыншы орында тұр.