Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2020 жыл мен 2021 жылдың бірінші жартысында дәрі-дәрмек импорты айтарлықтай артқанымен, 2021 жылдың маусым айынан бастап бұл үрдіс бәсеңдеді, деп хабарлайды kursiv.kz.
Жаздан бастап шетелден дәрі тасу азайды. Қаңтар-тамыз аралығында импорт $700 млн болды. Бұл өткен жылдың осы уақытымен салыстырғанда 11% аз. Қазақстан негізінен дәрі-дәрмекті Германия, Үндістан мен Ресейден импорттайды.
Қазақстандық өндірушілер өндірісті ұлғайта түсті. Биылғы тоғыз айда отандық фармацевтика 160,4 млрд теңгенің өнімін шығарды. Бұл өткен жылдың осы уақытымен салыстырғанда 40% артық.
Жыл басында отандық өндірушілердің нарықтағы үлесі 16% болса, қазіргі таңда көрсеткіш 19,2%-ға жетті.
Өңірлер бойынша шығарылған өнімнің жартысына жуығы Қарағанды облысына (46%) тиесілі, одан кейін Шымкент жалпы өнімнің 21%-ын, Алматы облысының 16,5%-ын, Алматы қаласы 12%-ын шығарады.
Жалпы, басылымның мәліметінше, қазіргі таңда фармацевтика өндірісі жылына орташа есеппен 12% өсіп келе жатыр.