Қазақстанда бидай дақылының тиімділігі әр түрлі сұрақтар тудыруда. Бірқатар мамандар әлемдік бәсекелестік аясында бидай өндірудің келешегіне күмәнмен қарайды. Олардың пікірінше өсімдік шаруашылығының құрылымын қайта қарап, заман талабына сай басқа да дақылдарға басымдық беретін уақыт жетті.
Рас, бидай – Қазақстанның ұлттық брендтерінің бірі. Бірақ статистиканың айтары басқа. КСРО кезінде егін бітік шыққан жылдары (1980жж.) қазақстандық бидайдың өнімділігі орта есеппен гектарына 12.6 центнерден түскен.
Бүгінде елімізде негізінен қатты бидайдың жаздық, күздік жұмсақ сұрыбы өсіріледі. Өйткені оның уызы (дәнмаңызы) мол. Бірақ әлсіз сұрыпты жұмсақ бидайларға қарағанда түсімділігі төмен.
Жылына орта есеппен 12-12,5 млн тонна бидай өндіріледі. Ішкі қажеттілікке шамамен 6 млн тоннасы жұмсалса, қалғаны дән және ұн ретінде сыртқа шығарылады.
Қазақстан жұмсақ сұрыпты қатты бидай өсіретін 130 мемлекеттің ішінде 109-шы орынға ие. Яғни мақтана алмаймыз. Мысалы, 2012-2016 жылдары еліміз гектарына 12 центнерден түсім алып, тәуелсіздік тарихында рекорд жасаса, 2017-2022 жылдары түсім әр гектарына 11 центнерден түсті. Ал дәл осындай бидай сұрыптарын егетін Канада гектарына 33 (2012-2016) және 34 (2017-2020) центнерден алған. АҚШ-тың көрсеткіші 31 (2012-2016) және 33 (2017-2020) центнер болса, Аргентинада әр гектардың түсімі 21 (2017-2016) және 31 (2017-2020) центнерді құрады.
Бұған қарап, астық түсімі шетел тұрмақ, Одақ кезіндегі көрсеткішке жетпегеніне көз жеткізуге болады. Оның себебі неде?
«1980-ші жылдары Қазақстанда дәнді дақылдар өсіру өндірісті қарқындату есебінен жүргізілді. Түсімнің 50% – минералды тыңайтқыштардың, 20% – аудандастырылған сұрыптардың және 30% – технологиялық талаптарды сақтау есебінен қалыптастырылды. Бұл үйлесім аграрлық салада ұйымдық қайта құру, дәнді дақылдарды өсіріп-өндіру технологиясының бұзылуы және басқа да факторлардың себебінен бұзылды. Оған қоса, Қазақстанда тыңайтқыштар жеткілікті қолданылмайды. Бір гектар жерге тыңайтқыштар себу бойынша еліміз 170 мемлекеттің ішінде 155-ші орынға ие», - дейді Jusan Anslytics талдаушысы Тимур Дауранов.
Шынында да елімізде тыңайтқыштарды қолдану деңгейі Ресейге қарағанда 5 есе, тыңайтқыштарды қолдану бойынша көш басындағы елдермен салыстырғанда 100 есе төмен. Мысалы, алдыңғы үштікке енетін: Мысыр, Қытай және Голландия елдерінде 2019 жылы әр гектарға жұмсалған тыңайтқыштың салмағы сәйкесінше 406.2, 350.0 және 264.0 келі болса, 2020 жылы бұл көрсеткіштер 401.2, 336.8, 267.9 келіні құраған. Ал Қазақстанда 2019 жылы әр гектарға – 1.9 келі, ал 2020 жылы - 5.6 келіден тыңайтқыш себілді.
Мамандардың айтуынша диқаншылардың өздері тыңайтқышға шығынданып, жаңа деңгейге көтерілгілері келмейді. Осы жағдайға да риза.
Бидай экспорты бойынша көрсеткіштер де басқа елдермен салыстыруға келмейді. Әлемдік бидай саудасында Қазақстанның үлесі шамамен 2%-ды ғана құрайды.
Қазақстандық бидайды негізінен көрші ТМД елдері сатып алады. Соңғы 20 жыл ішінде (2001-2021) Қазақстан өз бидайын 72 елге сатып келген. Алайда солардың ішінде тек екі ел ғана біздің бидайды тұрақты көлемде сатып алады. Олар – Өзбекстан мен Тәжікстан. Бидай жеткізудің 60-70%-ы осы елдерге тиесілі. Тағы 7 мемлекет қазақстандық бидайды аздаған мөлшерде тұрақты сатып алады. Олардың ішінде Түркия мен Үндістан да бар.
«Бидайдың сатылымын арттыру үшін бірінші кезекте оның сапасын ағымдағы 3-ші сыныптан 1-2 сыныптарға көтеру керек. Одан басқа, бидайымызды әлемдік нарықта барынша танытқан жөн. Мысалы, халықаралық көрмелерге қатысып, бидайымыздың сапасын, тиімді, пайдалы жақтарын паш етпесе болмайды. Сондай-ақ қызығушылық білдірген елдерге сынама ретінде тегін бидай партияларын жеткізіп тұрған дұрыс», - деді Тимур Дауранов.
Бидай бойынша жағдай осындай. Осы ретте «Мүмкін басқа дақылдарға басымдық беру керек шығар?» деген сұрақ туындайды. Бұған еліміздің ауыл шаруашылығының әлеуеті толығымен жетеді.
ФАО (БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының) деректері бойынша Қазақстан ауыл шаруашылығы алқаптарының көлемі жағынан әлемде 6-шы орын алады (ел аумағының 79%-ы) – 215 294 мың га. Бірінші, екінші және үшінші орындарда сәйкесінше Қытай (527 722 мың га), АҚШ (405 701 мың га) және Аустралия (358 317 мың га) елдері. Ресей бесінші орында (215 494 мың га).
Дегенмен елімізде егін егуге жарамды егістік жерлер ауыл шаруашылығы алқаптарының 14%-ын ғана құрайды (29 728 мың га). Қалған бөлігін (85%) – табиғи мал жайылымдары, шалғынды және далалы жерлер алып жатыр. Егістік жерлерінің үлесі бойынша алғашқы үштікте: Үндістан (94%), Канада (67%) және Ресей (57%).
Егістік жерлердің шамамен 65%-ын ауыл шаруашылығы дақылдары егілетін егіндік алқаптар құрайды (2017-2020 – 19 062 мың га). 2007 жылға дейін бұл алқаптардың шамамен 90%-ына дәнді дақылдар егіліп келді. Одан кейінгі жылдары олардың үлесі біртіндеп азайып, 80%-ға түсті. Есесіне 2007 жылдан бастап, майлы дақылдардың үлесі арта бастады.
Егіндік алқаптардың құрылымында көкөністің, жемістердің және тамыр жемістердің алар үлесі өте мардымсыз. Мысалы, тамыр жемістер (картоп, пияз, сәбіз) және көкөністердің егіндік алқаптардағы үлесі 1%-дан төмен, бірақ түсім жағынан алар үлесі 10%-дан асады.
Соңғы 30 жыл ішінде дәнді дақылдардың түсімділігі шамамен 1.5 есе ғана арттырылған болса (1992-1996 – 8.9ц/га, 2017-2020- 12.9ц/га), көкөніс (1992-1996 – 106.2ц/га, 2017-2020 – 256.6ц/га) пен жемістердің түсімділігі 2.5 есеге артқан (1992-1996 – 31.3ц/га, 2017-2020 – 164.8ц/га).
«Қазір өкінішке қарай, көкөністер мен жемістердің басым бөлігі өнеркәсіптік көлемде емес, жеке шаруа қожалықтарында өсіріледі. Егер санына ғана емес, сапасына да баса мән беріп, өнеркәсіптік көлемде өсірер болса, Қазақстан ішкі нарықты толығымен қамтамасыз етіп, экспортқа да шығаруға әлеуеті жетеді», - дейді Т. Дауранов. Оның айтуынша әрбір өнімнің 1 центнерін (100 кг) сатудан түскен ақшалай пайданы негізге алар болсақ, бидай көкөністер мен жемістерге тіпті ілісе алмайды.
«Мысалы, 2016 жылы 1 центнер бидайды сатудан түскен пайда 992 теңге болды. 2020 жылы – 1 569 теңгені құрады. Ал осы арада 2016 жылы 1 центнер қызанақты сатудан түскен пайда 16 471 теңге болса, 2020 жылы – 24 956 теңгеге жетті. Өрік пен алма бойынша көрсеткіштер сәйкесінше 2016 жылы – 8 823 және 4 775 теңге, 2020 жылы – 7 615 және 6 977 теңгені көрсетті», - дейді Jusan Analytics талдаушысы.
Жоғарыда келтірілген деректерге сүйенер болсақ, бидайды Қазақстанда аса тиімді дақыл деп айтуға ауыз бармайды. Бұл жерде бидай өсіру тәсілін қайта қарастырып, оны тиімді және табысы жоғары өнімге айналдырып, танымалдығын арттыру қажет шығар. Не болмаса заман ағымына қарай басқа дақылдарға басымдық беру керек. Яғни бидайды ішкі нарыққа қажетті көлемде ғана өндіріп, қалған алқаптарға ең тиімді дақылдарды егу қажет. Ойланатын уақыт жетті.
Бидай дақылының тиімділігіне қатысты зерттеу жұмысымен мына сілтеме бойынша толыққанды танысып шығуға болады.