Ислам банктерінен басқа екінші деңгейдегі банктердегі барлық салымдар Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының (ҚДКБҚ) қорғауына алынған. Сақтандыру жағдайы туындаған кезде, Қор салымшыларға шоттарында, депозиттері мен төлем карточкаларында жатқан ақшаларын қайтарады.    

Кепілдік берілген максималды өтем сомасы 20 млн теңгені құрайды. Әрбір депозит түрі бойынша шекті сома заңнама жүзінде бекітілген. Бұл тақырып бойынша толығырақ осында танысып шығуға болады.  

Сонымен сақтандыру жағдайы туындаған кезде ҚДКБҚ өтем төлеу үшін қаражатты қайдан алады?

Төлем үдерісі ҚДКБҚ арнайы резерві есебінен қамтамасыз етіледі. Арнайы резервті сақтандыру қоры деп те атауға болады. Сақтандыру жағдайы туындаған кезде ол лицензиясынан айырылған банктің салымшыларына өтемді дер кезінде төлеуді қамтамасыз етеді. Осылайша резервтің болуы елімізде қаржы тұрақтылығын қамтамасыз етуге септігін тигізеді.  

Арнайы резерв қалай толықтырылады?

Елімізде депозиттерге кепілдік беру жүйесі (ДКБЖ) алғытөлемдік негізде (ex-ante) қаржыландырылады. Мұны қалай түсінуге болады? Бұл механизмнің мәні сол, ҚДКБҚ резервінің қалыптасуы жинақтау негізінде ДКБЖ-ге қатысушы банктердің жарналары – тоқсан сайынғы төлемдер есебінен жүзеге асырылады. Бұл халықаралық қағидаттарға сәйкес келеді. Соған сәйкес ДКБЖ-ны қаржыландыру қатысушы банктердің міндеті болып табылады.    

Арнайы резерв мына түсімдер есебінен толықтырылады:

  • меншікті активтер мен арнайы резервтің активтерін орналастырудан түсетін инвестициялық табыстар;
  • төленген кепілді өтем сомалары бойынша ҚДКБҚ талаптарын қанағаттандыру барысында банктердің тарату комиссияларынан түсетін ақшалар;
  • депозиттерге кепілдік беру туралы Заңда көзделген өзге де қаржы көздері.

Қазіргі уақытта Қордың арнайы резервінде қанша қаражат жинақталған және ол кепілді өтемді төлеуге жеткілікті ме?

2023 жылдың 1 сәуіріне қарай ҚДКБҚ резерві 815 млрд теңгені құрайды. Ал Қордың жарғылық капиталының 70%-ын ескерсек, 980,1 млрд теңгеге дейін барады.  

Арнайы резервтің деңгейі халықаралық стандарттарға сәйкес келеді. Олар бойынша банктік шоттардың 90-95%-ы кепілдікпен толық көлемде қамтылуы тиіс. Қазақстанда бұл көрсеткіш 99,8%-ға жетеді.

Атап өтуіміз керек, «Қазақстан Республикасының екiншi деңгейдегі банктерiнде орналастырылған депозиттерге мiндеттi кепiлдiк беру туралы» ҚР Заңы бойынша арнайы резервтің мақсатты мөлшері кепілдік берілген барлық салымдардың сомаларының 5%-ынан кем болмауы тиіс. Қазіргі уақытта Қордың жарғылық капиталының 70%-ын ескере отырып, арнайы резервтің қаражаты еліміздің депозиттік базасын 5,7% деңгейінде өтей алады.  

Егер арнайы резервтегі қаражат өтем төлеуге жеткіліксіз болса, қалай болады?

Мұндай жағдайда депозиттерге кепілдік беру жүйесіне қатысушы банктер ҚДКБҚ-ға қосымша жарна төлейді. Бірақ оның көлемі өткен тоқсанда төлеген жарна сомасының екі еселенген мөлшерінен аспауға тиіс.  

Айтпақшы, арнайы резервтің қаражаты кепiлдi өтем төлеуге жеткiлiксiз болса және жетiспейтiн соманы қосымша жарналар есебiнен де жабу мүмкiн болмаса, Қор Ұлттық Банктен жетiспеген ақша көлемінде қарыз алуға құқылы.

Арнайы резервтің жай-күйі қалай бағаланады?

ҚДКБҚ Әдіснама және талдау басқармасының мамандары күтілетін және күтілмейтін залалдардың мөлшерін бағалау негізінде резервтегі қаражат деңгейінің жеткіліктілігіне тұрақты түрде мониторинг жүргізіп отырады. Мұндай деректер тоқсан сайын жаңартылады. Талдаушылар банктің қаржылық ахуалын үнемі қадағалап, баға береді. Сондықтан ҚДКБҚ арнайы резервтегі қаражаттың жетіспеуіне жол бермеу үшін алдын ала шаралар қолдана алады.