Еңбек министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда 14 762 шетелдік жұмыс істейді. Бұлар негізінен Қытай (3729 адам), Өзбекстан (1967 адам), Үндістан (1461 адам) және Түркия (1454 адам) азаматтары. Көбінесе олар құрылыс, ауыл шаруашылығы және тау-кен өнеркәсібінде жұмыс істейді.

Дегенмен, Еңбек министрлігінің статистикасында арнайы құжат – жұмысқа рұқсат алған шетелдіктер ғана қамтылған. ЕАЭО елдерінің (Армения, Беларусь, Қырғызстан, Ресей) азаматтарына келісімдер бойынша бұл құжат қажет емес.

Ал ЕАЭО елдерінің де азаматтарын қоссақ, Қазақстанда 90 мыңнан астам шетелдік жұмыс істейді. Олардың басым бөлігі Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің азаматтары. Бұл туралы Курсив хабарлайды.

2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстан ЕАЭО елдерінің азаматтарына «жұмыс істеу» мақсатында 76 058 уақытша тұруға рұқсат берді. Олардың ішінен:

  • Ресей азаматтары – 62 237;
  • Қырғызстан азаматтары – 10 680;
  • Армения азаматтары – 1 888;
  • Беларусь азаматтары – 1 253.

ЕАЭО азаматтарының көпшілігі Алматы мен Астанада тұрады. Олардың жұмыс істейтін салалары бойынша Ішкі істер министрлігі есеп жүргізбейді.

Жалпы, жұмысқа рұқсат алған шетелдіктер мен уақытша тұруға ықтиярхаты бар ЕАЭО азаматтарын қорытындылайтын болсақ, Қазақстанда басқа елдің 90 820 азаматы жұмыс істейді.