ҚР Президентінің ҚХР-ға мемлекеттік сапары аясында Қазақстан мен Қытайдың ауыл шаруашылығындағы ынтымақтастығы бағытында бірқатар құжаттарға қол қойылды.
ҚХР-ға экспорттық ауыл шаруашылығы өнімдерінің тізбесін кеңейту бөлігінде ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мен ҚХР Бас кеден басқармасы бұршақ, жасымық, күнбағыс тұқымы, соя, мақсары мен зығыр тұқымын, сондай-ақ су өнімдерін (жабайы балық) жеткізу бойынша 3 хаттамаға қол қойды.
Айта кетейік, кедергілерді жою және екі елдің арасындағы ветеринариялық және фитосанитариялық талаптарды келісу жұмыстары жалғасып жатыр.
Қазіргі уақытта Қазақстанда Қытаймен бидай, зығыр тұқымы, арпа, жоңышқа, жүгері, бал, жүн, сүт өнімдері, сиыр еті, қой және шошқа еті және басқаларын қоса алғанда, өсімдік және мал шаруашылығы өнімдерінің 23 түрін экспорттау бойынша қол қойылған хаттамалар бар.
Бүгінгі таңда Қытайға агроөнеркәсіптік кешен өнімдерінің тағы 11 түрін: картоп, қызылша целлюлозасы, рапс, сұлы және жарма, бие сүті, құс еті және құс өнімдері, жылқы еті, салқындатылған сиыр еті, қой еті және шошқа етін экспорттауға қойылатын ветеринариялық және фитосанитариялық талаптарды келісу мүмкіндігі пысықталып жатыр.
Қазір Қытай нарығына экспорттауға құқығы бар кәсіпорындардың тізілімінде 1718 қазақстандық компания бар.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысының қатысуымен өткен қазақ-қытай инвестициялық дөңгелек үстел барысында ҚР АШМ мен Қытайдың бірнеше жетекші компаниялары арасындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.
Атап айтқанда, COFCO корпорациясымен бидай, арпа, майлы тұқымдар, күнбағыс майы және басқа да өнім түрлерімен сауда көлемін кеңейту туралы уағдаластық жасалды.
Ауыл шаруашылығы министрлігі мен қытайлық VODAR компаниясы арасында базалық принциптер туралы келісімге қол қойылды. Құжат Қазақстанда жаңбырлатып суару жүйелерін шығаратын зауыт құрылысының жобасын реттейді. Инвестиция көлемі 20 млн долларды құрайды.
Сонымен қатар, Жамбыл облысында құны 30 млн доллар тұратын ақ пиязды терең өңдеу және сублимациялау кәсіпорнын салуды жоспарлап отырған Wanlin Group компаниясымен өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.
Бұған қоса, қазақстандық «Қараой» ЖШС компаниясы мен CITIC Construction арасында өзара түсіністікке қол жеткізілді. Компаниялар Алматы облысында фермаларды, ет өңдеу комбинатын, сондай-ақ генетикалық орталықты қамтитын шошқа шаруашылығы бойынша вертикалды кластер құруды жоспарлап отыр. Келісім шеңберінде ҚХР-ға шошқа етін жетізу бойынша офф-тейк келісімшартқа қол қою көзделіп отыр.