Қазақстан Қашаған операторының мүлкін бұғаттап тастады

Қазақстан Қашаған кен орнын игеретін халықаралық North Caspian Operating Company (NCOC) консорциумының мүлкі мен көлік құралдарына тыйым салды. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Атқарушылық іс жүргізу органдарының автоматтандырылған ақпараттық жүйесіндегі деректерге сілтеме жасап Reuters агенттігі хабарлады.

Жарияланған мәліметке сәйкес, атқарушылық іс жүргізу 21 шілдеден бері орындалу сатысында. Алайда құжатта нақты қандай мүлік пен көлік құралдарына тыйым салынғаны көрсетілмеген.

Құрамына Shell, Eni, TotalEnergies және Exxon Mobil кіретін NCOC консорциумы Reuters агенттігінің түсініктеме беру туралы сауалына жауап бермеген.

Қазақстан мен Қашаған операторы арасындағы дау 2023 жылдан бері жалғасып келеді. Сол кезде Қазақстан үкіметі NCOC-тан белгіленген нормадан артық көлемде күкірт сақтағаны үшін 2,3 трлн теңге көлемінде өтемақы төлеуді талап еткен.

Консорциум бұл талаптарды мойындаудан бас тартып, дау халықаралық арбитраждың қарауына берілген.

Биыл шілде айында Қазақстан билігі экологиялық айыппұлды өндіріп алу талабын жалғастыратынын мәлімдеді. Ал NCOC барлық кейінгі әрекеттер халықаралық арбитраж аясында жүргізілуі тиіс екенін атап өтті.