VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясындағы көкпар бәсекесі өз мәресіне жетті. Ақтық сында өз топтарында үздік шыққан Қазақстан мен Қырғызстан құрамалары кездесіп, жанкүйерлерге тартысқа толы ойын сыйлады.
Қос ел арасындағы финалды тамашалауға көкпар алаңына 20 мыңға жуық көрермен жиналды. Жанкүйерлер ұлттық спорттың айбынын айшықтаған, нағыз тартысты бәсекенің куәсі болды.
Кездесудің алғашқы минуттарында Қырғызстан құрамасы есеп ашты. Алайда көп ұзамай Қазақстан құрамасының капитаны Құрманбек Тұрғанбек салым салып, таразы басын теңестірді. Бұдан кейін екі команда алма-кезек салым салып, алаңдағы тартыс қыза түсті. Бірінші тайм 3:2 есебімен Қырғызстан құрамасының пайдасына аяқталды.
Екінші таймда алаң иелері ойын тізгінін өз қолдарына алып, басымдығын арттыра түсті. Нәтижесінде финалдық кездесу 7:2 есебімен аяқталды.
Осылайша Қырғызстан құрамасы VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының чемпионы атанса, Қазақстан ұлттық құрамасы күміс жүлдеге ие болды.
Айта кетейік, екі жыл бұрын өткен V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Қазақстан құрамасы көкпардан чемпион атанған еді.
Келесі, VII Дүниежүзілік көшпенділер ойындары 2028 жылы Ресей Федерациясының Татарстан Республикасында өтеді.
Бас демеуші: Самұрық-Қазына қоры
Бас серіктес: Спортты қолдау қоры