Қазақстан жыл басынан бері ЕАЭО елдері ішінде ең көп сыртпен сауда жасаған және сырттан тауар тасуды көбейткен ел.

2020 жылдың қаңтар-наурыз аралығында Қазақстан ЕАЭО елдерінен тыс елдерге $12,7 млрд-тың тауарын сатты. Экспорт көлемі өткен жылдың осы уақытымен салыстырғанда 5,9% өсіп отыр. Бұл ЕАЭО елдері ішінде ең жоғарғысы.Мәселен, Ресейдің үшінші елдерге экспорты 15 пайыз азайып $82,2 млрд болса, Беларусьтің экспорты 29% азайып $3,2 млрд болды. Қырғызстан мен Армения да тиісінше 0,5% және 0,3% арттырып, $321,8 млн және $402,1 млн-ға жеткізді.Импортқа келер болсақ, Қазақстан ЕАЭО-тан тыс үшінші елдерден импортты 1,7% азайтып, $3,9 млрд-қа түсірді, Армения импорты 11,9% азайып $641,8 мың болды. Қырғызстандікі 39,1% азайды. Есесіне Ресей мен Беларусь тиісінше 0,2% ($49,5 млн) және 6,2% ($3,9 млн) ұлғайтты.Жалпы үшінші елдермен сауда көлемінің көбеюі бойынша Қазақстан бірінші орында. Еліміздің ЕАЭО мүшелерінен тыс елдермен саудасы 4% өсіп, $16,6 млрд болды. Қалған төрт елдің де ЕАЭО сыртындағы елдермен саудасы азайды. Атап айтқанда Ресейдікі 9,9% ($131,7 млрд), Беларусьтікі 13,3% ($7,1 млрд), Армениянікі 7,6% ($1 млрд) және Қырғызстандікі 26,7% ($750 млн) азайды.

"Тауар түрлері бойынша ЕАЭО елдерінің экспорты негізінен минеральды өнімдерден (жалпы экспорттың 65,8%-ы), металдар мен металл бұйымдары (8,7%), азық-түлік пен ауыл шаруашылық шикізаты (6,6%) құрайды. Осылардың шамамен 80%-ы Ресей экспортына тиесілі. Ал ЕАЭО мүшелері сырттан негізінен машина, құрылғы және көлік құралдарын (жалпы импорттың 41,7%-ы), химиялық өнеркәсіп өнімдері (18%), азық-түлік пен ауыл шаруашылық шикізаты (13,3%) сатып алады. Импорттың да 80%-дан астамы Ресейге тиесілі", – деп хабарлайды ЕАЭО-ның статистика департаменті.

Естеріңізге сала кетейік, таяуда ҚР Президенті ЕАЭО-да әр мемлекеттің ұлттық мүддесін ұмытпау керектігін айтып, одақтың кейбір нормаларын сынаған еді. Оны мына сілтемеден оқи аласыздар.Жалпы, ЕАЭО ішінде Қазақстанның Ресеймен саудасы басым екені белгілі.

Осы орайда, биылды есепке алмасақ, 2019 жылға дейін, ЕАЭО құрылғалы бес жыл ішінде Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда көлемі былай қалыптасты.

Қазақстанның Ресейден импорты
2015 жыл 2016 жыл 2017 жыл 2018 жыл 2019 жыл
$10,5 млрд $9,1 млрд $11,5млрд $12,4 млрд $14 млрд

 

Қазақстанның Ресейге экспорты
2015 жыл 2016 жыл 2017 жыл 2018 жыл 2019 жыл
$4,5 млрд $3,5 млрд $4,5 млрд $5,2 млрд $5,6 млрд