Қазақстан экономикасына 2026 жылы қандай қатер бар?

Қазақстан экономикасы сыртқы және ішкі бірқатар сын-қатерлерге қарамастан тұрақтылығын сақтап отыр. Мұндай қорытындыға 3–12 маусым аралығында елімізде жұмыс істеген Халықаралық валюта қорының (ХВҚ) миссиясы келді.

Сапар қорытындысы бойынша ХВҚ миссиясының басшысы Амина Лареш экономикалық өсімнің Каспий құбыр консорциумы нысандарындағы төтенше жағдай салдарынан мұнай өндіру көлемінің қысқаруына байланысты баяулағанын айтты. Егер 2025 жылдың соңында нақты ЖІӨ өсімі 6,5% болса, 2026 жылдың алғашқы бес айының қорытындысында бұл көрсеткіш 3,7% дейін төмендеген.

Экономиканың күрт баяулауына қызмет көрсету саласы, көлік, құрылыс және өңдеу өнеркәсібі жол бермей, мұнай өндірісіндегі төмендеудің орнын ішінара толтырды.

ХВҚ сарапшыларының бағалауынша, 2026 жылдың қорытындысында Қазақстан экономикасы шамамен 4,6% өседі. Бұған мұнай бағасының жоғары болуы, мұнай өндіру көлемінің тұрақтануы, халықты несиелеудің баяулауы және бюджеттік тәртіптің күшеюі қолдау көрсетеді.

Қор Қазақстан экономикасы үшін негізгі тәуекелдердің бірі ретінде инфляцияның жоғары деңгейін атап өтті. Инфляция 2025 жылғы қыркүйектегі 12,9%-дан 2026 жылғы мамырда 10,4%-ға дейін төмендегенімен, бұл әлі де Ұлттық банктің 5% мақсатты деңгейінен айтарлықтай жоғары.

Сондықтан ХВҚ инфляция тұрақты түрде төмендей бастағанға дейін ақша-несие саясаты қатаң күйінде қалуы тиіс деп санайды.

Сарапшылар 2026 жылғы маусымда Ұлттық банктің инфляцияның баяулауына және өтімділік шарттарының қатаюына байланысты базалық мөлшерлемені 100 базистік тармаққа төмендету туралы шешіміне де назар аударды.

Сонымен қатар, ХВҚ бірнеше фактордың әсерінен инфляциялық қысым қайта күшеюі мүмкін екенін ескертті. Олардың қатарында әлемдік бағалардың өсуі, квазимемлекеттік шығыстардың артуы, жылдың екінші жартысында ірі мемлекеттік жобаларды қаржыландыру және коммуналдық тарифтердің әрі қарай көтерілуі бар. Осыған байланысты қор артық өтімділікті азайту үшін міндетті резервтік талаптарды күшейтіп, Ұлттық банк ноталарының шығарылымын ұлғайтуды ұсынды.

ХВҚ инфляцияның төмендеу үрдісі тоқтаған жағдайда, Ұлттық банк ақша-несие саясатын қайтадан қатаңдатуға дайын болуы қажет екенін атап өтті.

Қордың болжамынша, мұнай бағасының қолайлы деңгейі мен салық реформасы мемлекеттік қаржының жағдайын жақсартады. Жаңа Салық кодексі, салықтық әкімшілендіруді цифрландыру және бірқатар жеңілдіктерді қысқарту биыл-ақ мұнайға тәуелсіз бюджет тапшылығын азайтуға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ сарапшылар сыртқы экономикалық көрсеткіштердің жақсаратынын күтеді. Егер 2025 жылы ағымдағы операциялар шотының тапшылығы ЖІӨ-нің 4,1%-ын құраса, 2026 жылы экспорттың өсуі есебінен аздаған профицитке шығуы мүмкін.

ХВҚ бағалауынша, Қазақстанның халықаралық резервтері жайлы деңгейде қалып отыр және шамамен он айлық импортты жабуға жеткілікті.

Банк секторы да оң бағаланды. Қор банктердің капиталы, өтімділігі мен табыстылығы жеткілікті деңгейде екенін атап өтті.

Тұтынушылық несиелеуге енгізілген салалық контрциклдік капитал буфері сияқты макропруденциялық шаралар қаржы жүйесінің тұрақтылығын арттырды. Соның нәтижесінде бөлшек несиелеу өсімі баяулап, проблемалық несиелердің үлесі төмен деңгейде сақталды. Ал банктер қалыптастырған резервтер ықтимал тәуекелдерді жабуға жеткілікті деп бағаланды.

ХВҚ Қазақстан экономикасы үшін негізгі қауіптер ретінде инфляцияның қайта үдеуі, жаһандық белгісіздік жағдайында инвестициялар ағынының бәсеңдеуі және Каспий құбыр консорциумы жұмысындағы ықтимал іркілістерді атады.

Сонымен бірге қор экономиканы нығайтуға мүмкіндік беретін факторларды да көрсетті. Атап айтқанда, мұнай бағасының жоғары сақталуы, инфляцияны төмендетуге бағытталған үкімет бағдарламасының тиімді жүзеге асырылуы және теңгерімді тарифтік саясат бюджет пен сыртқы резервтердің нығаюына ықпал етуі мүмкін.

ХВҚ сарапшылары билікті құрылымдық реформаларды жеделдетуге шақырды. Басым бағыттар ретінде мемлекеттің экономикадағы үлесін азайту, жеке секторды дамыту, инвестиция тарту, капитал нарығын тереңдету және инфрақұрылымды жаңғырту аталды.

Сондай-ақ қор цифрлық теңгенің әлеуетіне ерекше тоқталды. Сарапшылардың пікірінше, оны пайдалану бюджеттік шығындардың ашықтығын арттырып, бюджет пен Ұлттық қор қаражатының жұмсалуын тиімді бақылауға мүмкіндік береді.