Көлік министрі Марат Қарабаев Қазақстанның инфрақұрылымдық жобаларына инвестициялар тарту және ынтымақтастық мәселелері бойынша шет елдердің ірі көлік-логистикалық компанияларының өкілдерімен онлайн-кездесу өткізді.
Ведомство басшысы компанияларды республиканың көлік саласындағы ағымдағы жағдаймен, сондай-ақ Қазақстанның көлік-логистикалық әлеуетін дамыту перспективаларымен таныстырды.
Министр өз сөзінде соңғы 10 жылда еліміздің көлік-логистикалық инфрақұрылымына шамамен $30 млрд инвестиция құйылып, нәтижесінде 2,5 мың жаңа темір жол, 13 мың км автожол салынғанын, сонымен бірге 21 млн тоннаға Ақтау және Құрық теңіз порттарының қуаты кеңейтілгенін, ұшу-қону жолағы және 22 әуежайдағы терминалдар қайта жаңартылғанын атап өтті. 2022 жылдың қорытындысы бойынша салынған әрбір доллар $4,8 әкелген, ал салада жұмыспен қамтылған 1 адамға шаққандағы еңбек өнімділігі $21 230 құрады.
Көлік министрлігі басшысының мәліметінше, қазіргі уақытта Қазақстанның көлік-логистикалық әлеуетінің негізі Еуразия құрлығының негізгі сауда маршруттарымен байланысты 16 мың км теміржол және 95,5 мың шақырым автомобиль жолдары болып табылады.
«Қазақстан арқылы 13 халықаралық көлік дәлізі өтеді, оның ішінде 5 теміржол және 8 автомобиль жолы. 2022 жылы республика аумағы арқылы транзиттің жалпы көлемі 23,2 млн тоннаға жеткен болатын. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 10 пайызға артық. Ең үлкен өсім мултимодальды Транскаспий халықаралық көлік маршрутында байқалады. «Тар жерлерді» жою бойынша қабылданып жатқан шаралардың нәтижесінде жылдың соңына қарай жүктердің орта дәліз бойынша өту уақыты 3 есеге – 38-53 күннен 14-18 күнге дейін, оның ішінде Қазақстан аумағы бойынша – 12 күннен 5 күнге дейін қысқаратын болады. Біз аталған маршруттың барлық қатысушысымен өсуді жеделдету бойынша белсенді жұмыс істеп жатырмыз», - деді Марат Қарабаев.
Сондай-ақ ол транзиттік әлеуетті дамыту үшін жақын арада 1,3 мың шақырым теміржолдың, ҚХР шекарасындағы үшінші теміржол өткелі мен жаңа құрғақ порттың, Ақтау портындағы «контейнерлік хабтың», «Саржа» көпфункционалды терминалының, Каспийдегі сауда флотының ұлғаюы бойынша және басқа да құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқанын әрі жоспарланғанын айтты.
Республика көлемінде жаңа және қайта жаңартылған автомобиль жолдарын қолданысқа енгізу, сондай-ақ Қытай Халық Республикасымен визасыз режимді енгізу және Қытайдың TIR Carnet еуропалық келісіміне қосылуы өз кезегінде тасымалдарды дамытуға қосымша серпін береді деп күтілуде.
Кездесуді қорытындылай келе, Марат Кәрімжанұлы халықаралық көлік-логистикалық компаниялардың өкілдерін биыл 16-17 қараша күндері елордасы Астана қаласында өтетін кездесуге шақырды.