Биыл 6-8 шілде аралығында Сенегалдың Дакар мен Диамниадио қалаларында I хаоықаралық инвестициялық форум өтпек. Шараға инвесторлар, кәсіпкерлер, сала мамандары мен БАҚ өкілдерін қосқанда 2500-ден астам қонақ қатысады деп жоспарланған. Соның ішінде қазақстандық бизнес иелері де бар.
Атап айтсақ, шараға қатысушылар арнайы экономикалық аймақтар, тау-кен, энергетика, фармацевтика өнеркәсібі, денсаулық сақтау саласы, қаржы, цифрлық және креативті экономика, туризм, жасыл экономика, білім, логистика, агробизнес салаларына қатысты кездесулер өткізеді.
Форум барысында конференциялар мен панельдік сессиялар, экскурсиялар мен кәсіби кездесулер ұйымдастырылмақ. Сонымен қатар, өз брендін дамытқысы келетін компаниялар көрмеге қатыса алады.
«Сенегалға инвестиция құю – жаңа мүмкіндіктер ашу деген сөз. Бұл өз алдына, бизнеске еркіндік пен өмір сапасына кепілдік беріледі. Сенегалды халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті етуге ынталандырады. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті нығайтуға септігін тигізеді», – дейді Сенегал Республикасының президенті Маки Салл.
Айта кетейік, географиялық алшақтығына қарамастан, Қазақстан мен Сенегал арасында сауда-экономикалық байланыс орнаған. Бұл ретте, ынтымақтастықтың әлеуетті бағыттары ретінде энергетика секторы мен ауыл шаруашылығын атауға болады. Себебі Сенегал экономикасы негізінен ауыл шаруашылығы секторына негізделген. Онда белсенді халықтың 60%-дан астамы жұмыс істейді.
Жалпы, Африкаға құрлығы елдеріне Қазақстаннан тасымалданатын тауарлар жалпы экспорт көлемінің 1%-на да жетпейді. Дегенмен бүгінде бұл нарық экспорттық ағындарды әртараптандырудың өте перспективалы бағыт болып отыр.