Алғашқы бес айда сыртқы сауда $55 млрд-тан асты. Негізгі сауда серіктестерінің үштігіне дәстүрлі түрде Қытай, Ресей, Еуропалық Одақ кіреді. Қазақстанның экспорты 2024 жылғы қаңтар-мамырда 1,8% өсіп, $32,5 млрд құрады. Шикізаттық емес тауарлар мен қызметтердің экспорты $13 млрд-тан асты. Оның ішінде $10,5 млрд – дайын өнімді шетелге жеткізу. Экспорттың өсуіне халықаралық нарықтардың түсті металдар мен күнбағыс майына деген жоғары сұранысы әсер етті. Соңғы жылдары қазақстандық қызмет көрсету секторы да оң экспорттық серпінді көрсетуде.
Министрлік жаңа өткізу нарықтарының пайда болуы үшін қолайлы жағдай жасау және отандық өндірушілермен ынтымақтастықты күшейту, Қытаймен ынтымақтастыққа ерекше назар аудара отырып, көлік дәліздерінің дамуын ескере келе, экспорттық нарықтарды кеңейту бойынша белсенді жұмыс істеуді жалғастыруда.
Осы жылдың бес айының қорытындысы бойынша еліміздің жалпы тауар айналымындағы Қытайдың үлесі 20%-ға жетті, жалпы айналым көлемі $11,4 млрд құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6,6% жоғары. Қазақстаннан Қытайға Экспорт 2024 жылғы қаңтар-мамырда 19,1% өсіп, $5,7 млрд құрады. Орта мерзімді перспективада Қазақстанға дайын өнім экспортын 2,5 есе ұлғайту және жеткізілімдерді $12 млрд дейін жеткізу міндеті тұр.
Аймақтандыру қағидаты бойынша ҚХР провинцияларының әрқайсысымен ынтымақтастық қазірдің өзінде оң нәтиже беруде. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда Шыңжаң ұйғыр автономиясымен (ШҰАА) сауда 50%, оның ішінде экспорт — 35,3% өсті. Сычуань провинциясына қазақстандық тауарлардың экспорты шамамен 30% өсті. Цзянсуға отандық өнімді жеткізу 10 еседен асты.
Қазақстандық тауар өндірушілердің жаңа нарықтарға шығуы өндірістік белсенділікті ынталандыруға және жаңа технологияларды енгізуге бағытталған кешенді қолдау шараларының арқасында мүмкін болды. Мәселен, бірінші жарты жылдықта Иран Ислам Республикасымен өткен жылдың желтоқсанын қол қойылған тауарлардың еркін сауда аймағы туралы келісім және Сингапурмен қызметтер саудасы бойынша келісім ратификацияланды. Индонезиямен және Моңғолиямен келіссөздер аяқталу сатысында, сонымен қатар БАӘ-мен тауарлар мен қызметтердің еркін саудасы туралы келісімдер жасасу бойынша келіссөздер жүргізілуде. Қазақстандық тауарлардың осы нарықтарға экспортын ұлғайтудың жалпы әлеуеті $1,9 млрд-тан асады.