Үкімет отырысында Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев 2023 жылдың қаңтар-ақпан айларындағы бюджет түсімдері туралы айтты.
«Мемлекеттік бюджетке 3,4 трлн теңгеге жуық кіріс түсіп, жоспар 107,6 пайызға орындалды. Республикалық бюджетке 2,5 трлн теңге түсіп, жоспар 100,5 пайызға орындалды. Кіріс жоспары 12 млрд теңгеге, оның ішінде салықтық емес түсімдер 20 млрд теңгеге артығымен орындалды. Салық жоспары 8 млрд теңгеге орындалмаған. Салықтардың орындалмауының негізгі сомасы пайдалы қазбаларды өндіру салығы, шикі мұнай үшін КТС және ЭКС-ке тиесілі», – деді Ерұлан Жамаубаев.
Жоспардың орындалмауының және ПҚӨС және ЕКС түсімдерінің өсу қарқынының баяулауының негізгі себебі 2023 жылдың қаңтар-ақпан айларында өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда негізгі экспорттық тауарлар бағасының орта есеппен 12,3% төмендеуі.
«КТС деректері бойынша қаңтар-ақпан айларында өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 591 ірі салық төлеуші бойынша аванстық төлемдер сомасының 44,6% немесе 62 млрд теңгеге төмендеуіне байланысты жоспар 24 млрд теңгеге орындалмаған. Бұл ретте ҚҚС және импорттық кедендік баж салығы бойынша жоспар артығымен орындалды», – деп толықтырды ол.
Жергілікті бюджеттердің кірістері 134,9% орындалып, 882 миллиард теңгені құрады. Жоспар 228 млрд теңгеге, оның ішінде салық 210 млрд теңгеге артығымен орындалды. Барлық өңірлер бойынша кіріс жоспары артығымен орындалды.
«Мемлекеттік бюджет шығындары – 95,8%-ға, республикалық – 96,5%, жергілікті бюджеттер – 96,6% орындалды. Республикалық бюджет бойынша 3,4 триллион теңге жұмсалды. 123 млрд теңге орындалмады, оның 22 млрд теңгесі үнемдеу, 101 млрд теңге игерілмеді», – деп нақтылады Ерұлан Жамаубаев.
Игерілмеген ақша ішкі істер, қаржы, ғылым және жоғары білім, ақпарат және әлеуметтік даму министрліктеріне тиесілі.
Жергілікті бюджет шығындары 1,3 трлн теңгені құрады. 45 млрд теңге орындалмаған. Биыл өңірлерге 1,2 трлн теңге көлемінде нысаналы трансферттер қарастырылған. «1 наурызға оларға 56 млрд теңге бөлінді. Оның 80,1%-ы игерілсе, 11 млрд теңгесі игерілмеген. Ең көп ақша игермеген өңірлер Астана және Алматы қалалары, Павлодар және Абай облыстары.