Қйырымдылық қызметін тиімді бақылау күшейеді.
«Премьер-Министрдің тапсырмасын орындау үшін департамент жиналған қайырымдылық қаражатының мақсатты пайдаланылуын қамтамасыз ету және қайырымдылықтың ашықтығы деңгейін арттыру бөлігінде қолданыстағы заңнамаға өзгерістер енгізу бойынша жұмысты бастады. Министрлік мемлекеттік органдардың, қайырымдылық ұйымдарының, квазимемлекеттік және бизнес секторларының өкілдерінен заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша Жұмыс тобын құрды. Әзірленген түзетулер Жұмыс тобының отырыстарында қаралып, бұл мәселені қоғамдық талқылау да жоспарлануда», — деді министр Аида Балаева.
Министр халықаралық тәжірибені ескере отырып, қайырымдылық ұйымдарын аккредиттеу және Қайырымдылық комиссиясын құру тәсілдері әзірленгенін түсіндірді. Бұл жұмыс Қаржы мониторингі агенттігімен бірлесіп жүргізілуде.
«Қайырымдылық ұйымдары үшін арнайы шоттарды және қайырымдылық саласындағы заңнаманы бұзғаны және жиналған қаражатты мақсатсыз пайдаланғаны үшін жауапкершілікті күшейтетін нормаларды енгізу ұсынылды. Дайындалған заңнамалық түзетулерді «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңының жобасы аясында қарау жоспарлануда», – деп түсіндірді ол.
Министрлік агенттікпен бірлесіп, қайырымдылық шаралары туралы ақпарат жинақталатын бірыңғай цифрлық платформа құру мәселесін пысықтауда.
Министр 2022 жылы «Қайырымдылық туралы» заңға енгізілген түзетулер аясында қайырымдылық саласындағы уәкілетті орган – Мәдениет және ақпарат министрлігі белгіленгенін еске салды. Уәкілетті органның құзыретіне қайырымдылық саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру жатады.
«Жоғарыда аталған тәсілдерді ескере отырып, уәкілетті органның қайырымдылық ұйымдар мен волонтерлерді аккредиттеу, сондай-ақ бірыңғай цифрлық платформа қызметін жүзеге асыру бөлігінде құзыреттерін енгізу ұсынылады», — деді министр.
Бұған дейін Республика партиясы фракциясының депутаттары министрге сауал жолдап, онда елде мұқтаж жандарға жанқиярлықпен және жедел көмек көрсетуге дайын қайырымдылық және волонтерлік ұйымдар көп екенін айтқан болатын. Алайда, алаяқтардың бұл тұрғыда қарап қалмай жатқаны айтылған.