Үкімет отырысында қазақстандықтарды жайылымдық жерлермен қамтамасыз ету шаралары талқыланды.

Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің хабарлауынша, бүгінгі таңда жайылымдық жерлер 183,4 млн гектарды құрайды, оның ішінде 82,4 млн га – ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер, 63,9 млн га босалқы жерлер; 21,2 млн га елді мекендерге іргелес жерлер; 15,9 млн га басқа санаттағы жерлер (орман қоры, ерекше қорғалатын табиғат аумағы, өнеркәсіп жерлері).

Оның айтуынша, 15 өңірде, әсіресе Түркістан, Қызылорда, Алматы және Атырау облыстарында жеке қосалқы шаруашылықтарда мал жаю үшін жайылымдардың тапшылығы байқалады. Атап айтқанда, бұл ауыл шаруашылығы жануарлары санының айтарлықтай өсуіне байланысты. Соңғы 10 жылда тек ірі қара мал басы 7,7%-ға өсті, кейбір өңірлерде бұл көрсеткіш 16%-ды құрайды. 

Өткен жылы мемлекетке 5,2 млн гектар пайдаланылмаған және заңнаманы бұза отырып берілген ауыл шаруашылығы жерлері қайтарылды. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 10 есе көп (0,4 млн га). 2022 жылы тиісті шаралар қабылданғаннан кейін жер пайдаланушылар 1,85 млн гектар алаңда өздерінің ауыл шаруашылығы жерлерін игеруге кірісті.

16 қаңтарда елімізде мемлекетке қайтарылған ауыл шаруашылығы жерлерінің интерактивті картасы jerkarta.gharysh.kz геосервисі іске қосылды. Ол азаматтардың ауыл шаруашылығы жерлеріне құқық беру туралы жергілікті атқарушы органдарға өтініш берулеріне бағдар және жылдар бойы пайдаланылмаған ауыл шаруашылығы жерлерін айналымға тартуға негіз болады.

«Осыған байланысты, заңсыз берілген, бос жатқан жерлерді қайтарып алу жөніндегі арнайы Комиссия былтырғы сәуір айынан бері жұмыс істеп келеді. Нәтижесінде өткен жылы мемлекет пайдасына 5,2 млн гектар жер қайтарып алынды. Оның ішінде 4,8 млн гектары – жайылымдық жерлер», – деді Әлихан Смайылов.

«Осы жылы тағы 5 млн гектар жерді қайтарып алу жоспарлануда. Бұл орайда, елді мекендердің маңында орналасқан ауыл шаруашылығы құрылымдарының жерлерін қайтарып алу маңызды. Оларды қоғамдық пайдалануға немесе жеке қосалқы шаруашылық кооперативтеріне беру қажет. Қолданыстағы заң бұған мүмкіндік береді», — деді Премьер-Министр.

Сонымен қатар Әлихан Смайылов жайылым жерлерді ауылдан сырт жаққа көшіріп, отарлық мал шаруашылығын дамыту және шалғайдағы жерлерді сумен қамтамасыз ету қажет екенін атап өтті. 

«Жер қоры шектеулі аудандарда әкімдіктер жеке қожалықтарды кооперативтерге біріктіріп, малды қолда ұстау мәселесін пысықтауы тиіс. Жалпы өңір әкімдері жайылым мәселесін, оның ішінде қайтарылған жерлерді бөлуді ерекше бақылауда ұстауы қажет», – деді ол.

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров республикада 6 293 ауылдық елді мекен бар екенін, онда 7,8 млн адам тұратынын баяндады. Олардың қатарынан даму әлеуеті жоғары 3,5 мың ауыл іріктелді (барлық ауыл тұрғындарының 90%-ы). Оларды жаңғырту «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында басым тәртіппен жүзеге асырылады.

Мәселен, 2019-2022 жылдары 326 млрд теңгеге 3,7 мың жоба іске асырылды. Бұл тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы 334 объектіні, 1,2 мың әлеуметтік инфрақұрылым объектісін (білім беру, денсаулық сақтау, спорт) және 2 мыңнан астам көлік инфрақұрылымы объектісін (ауыл ішіндегі жолдар) салуға және жөндеуге мүмкіндік берді.

Биыл 736 ауылда 143 млрд теңгеге тағы 1,5 мың жобаны іске асыру жоспарланған: 119 жоба ТКШ саласында, 275 жоба әлеуметтік инфрақұрылым бөлігінде, сондай-ақ 1,1 мың жоба ауыл ішіндегі жолдардың жағдайын жақсарту бойынша іске асырылмақ.

Өңірлерде «Ауыл – Ел бесігі» жобасын іске асыру туралы Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды, Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы және Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев баяндады.

Премьер-Министр 2027 жылға қарай әлеуеті жоғары 3,5 мың ауылдың бәрін Өңірлік стандарттар жүйесіне сай дамыту жоспарланып отырғанын атап өтті.

«Оған сәйкес ауылдарда сапалы жолдар мен мәдениет, спорт және денсаулық сақтау объектілері, мектептер міндетті түрде болуы тиіс, сондай-ақ ауыл инфрақұрылымын дамытуға баса мән беріледі. Біздің басты мақсатымыз – ауылдағы өмір сапасын жақсарту. Қазірдің өзінде нақты нәтижелер бар», — деді Әлихан Смайылов.

Үкімет басшысы Атырау, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Түркістан облыстарында жобаларды пайдалануға беру қарқыны жақсы екенін атап өтті. Бұл орайда Ұлытау және Батыс Қазақстан облыстары осы көрсеткіш бойынша артта қалып отыр.

«Аталған өңірлердің әкімдері бұған ерекше назар аударуы қажет. Сонымен қатар іске асыру мерзімдері бойынша артта қалуға жол бермеу керек», — деді Әлихан Смайылов. 

Премьер-Министр барлық жоспарларды жүзеге асыру 40 мыңға жуық жұмыс орнын құруға мүмкіндік беріп, ауылдық аумақтарды дамытуға жаңа серпін беретінін айтты.

«2027 жылға қарай ауылдық елді мекендерде судың сапасы мен жолдардың жағдайы жақсарады, инженерлік желілер жөнделіп, әлеуметтік, мәдениет және спорт объектілері салынады», — деді Әлихан Смайылов.