Президенттің үкімет пен әкімдердің қатысуымен өткен жиында сөйлеген сөзінен таңдамалы үзінділерді ұсынамыз: 

  • Біз азаматтардың қажеттіліктерін қамтамасыз етуге бағытталған шынайы нарықтық экономикаға көшуіміз қажет.
  • Бұдан былай табиғи байлық еліміздің орнықты дамуына негіз бола алмайды.
  • Сарапшылардың пікірінше, Қазақстанның табысы жоғары елдер санатына өтуі үшін жыл сайынғы өсімді 6 пайыз деңгейінде, яғни қазіргі көрсеткіштерден бір жарым есе жоғары деңгейде қамтамасыз ету қажет.
  • Бізге «кәсіпкерлердің жаңа толқыны» керек. Мемлекеттің ресурсына арқа сүйемей, бойындағы дарыны мен іскерлігі арқылы тұрақты әрі мықты кәсіп құра білген «тың күштер» қажет.
  • 2019-2021 жылдары өнім өңдеуге берілген субсидияны алайық. Бұл қаражаттың тең жартысы субсидия алам деушілердің 10 пайызының ғана қолына тиген.
  • Шикізат жер астында, көбінесе моноқалалардың маңында жатыр, дегенмен оларды азаматтардың игілігіне пайдалануға болады. Неліктен күрделі мұнай-газ кеніштерін үлгі ете отырып, жұмыс орындарын ашуға, қайта өңдеу кәсіпорындарын салуға, әлеуметтік міндеттемелерді орындауға айырбас ретінде осындай тиімсіз жаңа жобалардың салық жүктемесін жеңілдетпеске? Үкімет бұл жұмысты қолға алып, жаңа салық саясатын жасағанда ескеруі қажет.
  • Ұлттық қорға жармаса беруді доғару қажет.
  • Экономиканы монополиядан арылту – маңызды міндет. Бұл бағытта нақты жұмыс басталды. Нәтижесі қазірдің өзінде жаман емес. Бірақ мұнымен шектелуге болмайды.
  • Бөылтыр соңғы 10 жылда рекордтық көлемде тікелей шетелдік инвестиция тартылды – 28 млрд доллар. Алайда инвестицияның ең үлкен көлемі, жалпы көлемнің 43%-дан астамы дәстүрлі түрде тау-кен өнеркәсібіне бағытталса, өңдеуші өнеркәсіпке салынған инвестиция жалпы көлемнің бестен бір бөлігін ғана құрады.
  • Жылу электр станцияларының жартысынан астамы тәуекелге ұшырады, кейбір қалаларда тозу деңгейі 80 пайыздан асты. Республика бойынша жылу желілерінің орташа тозуы шамамен 54%-ды құрады. Ал орталықтандырылған жылумен қамтылған 80 қалада бұл көрсеткіш 75-тен 92 пайызға дейін.
  • Жанар-жағармайдың бағасын көтеруден түскен қаржыны делдалдар, яғни алыпсатарлар иемденіп кетпеуі қажет. Оны жаңа мұнай-газ жобаларын жүзеге асыруға және мұнай өңдеу зауыттарын жаңғыртуға жұмсау керек.
  • Сарапшылардың пайымдауынша, 2040 жылға қарай суға деген сұраныс 50 пайызға артады. Қазақстан 2050 жылға қарай «суға өте мұқтаж» елдердің санатына кіруі мүмкін. Қазір елімізде 600 мыңнан астам адам таза ауызсуға зәру. Бұл – ауылдағы ағайын ғана емес, қала халқы үшін де өте өзекті мәселе.
  • Қазір 500-ден астам гидротехникалық нысан әбден тозып тұр. Тіпті, оның 200-інде төтенше жағдай туындау қаупі бар.
  • Қазір еңбек нарығында жастардың үлесі артып келеді. Үкіметке және әкімдерге 2030 жылға қарай 3 миллион 300 мың адамды жұмысқа тұрғызу туралы тапсырма берілді. Оның 2,2 миллионы жастар болуға тиіс.