Мемлекет басшысы Орталық Азия мен Қытай арасында өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастықты дамыту жоспарын дайындауды ұсынды.
Президенттің айтуынша, өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастықты нығайту керек. Бұл сала Орталық Азияның экономикалық дамуына берік тұғыр бола алады. Аймақтағы жобаларға Қытайдың атсалысуы олардың табысты ілгерілеуіне өз септігін тигізері анық.
«Мен Орталық Азия мен Қытайдың өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастығын дамыту жоспарын әзірлеуді ұсынамын. Бұл жоспарды аймақтағы барлық елдің ерекшелігі мен сұранысын ескере отырып жасаған жөн. Сондай-ақ автокөлік жасау сияқты ғылымға негізделген салалардың келешегі зор. Қазақстан мен Қытайдың бұл бағыттағы ынтымақтастығы жаңа деңгейге шыққанын атап өткім келеді. Біз жеңіл және жүк көліктерін (JAC) жасай бастадық. Электромобиль шығару жобасын жүзеге асырдық ( JAC iEV7s, YUTONG және Golden Dragon электр автобустары). Осындай автокөліктерді қуаттайтын стансалардың инфрақұрылымы жасалып жатыр. Кеше қытай көліктерін құрастыратын өндірісті іске қосу туралы келісімге қол қойылды», деді Президент.
Сонымен қатар мемлекет басшысы қазірдің өзінде қытайлық брендтердің елімізде табысты жұмыс істеп жатқанын айтты.
«Елімізде литий, кобальт, никель және басқа да сирек элементтердің мол қоры бар. Біз осы салада жан-жақты ынтымақтастықты дамытуға дайынбыз. Қазақстанның бірқатар облысында белгілі қытай көліктерінің өндірісі табысты жұмыс істеп жатыр. Біз қытай компанияларын осы аймақтарда автомобиль кластерін құруға шақырамыз. Біздің Үкіметіміз өзара ынтымақтастықты дамыту үшін барлық жағдайды жасап, мүдделеріңізді қорғайды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.