«Қазақстан – петроглифтер елі» жобасы аясында Yandex Qazaqstan еліміздегі петроглифтерді анықтап, оларды сипаттай алатын алғашқы жасанды интеллект моделін жасап шығарды.

Модель осынау ескерткіштердің цифрлық есебін жүргізуге көмектеседі. Ол Қоғамға арналған технологиялар орталығының қолдауымен Yandex Cloud ML технологиялары базасында жасалған, ал нейрожүйені оқытуға қажет деректер жиынтығын «Петроглиф іздеушілер» қоғамдық қоры ұсынып отыр.

Yandex Qazaqstan және «Петроглиф іздеушілер» қоры петроглифтерді сақтап, қорғау бойынша серіктестік орнатуға келісті.

Жаңа жоба туралы Yandex Qazaqstan жетекшісі Тимур Шалекенов Digital Bridge форумының алаңындағы кездесуде Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа айтып берді.

Компания Қоғамға арналған технологиялар орталығының сараптамалары мен технологияларын қор қызметкерлеріне ұсынады. Оның жұмысының негізгі бағыттарының бірі – мәдениет саласындағы жобаларды технологиялық тұрғыда қолдау.

Алғашқы әзірлемелер мен ЖИ шешімдері

Форумда жоба аясындағы алғашқы әзірлемелер ұсынылды: Yandex Cloud технологиялары негізіндегі петроглифтерді сақтауға арналған ЖИ-шешімдер және ескерткіштердің интерактивті картасы.

Арнайы үйретілген, фото, видео және мәтін өңдеуді біріктірген VLM-модель петроглифтерді анықтайды, оларды сипаттайды және нашар сақталған кескіндердің жалғасын қалпына келтіреді.

Интерактивті картада кескіндердің орналасқан жерлері мен мазмұны, олардың тарихи кезеңі туралы мәлімет бар. Бұл құрал ғалымдарға петроглифтердің бірыңғай базасын құрып, цифрлық есеп жүргізуге мүмкіндік береді. Мұның барлығы — таста қашалған көне мұраны терең зерттеп, сақтау үшін қажет.

Студенттердің үлесі және модельді жетілдіру

Жобаға Қазақстан-Британ техникалық университетінің студенттері де қатысып жатыр.

Олар бұған дейін Қоғамға арналған технологиялар орталығының тағы бір жобасы — қар барыстарын анықтауға арналған нейрожүйе әзірлеуге қатысқан болатын.

Ал осы жаңа жобада студенттер жұмыс тобы құрамында VLM-модельді ауқымды деректер жиынтығында үйретеді. Бұл мәліметтерді «Петроглиф іздеушілер» қорының қызметкерлері жылдар бойғы экспедициялар кезінде жинаған.

Соның нәтижесінде модельдің дәлдігі артып, петроглифтер картасы кеңейе түседі.

Қазақстан – петроглифтер елі

«Петроглиф іздеушілер» қорының бағалауынша, Қазақстанда Еуразия кеңістігіндегі ең ірі петроглиф мұрасы болуы мүмкін.

Елімізде таста қашалған таңбалардың 300-ден астам ірі орны анықталған, ал археологтардың алдын ала есебінше, барлығы 1500-ге жуық осындай ескерткіш бар.

Олардың негізгі бөлігі әлі зерттеліп, сипатталмаған.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр Қазақстанды «петроглифтер елі» деп атап, бұл таңбаларды дала өркениетінің мыңжылдық шежіресі ретінде сақтау қажеттігін айтқан болатын.

Қордың қызметі және жаңа табылған ескерткіштер

Соңғы жылдары «Петроглиф іздеушілер» қорының еріктілері петроглифтерді іздеу және сақтау бағытында ауқымды жұмыс атқарды.

2024 жылы «Ботаника және фитоинтродукция институтымен» бірге Алматыдағы Басты ботаникалық бақта «Арқалан» Еуразиялық петроглифтер табиғи паркі ашылды.

Қор экспедицияларға тұрақты түрде шығып, жаңа петроглифтерді тауып жүр.

Ең ірі табылғандарының бірі — 26 мың петроглифі бар Ордақұл шоғыры, ол 2020 жылы Даулыбай тауынан табылған.

2025 жылдың тамыз–қыркүйек айларында ең жаңа орындар Жетісу өңірінен, Жоңғар Алатауының баурайынан, нақтырақ айтқанда Көксу өзенінің маңынан табылды.

Петроглифтер орналасқан осындай орындар Қоғамға арналған технологиялар орталығының қолдауымен картаға енгізіледі, ал ЖИ табылған ескерткіштерді сипаттауға көмектеседі.

Сарапшылар пікірі

«Қазақстан аумағындағы петроглифтердің ірі қоры және зерттеудің жеткіліксіз қаржыландырылуы бұл археологиялық нысандарды тәуекел аймағына енгізеді. Кейбірі карьер өңдеуден немесе вандализмнен жойылып барады. Сондықтан экспедиция нәтижесінде табылған таңбаларды жедел өңдеу аса маңызды. Ескерткіштердің құжаттарын рәсімдеу көп уақыт алады, ал бұл — толыққанды қорғау үшін қажет. Сол себепті автоматтандыруды енгізу маңызды», — дейді «Петроглиф іздеушілер» қорының атқарушы директоры Ольга Гумирова.

«Петроглифтер мыңдаған жыл бойы түрлі жағдайда сақталып жеткен, сондықтан көп кескінді жай көзбен көру қиын. Ал бұл тастар — біздің өркениетіміздің үнсіз шежіресі. ЖИ-модель нашар сақталған петроглифтерді де тани алады, оларды жүйелеу мен сипаттауды жылдамдатады. Бұл жобаға студенттердің қызығушылығы да қуантады — ол тек білім емес, мәдени мұраны сақтауға үлес қосу жолы», — дейді Қоғамға арналған технологиялар орталығының жетекшісі Анна Лемякина.

Yandex Qazaqstan жанындағы Қоғамға арналған технологиялар орталығы 2024 жылы құрылған.

Оның негізгі мақсаты — ғылым мен білім, денсаулық сақтау, экология және мәдениет бағыттарындағы әлеуметтік маңызды жобаларды қолдау.

Орталық жобаларға сараптамалық көмек көрсетіп, Yandex Cloud бұлтты технологияларын, машиналық оқыту құралдарын және цифрлық шешім ресурстарын ұсынады.