Авторы: Данияр Оразбаев, Freedom Finance Global компаниясының талдаушысы
Freedom Finance Global компаниясы алтыншы ай Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан сияқты Орталық Азия елдері тұрғындарының тұтынушылық сенімділігін, инфляциялық және девальвациялық күтулерін зерделеуде. 2023 жылғы желтоқсан зерттеу жүргізу үшін маңызды ай болды, себебі ол жартыжылдық қорытынды жасауға мүмкіндік берді. Сондай-ақ, күнтізбелік жылдың аяқталғанын ескере отырып, респонденттерден 2024 жылға деген үміттері және 2023 жылы не өзгергені туралы сұрады.
Былтыр желтоқсан айында үш елде тұтынушылық сенімділіктің жалпы төмендегені байқалды. Халықтың ірі сауданың қолайлылығы бойынша бағалары ерекше көзге түсті, оларі Орталық Азияның барлық төрт мемлекетінде төмендеген. Дегенмен, 2023 жылдың екінші жартыжылдығын оң деп атауға болады, себебі осы кезеңде тұтынушылық сенімділік артып, 2023 жыл зерттеу жүргізілген барлық ел үшін оң көрсеткішпен аяқталды. Сондай-ақ, инфляциялық күтулер инфляциясы неғұрлым жоғары елдерде күрт төмендеп, қараша айында айтарлықтай өскеннен кейін бірнеше айлықтық ең төмен деңгейге жетті.
Айта кетейік, талдаушылар талдау жүргізілген елдердегі халық санына сәйкес Қазақстан мен Өзбекстанда ай сайын 3 600 сауалнама, Қырғызстанда 1600, Тәжікстанда 1200 сауалнама жинап отырады. Зерттеулер әлемнің көптеген елдерінде тұтынушылық сенімділік индекстерін алу үшін қолданылатын және United Research Technologies Group зерттеу компаниясы жергілікті міндеттерге бейімдеген әдіснамаға негізделген. Деректерді жинау әдісі – телефон арқылы сауалнама жүргізу. Сауалнама жергілікті халықтың тілінде жүргізілді: зерттеу респонденттердің ана тілінде жүргізіледі.
Қазақстан
Қазақстандағы тұтынушылық сенімділік индексі (CCI) 2023 жылғы желтоқсан айында қараша айындағы рекордтық мәндерден кейін 3,5 тармаққа төмендеді. Нәтижесінде индекс 104,7 тармаққа жетті, бұл өткен жылғы 101,5 тармақты құрайтын нәтижеден жоғары. Бір айда қорытынды нәтиже есептелетін бес қосалқы индекстің барлығы төмендеді. Экономиканың жай-күйін бағалау қосалқы индексі қаттырақ төмендеді. Сондай-ақ, қалғандарына қарағанда, ірі сауда жасау мен шығындар үшін ағымдағы жағдайлардың қолайлылығы және жеке материалдық жағдайдағы өзгерістерді бағалау сұрақтарында оң жауаптар саны айтарлықтай қысқарды.
Экономика туралы пікірлердің нашарлауы
Экономиканың ағымдағы жай-күйін бағалау қосалқы индексі 6,1 тармаққа төмендеп, 79,3 тармаққа жетті. Қараша айында біз бұл көрсеткіштің күрт өскенін байқадық, бұл бір реттік және мерзімінен бұрын өскенін көрсетуі мүмкін. Оның үстіне, былтыр ұқсас көрсеткіш 80,1 тармақты құрады. Дегенмен, желтоқсан айындағы нәтиже қазан айындағы көрсеткіштен жоғары болды және өсу трендінің жалпы сақталғанын көрсетеді. Қазақстандықтардың 19,5%-ға жуығы өткен жылы экономика жақсы көрсеткіш көрсетті деп есептейді, бұл қараша айындағы көрсеткіштен 23%-ға төмен. Теріс жауаптардың үлесі де 39%-дан 42,3%-ға дейін өсті. Респондент жауап беретін тілдің маңыздылығын тағы да атап өтеміз, себебі қазақ тілді респонденттердің неғұрлым жоғары оптимизмі сақталуда. Қазақ тілді респонденттердің 32%-ы ел экономикасы өткен жылы жақсы көрсеткіш көрсетті деп есептеді. Бірақ орыс тілді тұрғындардың арасында бұл пікірге тек 17%-ы келіскен.
Жас шамасы топтарының ішінде 29 жасқа дейінгі жастар көш бастап тұрғанын атап өтеміз, олардың 24%-ы 2023 жылы экономикалық өзгерістер оң болды деп санайды. Алайда, бұл қараша айындағы 33%-ды құраған көрсеткіштен айтарлықтай төмен. 60 жастан жоғары аға буын оң жауаптар үлесінің айтарлықтай төмендегенін көрсетпегенін атап өтеміз: көрсеткіш 21%-дан 20%-ға дейін төмендеді. Ең төмен нәтижелерді 45-59 жас аралығындағы топ көрсетті, олардың тек 17%-ы оң жауап берді. Бұл жерде қараша айында әдеттен тыс 15%-ды құраған төмен көрсеткіштен жоғары болды. Өңірлер арасында оң жауаптарының үлесі 28%-ды құрайтын Түркістан облысы (қараша айында 33%-ды құрады) үздік нәтиже көрсетті. Өткен айда көшбасшы болған Қызылорда облысында көрсеткіштің 36%-дан 21%-ға дейін айтарлықтай төмендегені байқалады. Сондай-ақ, мұндай төмендеуді Жетісу облысында да байқауға болады, онда оң жауаптардың үлесі 35%-дан 14%-ға дейін төмендеді. Нәтижесінде, өткен айдағы үздік 3 көшбасшының ішінен тек Түркістан облысы ғана жоғары орында қалды. Желтоқсан айындағы неғұрлым жақсару көрсеткіші Ақтөбе облысында болды, онда тұрғындардың 30%-ы экономикалық жағдайдың жақсарғанын байқады, дегенмен қараша айында олардың саны 20%-ды құраған. Өңірлер рейтингінің төменгі жағында екінші ай Батыс Қазақстан және Қарағанды облыстары тұр, онда теріс жауаптардың үлесі тиісінше 52%-ға (қараша айында 41%-ды құрады) және 54%-ға (қараша айында 51%-ды құрады) жетеді.
Экономикадан кейін материалдық жағдай туралы пікірлер пайда болды
Соңғы 12 айда жеке материалдық жағдайдағы өзгерістерді нақты бағалау қосалқы индексі 4,7 тармаққа төмендеді. Сауалнамаға қатысқан қазақстандықтардың 33,8%-ы жеке материалдық жағдайлары 2023 жылы жақсарды деп есептейді, дегенмен қараша айында олардың саны 37,9%-ды құрады. Бұл жерде де қазақ тілді респонденттер неғұрлым жоғары нәтижелер көрсетуде, бірақ ана тілінде сөйлейтіндердің арасындағы айырмашылық экономикаға қатысты сұрақтағыдай аса үлкен емес. Қазақ тілді тұрғындардың 44%-ы жеке әл-ауқат мәселесі бойынша жағдайларының жақсарғанын атап өтті (қараша айында 49%-ды құрады), ал орыс тілді тұрғындардың арасында бұл пікірмен келіскендер 32%-ды құрады (қараша айында 30%-ды құрады). Желтоқсан айында төмендеудің негізгі драйвері қазақ тілді респонденттердің болғаны белгілі болды. Жас шамасы топтарының арасында оң жауаптардың үлесі жастарда 59%-дан 48%-ға дейін айтарлықтай төмендеді, бұл қалай болғанда да жақсы көрсеткіш болып табылады. Бұл көрсеткіш 45-59 жастағы адамдарда және аға буында байқалады, олардың тек төрттен бірі ғана 2023 жылы жеке материалдық жағдайларының жақсарғанын атап өтті. Өңірлер бойынша оң жауаптар үлесі 17-18 пайыздық тармаққа төмендеген Жетісу және Қызылорда облыстарында оң жауаптардың төмендегені айтарлықтай байқалады. Желтоқсан айында Атырау облысы көшбасшы болды, онда адамдардың 40%-ы оң жауап нұсқаларын таңдады, ал 23%-ды құрайтын ең нашар көрсеткіш жоғарыда аталған Жетісу облысында тіркелді.
Ірі сауда жасау үшін жағдайлар сондай-ақ нашарлады
Ірі сауда жасау мен шығындар үшін жағдайлардың қолайлылық қосалқы индексі айтарлықтай төмендеді. Ол 3,6 тармаққа түсіп, 70,7 тармаққа жетті, бұл қазан айындағы 70,3 тармақты құрайтын мәннен сәл жоғары. Қазақстандықтардың 29,3%-ы қазіргі уақытты ірі сауда жасау үшін қандай да бір дәрежеде қолайлы уақыт деп санайды. Қараша айында бұл көрсеткіштің 32,8%-ға тең болғанын атап өтеміз. Бұл сұраққа келгенде қазақ және орыс тілді респонденттердің арасындағы айырмашылық барынша аз болып қала береді. Қазақ тілді респонденттердің арасындағы оң жауаптардың үлесі 39%-дан 34%-ға дейін, ал орыс тілді респонденттердің арасында үлес 28%-ды құрайтын деңгейде қалып қойды.
Бұл ретте қазақ тілді респонденттердің арасында тек теріс жауап беретіндердің саны әлдеқайда көп: орыс тілді респонденттердің арасында 44%-ға қарағанда 59%-ды құрайды. Барлық төрт жас шамасы тобы позитивтің төмендегенін көрсетеді. Дегенмен, жас шамасы мен оң жауаптар арасындағы кері байланыс сақталады. Жастардың 39%-ы оң жауап берді, ал аға буын арасында оң жауап бергендер саны 21%-ды құрады. Өңірлер бойынша бірінші орында Астана қаласы тұр, онда тұрғындардың 39%-ы оң жауап берді, бұл ретте Түркістан облысы тек 1 пайыздық тармаққа сәл артта қалды. Ең нашар нәтиже Атырау облысында тіркелді, онда адамдардың 19%-ы қазіргі уақытты ірі сауда жасау үшін қолайлы уақыт деп санайды. Өткен айда олардың саны 18%-ды құрады. Нәтиженің ең үлкен өзгерісі қайтадан Қызылорда облысында тіркелді, онда ұқсас көрсеткіш 47%-дан 27%-ға дейін төмендеді.
Инфляциялық күтулер күрт төмендеді
Қазақстандықтардың инфляциялық күтулері желтоқсан айында жоғары күтулердің күзгі кезеңінен кейін күрт төмендеді. Бағалардың бір ай ішінде жылдам өсуін күтетіндердің үлесі 30,2%-дан 20,1%-ға дейін төмендеді, бұл 2023 жылғы маусымнан бергі ең төмен көрсеткіш болып табылады. Алдағы 12 ай деңгейінде бағалар 27,3%-дан 21,4%-ға дейін қатты өседі деп күтілуде, бұл 2023 жылғы мамырдан бергі ең төмен көрсеткіш болып табылады. Бұл ретте Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің соңғы зерттеу нәтижелерінде бір ай деңгейінде инфляциялық күтулердің өскені және олардың бір жыл шегінде сақталғаны көрсетіледі. Осы зерттеу деректеріне сәйкес, бағалардың бір жыл ішінде қатты өсуін күтетіндердің үлесі 27% деңгейінде қалды, ал бір ай ішінде қатты өсуін күтетіндердің үлесі 21%-дан 30%-ға дейін өсті. Келесі айда инфляциялық күтулердің төмендеуі бір реттік құбылыс болып табылатынын немесе Ұлттық Банктің зерттеуіндегі адамдардың пікірі Freedom Finance Global компаниясының зерттеуінің нәтижелеріне сәйкес болатынын көру қызықты болады.
Инфляцияны бағалау шамамен сол деңгейде қалды. Тұрғындардың 48%-ы (қараша айында 47,7%-ды құрады) желтоқсан айында бағалардың қатты өскенін байқады. 2023 жылдың барлық кезеңінде бағалардың айтарлықтай өскенін байқағандардың үлесі жетінші ай қатарынан төмендеуде. Десе де бұл жолы төмендеу 59,2%-дан 58,7%-ға дейін елеусіз болды. Еске сала кетейік, желтоқсан айындағы жылдық инфляция наурыз айында басталған бәсеңдеуін жалғастырды, қазір ол 9,8%-ды құрайды.
Жекелеген тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің ішінде қазақстандықтарды көбіне ет пен құс еті, сүт және сүт өнімдері, нан және нан-тоқаш өнімдері бағаларының өскені қатты алаңдатады. Қазақстандықтардың 35-38%-ы желтоқсан айында барлық осы тауардың бағаларының қатты өскенін байқады. Бұл тауарлар соңғы төрт айда үздік 3-те сақталуда. Айта кетейік, ұн көшбасшы орыннан шығып, қазір жетінші орында тұр. Қыркүйек айымен салыстырғанда, бағалардың қатты өскенін байқаған тұрғындардың үлесі 10,9 пайыздық тармаққа төмендеді. Халықтың бағалардың өсуіне байланысты ең үлкен алаңдаушылығы жұмыртқаға қатысты болды. Егер қараша айында олар жайында респонденттердің тек 14,6%-ы айтса, желтоқсан айында олардың саны 26,8%-ды құрады. Айта кетейік, желтоқсан айында ресми статистикаға сәйкес, 1-санаттағы жұмыртқалардың бағасы 4,1% м/м-ге өсті, ал көрші Ресейде бұл соңғы апталардың басты экономикалық тақырыптарының біріне айналды.
Теңгенің нығаюы аясында девальвациялық күтулер төмендеді
Желтоқсан айында қазақстандықтардың девальвациялық күтулері айтарлықтай төмендеп, соңғы бірнеше айда ең төмен болып шықты. Желтоқсан айында теңге 0,8%-ға, ал қазан айының басынан жыл соңына дейін шамамен 5%-ға нығайды, бұл девальвациялық күтулердің төмендеуіне әкеп соғуы мүмкін. Қазақстандықтардың 51,8%-ы теңге долларға қарағанда бір жылдан кейін әлсірейді деп күтеді (қараша айында 55,4%-ды құрады), ал 30,8%-ы теңге долларға қарағанда бір айдан кейін (қараша айында 34,4%-ды құрады) әлсірейді деп күтеді.
Кредиттерге деген сенім индексі 2,5 тармаққа төмендеді және алдыңғы бес айдың орташа мәндеріне жуық болып қалады. Қазіргі уақытты кредит алу үшін қолайлы уақыт деп санайтын қазақстандықтардың үлесі 16,6%-дан 14,1%-ға дейін төмендеді. Бұл ретте депозитке деген сенім деңгейі 34,1%-дан 34,4%-ға дейін аздап өсті. Қазақстандықтардың дәл осыншама үлесі ағымдағы жағдайда банктік депозиттерді мақұлдайды.
Тыныштық деңгейі біршама өсті, дегенмен адамдардың әлдеқайда аз бөлігі тек оң жауап берді. Қазақстандықтардың 57,3%-ы қазіргі уақытты мазасыздық тудыратын уақытқа қарағанда тыныш уақыт деп атап өтті (қараша айында 57,3%-ды құрады). Бұл ретте, қазіргі уақытты тыныш уақыт деп нақты жауап берген адамдардың үлесі 35,8%-дан 30,9%-ға дейін төмендеді. Бір жыл ішінде жұмыссыздықтың өсуі бойынша күтулер 40,3%-дан 39,1%-ға дейін аздап төмендеді. Жұмыссыздық туралы алаңдаушылық наурыз айынан бері ең төмен деңгейге жеткенін тіркейміз. Бір жыл бұрын ұқсас көрсеткіш 39,7%-ды құрады, бұл қазақстандықтардың жұмыссыздық өседі деп күтуінің тұрақтылығын білдіреді.
Өзбекстан
Желтоқсан айында өзбекстандықтардың тұтынушылық сенімділік индексі қалпына келіп, 135,3 тармақты құрайтын рекордтық мәнге жетті. Индекстің өсуі дәлме-дәл 3 тармақты құрады, бұл көбінесе жеке материалдық жағдайдағы өзгерістерді күту мен бағалау бойынша оптимизмнің күрт өсуіне байланысты. Тұрғындардың едәуір көпшілігі өздерінің материалдық жағдайлары 2023 жылы жақсарды деп санайды, сондай-ақ 2024 жылы одан әрі жақсарады деп күтеді. 2023 жылғы экономиканың жай-күйін нақты бағалау біршама өсті.
Өзбекстандықтардың жеке жағдайы рекордтық мәндерге дейін жақсарды
Жеке материалдық жағдайдағы өзгерістер қосалқы индексі 136,7 тармаққа дейін өсті, бұл зерттеудің 6 айындағы жаңа рекорд болып табылады. Желтоқсан айындағы өсім 7 тармақты құрады. Бұл оң жауаптар үлесінің 57,3%-дан 61,6%-ға дейін ұлғаюынан көрінеді. Жас шамасы бойынша жастар неғұрлым позитивті пікірді ұстанады: жастардың 68,1%-ы 2023 жылы өздерінің материалдық жағдайларының жақсарғанын сезді. Бұл қараша айындағы көрсеткіштен 63,8%-ға айтарлықтай жоғары. Аға буынның жауаптары ең нашар көрсеткіш болды, онда тек 51,6%-ы сол сұраққа оң жауап берді. Қараша айында бұл үлес біршама – 3,2 пайыздық тармаққа өсті.
Өңірлер бойынша Әндіжан облысы көш бастады, онда тұрғындардың 71,6%-ы материалдық жағдайларының жақсарғанын байқады. Айта кетейік, бұл қараша айындағы көрсеткіштен 57,7%-ға айтарлықтай жоғары. Сондай-ақ, желтоқсан айындағы ұқсас ілгерілеуді Сырдария облысы (52,8%-дан 65,6%-ға дейін) және Қашқадария облысы (54,5%-дан 63,8%-ға дейін) көрсетті. Өңірлер арасында Қарақалпақстан Республикасы мен Ташкент қаласы аутсайдерлер болды, онда оң жауаптардың үлесі тиісінше 53,5%-ға және 53,2%-ға ғана жетті. Дегенмен, Ташкентте бұл көрсеткіштің 7 пайыздық тармаққа өскенін атап өтеміз.
Кірістер деңгейі бойынша бөлім тұтынушылық сенімділікке қатысты барлық сұрақ күтілетін байланыстылықты көрсетуді жалғастыратынын тағы да атап өтеміз: кірістер неғұрлым жоғары болса, жауаптар соғұрлым оң болады. Мәселен, желтоқсан айында ең бай адамдардың 79,7%-ы өткен жылы жеке материалдық жағдайларының жақсарғанын атап өтті, ал неғұрлым кедей адамдардың ішінде олардың саны 34,3% болды.
Жеке материалдық жағдайдағы өзгерістерді күту қосалқы индексі де 7,4 тармаққа айтарлықтай өсті. Өзбекстандықтардың 76,3%-ы 2024 жылдың соңына қарай материалдық жағдайлары жақсарады деп күтуде. Қараша айында олардың саны біршама аз болды, яғни 71,8%-ды құрады. Төрт жас шамасы тобының ішінде жақсы көрсеткіш көрсеткендер тағы да 29 жасқа дейінгі жастар, олардың 84,7%-ы болашаққа оптимизммен қарайды. 60 жастан асқан аға буын да көп жағдайда оптимистер – оң жауаптарының үлесі 68,3%-ға жетеді.
Өңірлер бойынша да оң жауаптарының үлесі 81,1%-ды құрайтын Әндіжан облысы көш бастап тұр, дегенмен ол бір ай бұрын 75%-ға жетті. Бір қызығы, Өзбекстанның барлық өңірі нәтижелердің жақсарғанын көрсетті. Желтоқсан айындағы үздік ілгерілеуді Бұхара облысы көрсетті, онда оң жауаптардың үлесі 70,2%-дан 78,1%-ға дейін өсті. Материалдық жағдайларының жақсаруын күтетін адамдардың үлесі 70,5%-ды құрайтын астанасы – Ташкент қаласы аутсайдер болып қала береді. Дегенмен, қараша айына қарағанда Ташкент бұл көрсеткіштің 7,4 пайыздық тармаққа айтарлықтай жақсарғанын көрсетті.
Экономикалық бағалаудың аздап жақсаруы
Экономикадағы өзгерістерді бағалау қосалқы индексі соңғы 12 айда 128,2-ден 129,6 тармаққа дейін өсті. Тұрғындардың 55,1%-ы Өзбекстан экономикасы 2023 жылы жақсарды деп санайды. Қараша айында олардың саны 57,1% болды, бірақ ол кезде нақты оң жауап бергендердің үлесі аз болды: желтоқсан айындағы 23%-ға қарағанда 29%-ды құрады. Бір қызығы, жастар экономика мәселесіне келгенде пессимистік пікірде қалады. Жастардың 48,6%-ы оң жауап берді, ал аға буын арасында бұл 61,8%-ды құрады. Өңірлер бойынша айқын көшбасшы жоқ, бірақ қалған өңірлерге қарағанда тек оң жауаптарының үлестері әр түрлі Науаи, Бұхара, Жизақ және Әндіжан облыстарын бөліп көрсетуге болады, олардың оң жауаптарының үлесі 58-63%-ды құрайды. Екінші жағынан, өңірлер арасында айқын аутсайдер бар: бұл – 43,3% нәтижемен Ташкент қаласы.
Инфляциялық күтулер күрт төмендеді
Желтоқсан айында өзбекстандықтардың инфляциясын бағалау іс жүзінде бұрынғы деңгейде қалды. Соңғы айда бағалардың тым қатты өскенін сезінген респонденттердің үлесі 29%-дан 29,3%-ға дейін аздап өсті. Бір жыл деңгейіне қатысты, инфляциялық бағалар да аздап өсті. Өткен жылы тұрғындардың 47,2%-ы бағалардың неғұрлым жылдам өскенін байқады, бұл қараша айындағы 47%-дан сәл жоғары. Ресми түрде айлық инфляция қараша айындағы 1,13%-дан желтоқсан айындағы 1,24%-ға дейін жеделдеді, бұл 2021-2022 жылдардағы орташа мәндерге сәйкес келеді. Нәтижесінде жылдық инфляция тұрғындардың бағалауы сияқты бұрынғы деңгейде қалып, 8,76%-дан 8,77%-ға дейін өсті. Дегенмен бұл 7 жылдан астам уақыттағы ең төменгі мән болып табылады.
Жекелеген азық-түлік өнімдерінің ішінде төртінші ай қатарынан ет, құс еті және ұн көш бастап тұр. Дегенмен, ұнға қатысты бағалардың қатты өскенін байқаған адамдар үлесінің 37,6%-дан 32,8%-ға дейін төмендеуі жалғасуда. Сондай-ақ, ет, құс еті бойынша ұқсас көрсеткіштің 53,2%-дан 47%-ға дейін аздап төмендегенін байқауға болады. Бір қызығы, бұл жолы үздік 3-ке бензин кірді, оның бағасының қатты өскенін Өзбекстан тұрғындарының 31,9%-ы байқады. БАҚ АИ-80 бензинінің бағасы жанармай құю бекеттерінің барлық түрінде шамамен 10-12%-ға өскенін атап өтті. Бұл акциздік салықтың нөлдік мөлшерлемесінің аяқталуына байланысты болды. Оның үстіне, ресми статистикаға сәйкес, желтоқсан айында бензин бағасы орташа есеппен 3,3% м/м-ға, ал пропан бағасы 5,1%-ға қымбаттады. Екінші жағынан, ресми түрде ұн мен ет бағасы желтоқсан айында 0,1–0,3% м/м-ға төмендеді.
Инфляциялық күтулердің айтарлықтай төмендегенін тіркейміз. Өзбекстандықтардың тек 14,9%-ы бір ай ішінде бағалардың қатты өсуін күтеді, бұл зерттеудің 6 айындағы жаңа рекорд болып табылады. Сондай-ақ, бір жыл деңгейінде инфляциялық күтулер рекордтық төмен деңгейге дейін төмендеді. 2024 жылы бағалардың неғұрлым жылдам өсуін күтетіндердің үлесі 26,8%-дан 24,2%-ға дейін төмендеді. Жалпы алғанда, бұл 2023 жылы инфляцияның көпжылдық ең төмен деңгейге дейін жалпы төмендеуінің салдары деп мұқият қорытынды жасауға болады.
Өзбекстандағы девальвациялық күтулер жоғары деңгейде сақталуда
2023 жылғы желтоқсанда Өзбекстан тұрғындарының девальвациялық күтулері шамамен сол деңгейде қалды. Алдағы 12 айда сумның долларға қарағанда әлсіреуін күтетіндердің үлесі қараша айындағы 65,8%-дан желтоқсан айындағы 66,5%-ға дейін аздап өсті. Бірақ бір ай деңгейінде пессимистердің үлесі 48,9%-дан 47,4%-ға дейін айтарлықтай төмендеді. Желтоқсан айында біз сумға доллардың жаңа жоғары деңгейін көрсек те, нәтижесінде бағам тек 0,06%-ға өсті. Дегенмен, 2024 жылғы алғашқы 12 күнде доллар одан да жоғары көтеріліп, сумға қатысты 0,8%-ға өсті, бұл белгілі бір дәрежеде халықтың девальвациялық күтулерінің орындалғанын көрсетеді. Еске сала кетейік, Өзбекстандағы бұл күтулер Орталық Азияда ең жоғары деңгейде қалып отыр.
Желтоқсан айында кредиттерге деген сенім екінші ай қатарынан төмендеуде. Қазіргі уақытты кредиттер үшін қолайлы уақыт деп атап өткендердің саны қараша айындағы 31,6%-дан желтоқсан айындағы 29%-ға дейін төмендеді, бұл біздің зерттеуіміздің алты айындағы жаңа ең төмен деңгей болып табылады. Депозиттік индекс бойынша өзгерістер елеусіз: индекс 57,7-ден 57,6 тармаққа дейін төмендеді. Өзбекстандықтардың 39,8%-ы (қараша айында 39,5%-ды құрады) қазіргі уақытты депозиттер үшін қолайлы уақыт деп санайды. Тыныштық индексі екінші ай қатарынан төмендеуде. Егер қараша айында тұрғындардың 78,2%-ы қазіргі уақытты тыныш уақыт деп айтса, желтоқсан айында мұндай жауаптардың үлесі 77,1%-ға дейін төмендеді. Бірақ сонымен бірге бір жыл ішінде жұмыссыздық өседі деп күтетіндердің үлесі қараша айындағы 41,1%-дан желтоқсан айындағы 38,3%-ға дейін төмендеді, бұл біздің зерттеуіміздің шеңберінде жаңа ең төмен деңгей болып отыр.
Қырғызстан
Қырғызстанда тұтынушылық сенімділік индексі желтоқсан айында 1,6 тармаққа төмендеп, 130,2 тармаққа жетті. Индекс тамыз айынан бері алғаш рет төмендеді, бірақ жалпы нәтиже оң жауаптардың теріс жауаптардан айтарлықтай басым екенін көрсетеді. Бес қосалқы индекстің төртеуі келесі 12 айдағы экономикалық күтулерден басқа төмендеуді көрсетті. Ірі сауда жасау үшін қолайлы жағдайлар қосалқы индексі 4,4 тармаққа тым қатты төмендеді. Сондай-ақ, өткен 2023 жылғы экономика бойынша да, жеке материалдық жағдай бойынша да бағалар айтарлықтай төмендеді.
Ірі сауда жасау үшін жағдайлар сәл нашарлады
Ірі сауда жасау мен шығындар үшін ағымдағы жағдайлардың қолайлылығы сұрағы бойынша қырғызстандықтардың 36,8%-ы оң жауап берді, дегенмен бір ай бұрын олар біршама көп болды: 39,1%-ды құрады. Жас шамасы бойынша үлестің төмендегенін барлық санат бойынша көруге болады. 30-44 жас аралығындағы теріс жауаптардың басым болуымен көрінетін бұл елдегі ерекшелік сақталуда. Осы жастағы адамдардың 35%-ы оң жауап берді, олардың арасында аға буын саны 38%-ды құрайды. Өңірлік жоспарда желтоқсан айында Ыстықкөл облысынан басқа барлық өңірде оң жауаптар үлесінің төмендеуі тіркеледі. Онда мұндай адамдардың үлесі өзгерген жоқ және 37% деңгейінде қалды. 41,8% нәтижемен Жалал-Абад облысы көш бастап тұр, бұл теріс жауаптардың үлесінен тек 0,8 пайыздық тармаққа жоғары. Өңірлер арасында оң жауаптарының үлесі 30,5%-ды құрайтын Шу облысы аутсайдер болып отыр, бұл қараша айындағы 35,1%-дан айтарлықтай төмен.
Экономика мен материалдық жағдайды нақты бағалау нашарлады
Қырғызстандықтардың экономикадағы және жеке материалдық жағдайлардағы өзгерістер туралы бағалары айтарлықтай төмендеді, дегенмен оң жауаптары теріс жауаптан басым болып келеді. Тұрғындардың 57,4%-ы экономика соңғы 12 айда жақсарды деп санайды. Қараша айында мұндай респонденттердің саны 60,4% болды. Тағы да 30-44 жас шамасы тобы ең төмен нәтижелер көрсетеді: осы жастағы адамдардың 54%-ы оптимистік пікірді ұстанады. Аға буынның өзінде мұндай адамдардың үлесі 63%-ға жетті. Жалпы алғанда, оң жауаптың жалпы төмендеуі 44 жасқа дейінгі жастарға байланысты болды. Өңірлер арасында Баткен облысы үлестің төмендеу үрдісіне қарсы болды, онда экономикадағы оң өзгерістерді бағалаушылардың үлесі 71%-дан 77%-ға дейін өсті, бұл желтоқсан айынының ең жақсы нәтижесі болды. Шу облысы мен Ош қаласы ең нашар көрсеткіш көрсетті, онда бұл көрсеткіш сәйкесінше 44%-ды және 45%-ды құрады. Бұл ретте, Ош қаласы бойынша 60%-дан 45%-ға дейін төмендеу әлдеқайда айқын болды.
Жеке материалдық жағдайдағы өзгерістерді бағалау сұрағында оң жауаптар үлесінің 48,8%-дан 46,8%-ға дейін төмендегенін көруге болады. Бір қызығы, төмендеу 30-44 жастан басқа барлық жас топтарында орын алды, оң жауаптардың үлесі 46,1%-дан 44,8%-ға дейін төмендеді, бірақ теріс жауаптардың үлесі де 15,2%-дан 12,1%-ға дейін төмендеді. Бұл ретте, 44,8% бұл - барлық санат арасындағы ең төмен нәтиже болып табылады. Бұл жерде, егер теріс жауаптарды ескерсек, теріс жауаптарының үлесі 17,2%-ға жететін 45-59 жас шамасы тобы ең нашар көрсеткіш көрсетті. Жастар жақсы нәтиже көрсетті, олардың жартысынан көбі 2023 жылы өздерінің материалдық жағдайы жақсарды деп санайды. Өңірлік жоспарда нәтижелердің жақсарғанын Нарын (+9 пайыздық тармақ), Баткен (+8 пайыздық тармақ) және Жалал-Абад (+1 пайыздық тармақ) облыстарында байқауға болады. Ош облысы жақсы нәтиже көрсетті, онда оң жауаптардың үлесі 54%-ды құрайды. 34% нәтижемен Шу облысы қайтадан ең нашар көрсеткіш көрсетті. Талас облысы көрсеткіштерінің қараша айындағы оң жауаптардың 48%-нан желтоқсан айындағы 36%-на дейін күрт төмендегенін атап өтеміз.
Инфляциялық күтулер төмен деңгейде сақталуда, ал инфляция айтарлықтай бәсеңдеуде
Қырғызстандықтардың инфляциялық бағалары мен күтулері көп бағытты қозғалысты көрсетті. Дегенмен, инфляциялық күтулер өңірдегі ең төмен болып табылады. Бір ай ішінде бағалардың тым қатты өскенін күтетіндердің үлесі 9,2%-дан 8,2%-ға дейін төмендеді, ал бір жыл деңгейінде пессимистердің үлесі 11,8%-дан 12,6%-ға дейін аздап өсті.
Өткен айдағы бағалардың өсуі шілде-қазан айларының көрсеткіштерінен төмен болса да, сәл өсті. Желтоқсан айында бағалардың тым қатты өскенін байқағандардың үлесі 31,8%-дан 33,4%-ға дейін өсті. Дегенмен, бағалар өзгерген жоқ деп есептейтіндердің үлесі зерттеудің алты айында 7,6%-ды құрайтын жаңа рекордқа қол жеткізді. Өткен жылдағы бағалардың өсуімен салыстырғанда бағалардың бұрынғыдан да қатты өскенін сезінетін адамдар санының кері төмендеуі байқалады. Мұндай респонденттердің үлесі 61,6%-дан 58,9%-ға дейін төмендеді, бұл қазан айындағы мәннің қайталануы, сондай-ақ 6 айдағы ең төмен көрсеткіш болып табылады.
Желтоқсан айында елдегі ресми инфляция үшінші ай қатарынан төмендеуін жалғастырды. Бұл ретте бәсеңдеу жылдық мәнде 8,1%-дан 6,9%-ға дейін тағы да күрт болды. Инфляцияның мұндай төмен мәні соңғы рет 2020 жылғы қыркүйекте тіркелді.
Қырғызстанда тұрғындар ұн бағасына қатты алаңдайды, ол бағалардың тым қатты өсуі байқалатын тауарлар мен қызметтер арасында әлі де бірінші орында тұр. Респонденттердің 62,2%-ы ұнды көрсетеді, бірақ қараша айында олардың саны 61,7%-ды құрады. Қырғызстан – желтоқсан айында ұн бағасына алаңдаушылығы сақталған Орталық Азия өңіріндегі жалғыз ел. Сондай-ақ, көтерілген бағалардың көшбасшы қатарында өсімдік майы (50,6%-ды құрады), тұз бен қант (36,9%-ды құрады), ет, құс еті (36,9%-ды құрады), көкөністер мен жемістер (36,2%-ды құрады) бар. Адамдар қымбаттағанын бірден байқаған үздік 5 азық-түліктің тізімі төртінші ай қатарынан өзгермеген күйде тұр. Оның үстіне олардың барлығында адамдар бағалардың қатты өскенін қараша айында көбірек байқады.
Қырғызстанда девальвациялық күтулердің аздап өсуі
Желтоқсан айында қырғыз сомы екінші ай қатарынан 0,1%-ға аздап нығая түсті. Алайда тұрғындардың девальвациялық күтулері аздап өсті. Егер қараша айында тұрғындардың 30,3%-ы сом бір жылдан кейін әлсірейді деп күткен болса, онда желтоқсан айында олардың саны 31,7%-ды құрады. Бір ай деңгейінде доллардың өсуі сұрағында пессимистердің үлесі 18,2%-дан 18,4%-ға дейін сәл ғана өсті.
Халықтың кредиттерге деген сенімі тұрақты болып қала береді. Бір айда қазіргі уақытты кредит алу үшін қолайлы жағдай деп санайтындардың үлесі өзгерген жоқ және зерттеудің алты айындағы орташа мәні 22,5% болған кезде 22%-ды құрайды. Қырғызстандықтардың депозитке деген сенімі аздап төмендеді: оң жауаптардың үлесі қараша айындағы 32,8%-дан желтоқсан айындағы 31,3%-ға дейін төмендеді. Тыныштық индексі бесінші ай қатарынан өсуді жалғастыруда, тұрғындардың 64,3%-ы қазіргі уақытты тыныш уақыт деп санайды, ал алаңдаушылық үлесі тек 25,2%-ды құрады. Өткен айда бұл көрсеткіштер сәйкесінше 63,8% және 26,9% болды. Тұрғындардың жұмыссыздықтың өсуі бойынша күтулері үшінші ай қатарынан төмендеп, жаңа рекордқа қол жеткізді, тұрғындардың тек 29,8%-ы жұмыссыздық өседі деп күтеді, дегенмен қараша айында олардың саны 31,3% және қыркүйекте 36,1% болды.
Тәжікстан
Желтоқсан айында Тәжікстандағы тұтынушылық сенімділік индексі 151,1-ден 148,6 тармаққа дейін төмендеді, бұл осы зерттеу жүргізілген жарты жылда алғаш рет болды. Дегенмен, Тәжікстандағы тұтынушылық сенімділік Орталық Азияның қарастырылып отырған төрт елінің ішіндегі ең жоғары орынды сақтайды. Негізгі төмендеу ірі сауда жасау үшін қолайлы жағдайлар қосалқы индексі бойынша болды. Сондай-ақ, жеке материалдық жағдайдағы өзгерістер бойынша күтулер айтарлықтай төмендеді, бұл екінші ай қатарынан орын алып отыр.
Ірі сауда жасау үшін жағдайлар теріс көрсеткішке оралды
Желтоқсан айында ірі сауда жасау жағдайларының қолайлылық қосалқы индексі 8,1 тармаққа күрт төмендеп, теріс көрсеткішке оралды. Яғни, бұл сұраққа теріс жауаптардың үлесі оң жауаптардың үлесінен асып түседі. Қосалқы индекстің өзі 93,2 тармаққа жетті, бұл қазан мен қараша айларына қарағанда біршама төмен, бірақ шілде-қыркүйек айларындағы көрсеткіштерден едәуір жоғары. Тәжікстан тұрғындарының 45,6%-ы қазіргі уақытты қалай болғанда да ірі сауда жасау мен шығындар үшін қолайлы уақыт екенін айтады, дегенмен өткен айда бұл 49,7% болған. Теріс жауаптардың үлесі 45,9%-дан 50,4%-ға дейін өсті.
Жас айырмашылықтары әдеттегідей жалғасуда. Мәселен, 45-59 жастағы адамдар санаты тағы да нашар нәтиже көрсетеді. Осы жас санатындағы адамдардың тек 39,7%-ы оң жауап берді. 18-29 жас аралығындағы жас буында оң пікір басым болып келеді, қараша айындағы 51,2%-ға қарағанда 52,3%-ы ірі сауда жасау үшін жағдайлардың қолайлылығы туралы мәлімдеді. Өңірлік жоспарда желтоқсан айында 47,6%-ды құрайтын оң жауаптар үлесімен Соғды облысы көш бастады. Олар республикалық бағыныстағы аудандарда ең нашар жауап берді, бірақ бұл өңір қатты артта қалып тұрған жоқ: оң жауаптардың 41,7%-ы.
Жеке материалдық жағдай бойынша күтулер қайтадан нашарлады
Теріс үрдістердің ішінен екінші ай қатарынан жеке материалдық жағдайдағы өзгерістер бойынша күтулердің нашарлағанын атап өтуге болады. Бұл мәселе бойынша қосалқы индекс қараша айында 0,9 тармаққа аздап төмендегеннен кейін 4,9 тармаққа төмендеді. Оң жауаптардың үлесі 74,2%-дан 68,2%-ға дейін қысқарды. Жас шамасы бойынша жас буын көшбасшылығын тағы да көруге болады: 76,8%-ы бір жыл ішінде материалдық жағдайлары жақсарады деп күтеді. Бір ай бұрын бұл санатта 82% болған. Бұл сұраққа ең нашар жауап бергендер – 60 жастан асқан адамдар болды, олардың 58,7%-ы оң жауап нұсқаларын таңдады. Қараша айында олардың саны 70% болғанын ескеріңіз, бұл жас шамасы тобының негізгі төмендеу драйвері болғанын көрсетеді.
Өңірлердің ішінде Соғды облысы тағы да ерекшеленді, онда тұрғындардың 59%-ы материалдық жағдай айтарлықтай жақсарады деп күтеді. Екінші жағынан, Таулы-Бадахшан автономиялы облысы 87% көлемінде оң жауаптардың үлесін көрсетті. Алайда, онда адамдардың тек 35,7%-ы айтарлықтай жақсарады деп күтуде. Бұл жолы Душанбе қаласы аутсайдер болды, онда адамдардың жартысынан көбі бұл сұраққа оң жауап берді.
Қалған қосалқы индекстер желтоқсан айында айтарлықтай өзгерістер көрсеткен жоқ.
Бағалардың өсуіне деген алаңдаушылық азаюда
Желтоқсан айында тәжікстандықтардың инфляциялық бағалары мен күтулері аздап төмендеді. Оның үстіне, төмендеу үшінші ай қатарынан орын алады. Тұрғындардың көбіне инфляциялық сезімдері төмендеді. Олардың 25,1%-ы соңғы айда бағалардың қатты өскенін байқады, ал қараша айында бұл 27,1%-ды құрады. Сондай-ақ, өткен 12 айда бағалардың жылдам өскенін сезінгендердің үлесі 36,9%-дан 34,5%-ға дейін төмендеді.
Инфляциялық күтулер бойынша өзгерістер аз болды. Бірақ бастапқыда күтілетін төмен көрсеткіштерді ескерсек, бұл табиғи жағдай. Тұрғындардың тек 12%-ы алдағы айда бағалар тым қатты өседі деп күтеді. Қараша айында олардың саны аз – 11,3%-ды құрады. Жалпы алғанда, бағалардың қандай да бір өсуін күтетіндердің үлесі 46,2%-дан 41,2%-ға дейін төмендеді. Алдағы 12 айдағы күтулерге келетін болсақ, төмендеу жалғасуда. Желтоқсан айында бір жыл деңгейінде бағалардың өсуін күтетіндер 13,6%-дан 12,1%-ға дейін төмендеді, бұл зерттеудің алты айындағы ең төмен көрсеткіш.
Желтоқсан айындағы инфляция туралы деректер әлі жарияланған жоқ, бірақ біз жылдық инфляция қазан айындағы 4,4%-дан қараша айындағы 3,7%-ға дейін бәсеңдегенін білеміз. Еске сала кетейік, тамыз және қыркүйек айларында инфляция сәйкесінше 4,2 және 5,1%-ға дейін күрт өсті. Біздің сауалнамаға сәйкес, осы айларда инфляциялық сезімдер мен күтулердің өсуі мен ең жоғары деңгейі болды, бұл жауаптардың ресми статистикамен айтарлықтай байланыстылғын көрсетеді.
Тәжікстан тұрғындарының жекелеген тауарларының ішінде ең көп алаңдататыны - ұн бағасы. Тұрғындардың 49,4%-ы ұн бағасының қатты өскенін байқады, дегенмен бұл үлес төмендей береді. Қыркүйек айында олардың саны 73% болды. Сондай-ақ, өсімдік майы, көкөністер мен жемістер көшбасшылық орындарды сақтауда. Егер өсімдік майына қатысты бағалардың қатты өскенін байқағандардың үлесі 37%-дан 31,6%-ға дейін төмендесе, онда көкөністер мен жемістерде, керісінше, 20,7%-дан 24,7%-ға дейін өскенін байқауға болады, бұл маусымдық фактордың салдары болуы мүмкін. Бұл көрсеткіштердің төмендеуі ресми статистикамен жақсы байланысты. Қараша айында ұн бағасы 0,5% м/м-ға, өсімдік майы 4% м/м-ға, ал жемістер 2,8% м/м-ға өсті.
Сомонидің әлсіреуі туралы күтулердің аздап төмендеуі
Желтоқсан айында Тәжікстандағы девальвациялық күтулер төмендеуді жалғастырды және зерттеудің барлық жарты жылында ең аз болып шықты. Желтоқсан айында сомониге қатысты доллар бағамы іс жүзінде өзгерген жоқ және оныншы ай қатарынан тұрақты болып қала береді. Бір ай ішінде ұлттық валюта әлсірейді деп күткендердің үлесі 16,9%-дан 17,2%-ға дейін аздап өсті. Бір жыл деңгейінде ел халқының 22,7%-ы валютаны әлсірейді деп күтуде (қараша айында 25,3%-ды құрады).
Желтоқсан айында кредитке және депозитке деген сенім индекстері төмендеді. Ел тұрғындарының 24,6%-ы қазіргі уақытты кредит алуға қолайлы уақыт деп санайды, дегенмен қараша айында олардың саны 27,6% болды. Депозиттер бойынша ұқсас сұрақ біршама жоғары көрсеткіш көрсетті. Бірақ оң жауаптардың үлесі 53,7%-дан 52%-ға дейін төмендеді. Тыныштық индексі өсті: тұрғындардың 87%-ы қазіргі уақытты тыныш уақыт деп санайды, ал қараша айында олардың саны 84% болды. Жұмыссыздық бойынша күту үшінші ай қатарынан төмендеуде. Респонденттердің 28%-ы жұмыссыздық қараша айындағы 30,9%-ға қарағанда өседі деп күтеді.
Қорытынды
Желтоқсан айында біз Орталық Азияның Өзбекстаннан басқа барлық елінде тұтынушылық сенімділіктің жалпы төмендегенін атап өтеміз. Дегенмен, 2023 жыл оң аяқталды, себебі барлық мемлекетте тұтынушылық сенімділік 100 тармақты құрайтын бейтарап шекарадан жоғары. Бұл жерде Қазақстан тағы да көзге түсіп отыр, онда нәтиже осы шекарадан әрең асты. Бірақ 2022 жылғы желтоқсанмен немесе 2023 жылғы шелдемен салыстырғанда нәтиже сенімді болды. Оның үстіне, егер көрсеткіштерді бүкіл өңірді зерттеудің бірінші айымен (шілде) салыстыратын болсақ, онда барлық елде тұтынушылық сенімділіктің айтарлықтай өскенін байқаймыз. Өзбекстаннан артта қалуының төмендеуіне және айтарлықтай қысқаруына қарамастан Тәжікстан көшбасшы болып қала береді. Қырғызстанда тұтынушылық сенімділіктің төмендеуі аздап болды.
Тұтынушылық сенімділігі артқан жалғыз ел болған Өзбекстанда тұрғындардың экономикадағы және жеке материалдық жағдайдағы өзгерістер бойынша бағалары айтарлықтай және рекордтық деңгейге дейін жақсарды. Оның үстіне, негізінен барлық өңір өсімді көрсетті, бұл, мысалы, Қазақстанда болған жоқ. Онда желтоқсан айында қараша айындағы көшбасшы Қызылорда және Жетісу облыстары нашар нәтижелер көрсетті. Бұл қараша айында дәл осы өңірде статистикалық қателік шегінде нәтижелердің бір реттік өсуін көргенімізді білдіруі мүмкін. Қазақстанда ірі сауда жасау мен шығындар үшін ағымдағы жағдайлардың қолайлылығын бағалау ең қатты төмендеді. Айта кетейік, бұл параметр желтоқсан айында бүкіл өңірде төмендеді және барлық төрт елде 100 тармақтан төмен теріс көрсеткіште орналасқан жалғыз параметр болып табылады. Яғни, теріс жауаптардың үлесі оң жауаптардан басым. Қырғызстанда бұл қосалқы индекс Тәжікстандағы сияқты ең үлкен төмендеуді көрсетті. Оның үстіне, осы екі елде жеке материалдық жағдайдағы өзгерістерді бағалау да төмендеді.
Орталық Азияда инфляциялық күтулер көп жағдайда төмендеді. Мәселен, ең қатты төмендеуді Қазақстан мен Өзбекстанда байқауға болады, онда олар өңірде ең үлкен болды. Тәжікстан мен Қырғызстанда қалыптасқан төмен күтулер шамамен бірдей деңгейде қалды. Бір қызығы, бұл елдердегі инфляциялық күтулердің ең жоғары деңгейі қыркүйек айында болды, ол кезде Қырғызстанда жылдық инфляция іс жүзінде төмендемеген, ал Тәжікстанда, керісінше, өскен болатын. Оның үстіне, ол кездері ұн бағасы айтарлықтай өсті, бұл тұрғындарды қатты алаңдатты. Дегенмен, Қырғызстаннан басқа барлық елде ұнға байланысты алаңдаушылық азайып келеді, онда тұрғындардың көпшілігі сауалнамаларда ұн туралы айтады. Екінші жағынан, жекелеген елдерде желтоқсан айында жекелеген тауарларға қатысты алаңдаушылығының күрт өскені байқалды. Мәселен, Қазақстанда тұрғындардың көбі жұмыртқа бағасының, ал Өзбекстанда бензин мен жанар-жағармай материалдарының бағасының қатты өскенін байқады. Бұл ретте, ресми статистика желтоқсан айында осы тауарлар бағасының өскенін мойындайды. Нақты инфляция Қазақстан мен Қырғызстанда бірнеше айлықтық ең төмен деңгейге дейін төмендеді, ал Өзбекстанда ол әлі қараша айындағы деңгейінде қалды.
Жалпы өңірдегі девальвациялық күтулер шамамен сол деңгейде қалды. Алайда, Қазақстан оң көрсеткішпен ерекшеленуде, онда желтоқсан айында соңғы тоқсан ішінде теңгенің нығаюы аясында теңгенің әлсіреуі бойынша күтулер бірнеше айлықтық ең төмен деңгейге дейін төмендеді. Қырғызстан мен Тәжікстанда бағамның тұрақтылығына байланысты девальвациялық күтулер төмен деңгейде жалғасуда. Ұлттық валютаның әлсіреуі бойынша күту өңірдегі ең жоғары болып табылатын Өзбекстанда тұрғындардың көпшілігі айырбас бағамының жаңа рекордтық мәндері аясында доллардың өсуіне алаңдаушылық білдіруде.
Орталық Азияның төрт елі тұрғындарының тұтынушылық сенімділігін зерттеудің алтыншы толқыны өңір халқының 2023 жылдың қорытындысы мен алдағы 2024 жылға оң көзқараспен қарайтынын көрсетті. Желтоқсан айында тұтынушылық сенімділік үш елде төмендеді. Бұл жаңа құлдыраудың басталатыны не басталмайтыны келесі айларда белгілі болады. Сондай-ақ, инфляциялық күтулердің жалпы төмендегенін атап өтеміз, бұл зерттеу негізінде алдыңғы материалда өзектендірілген қорытындылар мен сұрақтарға оң жауап болды. Қараша айында күтулердің өсуі бір реттік болып шықты. Сонымен қатар, халықтың инфляцияны бағалауы және өңірдегі ресми инфляция төмендеуде. Зерттеу көрсеткендей, жекелеген тауарлар инфляциялық сезімдер мен күтулердің өсуіне әкелуі мүмкін, сол үшін де реттеушілер нарықтағы ең маңызды тауарлар мен олардың ұсыныстарын мұқият қадағалап отыруы қажет.