Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында 2023 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуын бағалаудың негізгі қорытындыларын баяндады.
Экономикалық әсер бюджеттік даму бағдарламаларының 80%-да көзделген. Ал олардың жартысына жуығында жоспарланған көрсеткіштердің сандық өлшемдері нақтыланбаған.
Осыған орай Халықтың өмір сүру сапасының бірыңғай ұлттық стандартын (индексін) енгізу ұсынылады. Бұл қазақстандықтардың әл-ауқатына мемлекеттік бюджет шығыстарының тигізетін әсерін бағалау үшін қажет.
Жергілікті атқарушы органдарға өңірдегі міндеттерін шешу үшін дербестік берілді. Дегенмен жекелеген жағдайларда мемлекеттік қаржының игерілуі төмен нәтиже көрсетіп отыр. Жыл қорытындысы бойынша елімізде республикалық бюджет есебінен қаржыландырылған 91 бюджеттік инвестициялық жоба немесе жоспардың 20%-ы аяқталмаған.
«Негізінен бұл – сумен жабдықтау, су бұру және әлеуметтік инфрақұрылым жобалары. Бұл жобалардың барлығы халық игілігіне жұмсалуы тиіс еді», — деді Әлихан Смайылов.
Экономиканың нақты секторында негізгі жүйе құраушы инфрақұрылымдық бастамалар квазимемлекеттік сектор субъектілері арқылы іске асырылуда. Олар тек 2023 жылдың өзінде бюджеттен 1,2 трлн теңгеге жуық қаржы алған. Бұл ретте олардың пайдаланбаған қаражаты жыл қорытындысы бойынша өткен кезеңмен салыстырғанда 2,5 еседен астам өсті. Оған қоса Жоғары аудиторлық палата тағы 383 млрд теңгені анықтады. Бұл – квазимемлекеттік сектор субъектілеріне бөлініп, шоттарға орналастырылып, пайдаланылмаған қаражат.
«Қаражатты бақылау шоттарында жылдар бойы жинақтау тәжірибесін тоқтату қажет. Ақша экономикаға және қазақстандықтардың игілігі үшін пайдаланылуы керек», — деп атап өтті Әлихан Смайылов.
Сонымен қатар Палата төрағасы мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын іске асыру кезіндегі бірқатар проблемалық мәселені атап өтті:
- олар бюджетке түсетін жүктемені азайту міндетін орындай алмайды;
- қабылданған мемлекеттік міндеттемелер объектілерді құру кезеңінде, яғни ағымдағы сәтте бюджет шығыстарын оңтайландыруға мүмкіндік берді, алайда болашақта олардың өтемақысы айтарлықтай өседі;
- жобаларды іске асыру жеке меншік иелеріне мемлекеттік сатып алу бойынша конкурстық рәсімдерден өтпей-ақ, 2-3 жылдан астам уақыт бойы тұрақты қаржыландыруды алуға мүмкіндік береді.
«Барлық көрсетілген мәселе бойынша Жоғары аудиторлық палата тиісті ұсынымдар әзірледі», — деп қорытындылады Әлихан Смайылов.