ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Руслан Баймышев РФ Омбы облысының губернаторы, Үкімет төрағасы Александр Бурковпен келіссөздер жүргізді.

Тараптар көлік саласындағы ынтымақтастық - Ертіс өзенін пайдаланудың келешегі мен негізгі көлік дәлізінің сапасын арттыру мүмкіндіктері, "Айсары-Ащыкөл", "Қызыл Ту-Граничная-Русская поляна" теміржол учаскелерінің құрылысы, сондай-ақ машина жасау саласындағы өзара іс-қимылды тереңдету мәселелерін талқылады.

ҚР ИИДМ Ресей тарапымен бірлесіп, Нұр-Сұлтан – Омбы бағытында әрбір тарапқа аптасына 1 рейс әуе қатынасын қайтадан ашу және "Павлодар – Омбы" және "Петропавл – Омбы" бағыттары бойынша әр тарапқа аптасына 1 рейс ашу мәселесін пысықтады.

Қазақстанның "Fly Arystan" және "Qazaq Air" әуе компаниялары кестелерін әуежайлармен келісуді аяқтаған соң осы бағыттарда ұша бастайды.

Вице-министр Руслан Баймышев аталған әуе бағыты бойынша сұраныс жоғары екенін атап өтіп, РФ жедел штабы отырысында осы бағыттардағы рейстерін саны аптасына 1-ден 3 рейске дейін арттыру мәселесін қолдауды сұрады.

Кездесуді қорытындылай келе, кездесуге қатысушылар Қазақстан мен Омбы облысы арасындағы шекарамаңы ынтымақтастығының даму қарқыны жақсы екенін атап көрсетті.