Қазір инфляция 17,7%-ды құрайды. Соның ішінде азық-түлік 22,2% қымбаттаса, азық-түлік емес тауарларының инфляциясы 17% болды. Ал ақылы қызметтер 12,3% қымбаттап отыр. Маусымдық «таза» инфляцияның тіпті жоғары. Қыркүйекте ол тіпті 26,8%-ды құрады.
Қымбатшылықты күшейтіп отырған себептердің бірі мемлекеттік бағдарламалар. Үкіметтің экономиканы қолдауға бағытталған түрлі жобалары нарыққа мол ақша тастап, бұл өз кезегінде валютаның құнсыздануына, тиісінше қымбатшылыққа алып келді. Осы орайда, Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов бас банктің біртіндеп экономиканы қаржыландыруды азайтатынын айтты.
Сонымен қатар, алда қымбатшылық тағы да өрши түседі деген қауіптен халық барынша тауар сатып алып қалуға тырысып жатыр. Бұл да тауарлардың қымбаттауына төте жол, өйткені сұраныс көбейіп отыр. Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматовтың айтуынша, жыл басынан бергі 9 айда өткен жылдың осы уақытымен салыстырғанда бөлшек сауда көлемі 15,7% көбейген.
Арзан несие vs қымбат тауар
Сауданың көбеюі қолда бар қаражат есебінен емес, халықтың несие алуынан көбейіп отырғаны байқалады. Мәселен, жыл басынан бері жеке тұлғаларға берілген тұтынушылық несие көлемі 21,4% көбейген.
Яғни, сауданың көбеюі экономиканың негізгі қозғаушы күші дегенімізден, ол сауда халықтың алдағы қымбатшылықтан қауіптеніп барынша тауар сатып алып қалуға тырысуынан ұлғайған. Ал қаражат жетпеген кезде банктен қарыз алып тұтынуды көбейткен. Қысқаша айтқанда, экономика ертеңгі күннен қарыз алып бүгінгі көрсеткішін жақсартып отыр деген сөз. Осы орайда, Ұлттық банктің базалық мөлшерлемені түсіруі халықтың жылдан жылға несиеге батуының алдын алуға бағытталған бірден бір қадам.
Кей сарапшылар базалық мөлшерлемені көтеру экономиканы бәсеңдетіп, бизнестің арзан ақшаға қол жеткізуіне кедергі болады деген пікір айтады. Осы орайда, бір ескерерлігі, базалық мөлшерлемені төмендеткенде бизнес арзан қарыз алуға мүмкіндік алғанымен, сәйкесінше қымбатшылық одан сайын күшейіп, халықтың алған несиесі арзан болғанымен, сатып алатын тауары соғұрлым қымбатқа түседі.
Депозиттегі теңгені сақтау керек
Дамушы елдер ғана емес, дамыған елдердің де биылғы инфляциясы рекордтық деңгейге жетіп жатыр. Нәтижесінде олардың орталық банктері ақша-несие саясатын қатаңдатуға кірісті. Бұл өз кезегінде Қазақстанға да жағымсыз әсер етпек. Атап айтқанда, өзге валюталардың теңгеге шаққандағы бағамын көтермек. Сол үшін халық депозиттегі ақшаны шетел валютасына айырбастап жіберіп, жаппай теңгені сатпауы үшін де Ұлттық банк теңгедегі депозиттің пайызын көбейту үшін базалық мөлшерлемені көтеріп отыр.
Жалпы, Ұлттық банктің ең басты міндеті макроэкономикалық тұрақтылықты сақтау, яғни теңгенің құнсызданбауы мен қымбатшылыққа жол бермеу десек, базалық мөлшерлемені көтерудегі мақсат – халық көп тұтынатын тауарлардың ары қарай қымбаттауына жол бермеу және халықтың теңгемен жинаған ақшасының құнсызданып кетуінің алдын алу.
Ұлттық банк төрағасының айтуынша, алдағы уақытта инфляцияны одан ары төмендету үшін бас банк базалық мөлшерлемені тағы да өзгертуі мүмкін. Яғни, базалық мөлшерлеме әлі де көтерілуі мүмкін екенін жоққа шығара алмаймыз.