2023 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша Қазақстан Республикасының банк секторында 21 екінші деңгейдегі банк жұмыс істейді, оның 12-сі шетелдің қатысуы бар банк, оның ішінде 8 еншілес банк.
2023 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша банк секторының активтері ағымдағы жылғы ақпанда 0,1%-ға немесе 39 млрд теңгеге ұлғайып, 44,1 трлн теңгені құрады (жыл басынан бері 1,1%-ға немесе 0,5 трлн теңгеге төмендеді). 2023 жылғы ақпанда активтер несие портфелінің 0,6%-ға немесе 139 млрд теңгеге ұлғаюы нәтижесінде өсті.
Өтімділігі жоғары активтер 13,8 трлн теңгені немесе активтердің 31,2%-ын құрады, бұл банктерге клиенттер алдындағы өз міндеттемелеріне толық көлемде қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.
2023 жылғы ақпанда экономикаға берілген кредиттер жеке тұлғаларға берілген кредиттердің ұлғаюы есебінен 0,5%-ға 22,9 трлн теңгеге дейін (жыл басынан бері 0,4%-ға өсу) өсті.
Ұлттық валютадағы кредиттер 1,0%-ға, 21,2 трлн теңгеге дейін ұлғайды, шетел валютасындағы кредиттер 4,9%-ға 1,7 трлн теңгеге дейін азайды.
Заңды тұлғаларға берілген кредиттер 2023 жылғы ақпанда корпоративтік валюталық кредиттерді 89,4 млрд теңгеге төмендету есебінен негізінен теңге бағамының нығаюы аясында теріс қайта бағалауға байланысты 0,3%-ға азайып, 8,5 трлн теңгені құрады. Бұл ретте заңды тұлғаларға екінші деңгейдегі банктердің теңгелік кредиттері 2023 жылғы ақпанда 66,2 млрд теңгеге өсті.
Дара кәсіпкерлерді қоса алғанда, бизнес субъектілеріне берілген жиынтық кредиттер 2023 жылғы ақпанда 0,1%-ға 9,5 трлн теңгеге дейін өсті (2023 жылдың басынан бері 1,2%-ға төмендеді).
ШОБ субъектілеріне қарыздар 0,5%-ға 5,9 трлн теңгеге дейін өсті (2023 жылдың басынан бері 1,5%-ға төмендеді), ірі бизнеске қарыздар 0,5%-ға 3,6 трлн теңгеге дейін төмендеді (2023 жылдың басынан бері 0,8%-ға төмендеді).
2023 жылғы ақпанда бизнес субъектілеріне 930 млрд теңге сомасына жаңа қарыздар берілді, бұл 2023 жылғы қаңтармен (890 млрд теңге) салыстырғанда 4,4%-ға артық.
Жеке тұлғаларға берілген кредиттер 14,4 трлн теңгені құрап, 2023 жылғы ақпанда 1,0%-ға өсті (2023 жылдың басынан бері 1,7%-ға өсті). Жеке тұлғаларға берілген кредиттердің өсуі ипотекалық кредиттеудің 1,1%-ға 4,8 трлн теңгеге дейін ұлғаюына, сондай-ақ тұтынушылық қарыздардың 0,6%-ға 7,8 трлн теңгеге дейін өсуіне байланысты.
2023 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша банк секторы бойынша мерзімі өткен берешегі 90 күннен асатын қарыздар (NPL90+) деңгейі жалпы несие портфелінің 3,4%-ын немесе 827 млрд теңгені құрады (2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша – 3,4% немесе 815 млрд теңге).
ШОБ есептегендегі заңды тұлғалар портфелінде NPL90+ деңгейі 3,0%-ды немесе 323 млрд теңгені, жеке тұлғалар портфелінде 3,8%-ды немесе 504 млрд теңгені құрады. Жұмыс істемейтін қарыздарды провизиялармен өтеу жоғары деңгейде сақталып, 76,5%-ды құрайды.
Ағымдағы жылғы ақпанда банктердің меншікті капиталы 3,9%-ға 5,6 трлн теңгеге дейін өсті. 2023 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша негізгі капиталдың жеткіліктілік коэффициенті (к1) 19,5%-ды, меншікті капиталдың жеткіліктілік коэффициенті (к2) – 22,5%-ды құрады, бұл заңнамада белгіленген нормативтерден едәуір асып түседі және банк секторындағы әлеуетті тәуекелдерді өтеуді қамтамасыз етеді.
2023 жылғы ақпанда банк секторының міндеттемелері заңды тұлғалар салымдарының (міндеттемелер құрылымындағы үлесі 35,6%) 4,7%-ға 13,7 трлн теңгеге дейін төмендеуі нәтижесінде 0,5%-ға 38,4 трлн теңгеге дейін төмендеді. Ағымдағы жылдың басынан бері банктердің міндеттемелері 2,3%-ға төмендеді.
Резиденттердің депозиттік ұйымдардағы депозиттері 2023 жылғы ақпанда ішінара теңге бағамының нығаюы аясында валюталық депозиттерді теріс қайта бағалау нәтижесінде 2,6%-ға 29,8 трлн теңгеге дейін төмендеді. Сонымен қатар, салымдардың төмендеуі есепті жылдың ақпан айының екінші жартысында түсетін корпоративтік сектордың маусымдық салық төлемдеріне байланысты. Заңды тұлғалардың депозиттері 5,2%-ға 14,3 трлн теңгеге дейін, жеке тұлғалардың депозиттері 0,1%-ға 15,4 трлн теңгеге дейін азайды.
Ұлттық валютадағы депозиттер 2023 жылғы ақпанда 1,4%-ға 20,8 трлн теңгеге дейін, шетел валютасындағы депозиттер 5,3%-ға 9,0 трлн теңгеге дейін, оның ішінде теңгенің АҚШ долларына қатысты 3,2%-ға нығаюы аясында төмендеді. Нәтижесінде 2023 жылғы 1 наурызда долларлану деңгейі 2023 жылдың басындағы 31,6%-бен салыстырғанда 30,2%-ды құрады.
Банктік емес заңды тұлғалардың ұлттық валютадағы мерзімді депозиттері бойынша сыйақының орташа алынған мөлшерлемесі 2023 жылғы ақпанда 14,5%-ды (2023 жылғы қаңтарда – 14,5%), жеке тұлғалардың депозиттері бойынша 13,5%-ды (2023 жылғы қаңтарда – 13,7%) құрады.