Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу бірқатар герман компанияларының өкілдерімен кездесулер өткізіп, Қазақстанда бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін талқылады. 

Автомобиль, авиация, энергетика және өндіруші өнеркәсіп саласындағы бөлшектерді өңдеуге арналған станоктар мен өндірістік жүйелер шығаратын «EMAG Gmbh» неміс компаниясы Қазақстанда өндірісті локализациялауға мүдделі. 

«WIS Kunststoffe GmbH» компаниясының өкілдерімен кездесу барысында компанияның елімізде полимерлі пластмассалар және компоненттер шығаратын зауыт салу жоспарлары талқыланды. 

«PSE Engineering GMBH» неміс компаниясының қызығушылығы Қазақстанда құрастыру өндірісін ашуға бағытталған. Процестерді модельдеу, механика және құбыр технологиялары саласындағы инжинирингтік компания үшін Орталық Азия өңірі мұнай-газ өндіру өнеркәсібі саласындағы заманауи технологиялық шешімдерге жоғары сұранысқа байланысты маңызды. Бұл компания отандық мұнай-газ компанияларының біріне инжиниринг жасау және жабдықтарды жеткізу бойынша бірнеше жобаны жүзеге асырды.