Үкімет халықаралық қаржы ұйымдарынан алынған ақпаратты, соның ішінде Қазақстанда осындай тәуекелдерді міндетті сақтандыруды енгізуді ескере отырып, табиғи апаттардан мүлікті сақтандыру моделін әзірлеу бойынша жұмыс жүргізуде, деп хабарлады Премьер-Министр Олжас Бектенов.
«Табиғи зілзалалар салдарынан келтірілген зиянды өтеу тәртібін реттеу және халықты табиғи апаттардан, оның ішінде су тасқынынан сақтандыруға және қорғауға бағытталған тиісті заң жобасын әзірлеу мәселесін қарау туралы. Халықаралық тәжірибені зерделеу және Қазақстандағы сақтандыру нарығын талдау нәтижелері бойынша жұмыс тобы Қазақстанда апатты жағдайлардан міндетті сақтандыруды енгізу туралы шешім қабылдады. Тиісті заң жобасын ҚНРДА әзірлейді», — делінген премьер-министрдің депутат сауалына берген жауабында.
Осы жұмыс шеңберінде агенттік мемлекеттік органдардың жауапты орындаушыларын анықтай отырып, апатты жағдайлардан сақтандыруды енгізу бойынша жол картасын әзірлейді және бекітеді, сондай-ақ төтенше жағдайлардан сақтандырудың үлгісін әзірлейді және бекітеді, заңнамаға түзетулер әзірлейді.
Сонымен қатар, осы жұмыс аясында төтенше жағдайлар кезіндегі шығындарды өтеу бөлігінде отандық сақтандыру компанияларының әлеуетіне сараптама жүргізіліп, олардың жарғылық капиталын ұлғайту жағдайы зерделенетін болады.
Премьер-Министр іс жүзінде апаттық тәуекелдерден сақтандыру ерікті мүліктік сақтандыру шеңберінде жүзеге асырылатынын және мұндай келісім-шарттардың 96%-ы стандартты пакет ретінде жер сілкінісі қаупін жабуды ұсынатынын айтты. Бұл ретте, тұрғын үй-жайларды табиғи апаттардан сақтандырумен қамту республика бойынша орта есеппен 3,2%, Алматы қаласында – 7,7% құрайды, бұл халықаралық критерийлермен салыстырғанда әлдеқайда төмен көрсеткіш.
Сонымен қатар, ол соңғы жылдары халықты мүліктік сақтандырумен қамтудың артқанын атап өтті. Мәселен, 2023 жылы 365 мыңнан астам мүлікті сақтандыру шарты жасалды, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 11,6% артық.
«Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, ешбір ел өз аумағында болып жатқан табиғи апаттар қаупінен келтірілген залалды халықаралық қайта сақтандыру ұйымдарының көмегінсіз дербес өтей алмайды. Қайта сақтандыру үлкен тәуекелдерді қайта бөлудің жалпы қабылданған құралы болып табылады, мысалы, апатты оқиғалардың туындау қаупі», — деді Бектенов.
Оның айтуынша, апаттық тәуекелді сақтандырудың барлық сәтті үлгілері ықтимал шығындардың орасан зор көлемін ескере отырып, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік қағидаты бойынша жүзеге асырылады. Шығындарды өтеу үшін мамандандырылған мемлекеттік қорлар құрылады. Сондықтан халықты табиғи апаттардан қорғау жүйесін құруға мемлекеттің қатысуы қажет, деп есептейді Премьер-Министр.