Қазақстандағы жалпы 9,32 млн жұмыспен қамтылған адамның 942,4 мыңы бейресми жұмыс істейді, деп хабарлайды Ұлттық статистика бюросы.

Бейресми жұмыс істейтіндердің 41%-дан астамы ауыл шаруашылығында.

ҰСБ мәліметінше, Қазақстанның ауыл, орман және балық шаруашылығында жалпы 985,9 мың адам жұмыс істейді. Оның ішінде 596,7 мыңы ресми жұмыспен қамтылған. Қалған 389,1 мың адам (саланың жалпы жұмыспен қамтылғандарының шамамен 39,4%-ы) бейресми жұмыспен қамтылғандар санатына жатады.

Салыстыру үшін, экономиканың басқа ірі секторларында бейресми жұмыспен қамтудың абсолюттік көрсеткіштері айтарлықтай төмен:

  • көтерме және бөлшек саудада, автокөлік жөндеу — 886,2 мың адамның 103,5 мыңы;
  • өнеркәсіпте — 1,15 млн адамның 45 мыңы;
  • құрылыста — 132,9 мың адамның 20,1 мыңы.

АӨК-тегі бейресми жұмыспен қамтудың жоғары үлесі саланың ерекшелігіне және есептеу әдістемесіне байланысты. Халықаралық еңбек ұйымының (ХЕҰ) ұсынымдарына сәйкес, бейресми жұмыспен қамтуға тек еңбек шарты жоқ жалдамалы жұмысшылар ғана емес, сонымен қатар:

  • ресми тіркелмеген өзін-өзі жұмыспен қамтығандар;
  • отбасылық кәсіпорындарда ақысыз жұмыс істейтіндер (мысалы, шаруа қожалығында көмектесетін отбасы мүшелері);
  • жеке қосалқы шаруашылықтарда өнім өндіріп, оны сатумен айналысатындар жатады.

Осылайша, 389 мың адамның едәуір бөлігі — жеке қосалқы және ұсақ шаруа қожалықтары айналасында тарихи түрде еңбек ететін, бірақ жеке кәсіпкер немесе заңды тұлға ретінде тіркелмеген ауыл тұрғындары.

Сондай-ақ статистика бейресми сектордағы жалдамалы жұмысшылар қатарына ауызша келісіммен жұмыс істейтін, жұмыс беруші олар үшін әлеуметтік төлемдер жасамайтын және ақылы еңбек немесе медициналық демалыс құқығы жоқ адамдарды да енгізеді.