Мәжіліс жаңа редакциядағы «Мемлекеттік сатып алу туралы» заң жобасын екінші оқылымда қабылдады. Заң мен оған ілеспе түзетулер Мемлекет басшысының жолдауы және мемлекеттік сатып алудың сапалы жаңа жүйесін құру жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатымен әзірленді.
- Жаңа заңға сәйкес, әсіресе, құрылысқа байланысты жұмыстарға қоғамдық мониторинг институты енгізіледі.
Мемлекеттік сатып алу (goszakup.gov.kz) веб-порталына жұмыстарды орындау кестелерін, шарттардың орындалуы бойынша есептерді (оның ішінде фото және бейне жазба) жалпы қолжетімді етіп жариялау ұсынылады. Мониторинг «Қоғамдық бақылау туралы» заңда көзделген тетіктерге сәйкес жүргізіледі.
- Мемлекеттік сатып алу мерзімі қысқартылады
Қазіргі уақытта конкурсқа қатысуға бір өтінім түсіп немесе бірнеше өтінімді қарау нәтижесінде бір әлеуетті өнім беруші конкурсқа жіберілген жағдайда сатып алулар өтпеді деп танылады. Осыған байланысты тапсырыс беруші қайталап байқау өткізеді.
Жаңа редакцияға сәйкес конкурсқа қатысуға бір өтінім ұсынылған және ол біліктілік талаптарына сәйкес деп танылған жағдайда, мұндай сатып алу өткізілді деп саналады. Тапсырыс берушіге сатып алу процедурасын қайталау қажет болмайтындықтан, бұл уақытты айтарлықтай үнемдеп, процесті жеңілдетеді.
Нәтижесінде мемлекеттік сатып алу рәсімінің жалпы ұзақтығы 1 айға дейін қысқарады.
- Ауыл әкімдіктеріне 4000 АЕК шегінде бір көзден сатып алуға рұқсат беріледі
Экономиканы ырықтандыру туралы Жарлықтың нормаларын орындау мақсатымен депутаттар бір көзден сатып алудың бірқатар негізін алып тастауды да ұсынды. Қағаз және (немесе) электрондық мерзімді басылымдарды, сондай-ақ мамандандырылған авиациялық жөндеу кәсіпорындарында авиациялық техниканы жөндеу бойынша қызметтерді сатып алу алынып тасталды.
Сонымен қатар депутаттардың ұсынысы бойынша ауыл әкімдіктері үшін бір көзден сатып алу шегі 4000 АЕК-ке дейін ұлғаяды.
- Әлеуетті жеткізуші, оның басшысы немесе құрылтайшылары бұрын сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқық бұзушылық жасаған болса, мемлекеттік сатып алуға қатыса алмайды.
Сондай-ақ еншілес компаниялардың сатып алуларға қатысуын шектеу шаралары, жеткізушінің шарттық міндеттемелерді тиісінше орындамағаны үшін жауапкершілік шаралары күшейтілді.
Міндеттемелерді орындау сапасын арттыру үшін заңда қосалқы мердігерлік жұмыстың ықтимал көлемі 50 пайыздан 30 пайызға дейін қысқартылады.
Тапсырыс беруші жұмыс орнында тіркелген жеткізушінің материалдық және еңбек ресурстарының болуын талап етуге құқылы (жергілікті мердігерлерді қолдау).
Жұмыскерлеріне жалақысын төлемей, мерзімін өткізіп алған жеткізушілер конкурсқа қатыса алмайды.
Сонымен қатар сатып алынатын тауарлар мен қызметтердің сапасын арттыру үшін әлеуетті жеткізушілердің рейтингін енгізу ұсынылады. Оны ақпараттық жүйелердегі деректер мен мәліметтер негізінде веб-портал жасайды.
- EPC келісімшарттары сапа кепіліне айналады
Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатымен депутаттар заңда атқарушы органмен бірлесіп, отандық жеткізушілерді қолдау және көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру шарттарын белгіледі.
Сонымен қатар EPC келісім-шарттары енгізіледі. Бұған нысанды салу және пайдалануға беру бойынша кешенді жұмыстар кіреді. Бұл жағдайда жобаның барлық кезеңінде жауапкершілік бір жеткізушіге жүктеледі. EPC келісім-шарттарын жасасуға дайындық рәсімдерінің мерзімдерін қысқарту көзделіп отыр. Бұл әкімдіктердің басым және кезек күттірмейтін жобаларды іске асыру тиімділігін арттырады.
- Офтейк келісімшарттары арқылы отандық бизнеске қолдау көрсетіледі
Бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырудың негізі ретінде отандық тауар өндірушілермен жасалған офтейк-келісімшарттарды анықтау ұсынылады. Бұл Мемлекет басшысының мұндай келісімшарттардың үлесін жыл сайын 10 пайызға немесе 2 триллион теңгеге дейін ұлғайту туралы тапсырмасын орындауға бағытталған.
Сонымен қатар, экономиканы ырықтандыру мақсатында конкурсқа екі және одан да көп жеке кәсіпкерлік субъектісі қатысқан жағдайда мемлекеттің қатысу үлесі 50 пайыз және одан да көп заңды тұлғалар мемлекеттік сатып алуға қатысуға жіберілмейді.
- Жеткізушілер жалған ақпарат ұсынған жағдайда оларды мемлекеттік сатып алудың адал емес қатысушылары деп тану туралы талапты сотқа бермегені немесе уақтылы бермегені үшін Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексте сатып алуды ұйымдастырушыға жауапкершілік қарастырылады. Мұндай құқықбұзушылыққа – 30 АЕК, қайталанған жағдайда – 60 АЕК көлемінде айыппұл салынады.
Сонымен қатар жеткізушінің шарттың орындалуын қамтамасыз етпей шарт жасасудан жалтарғаны туралы мәліметтерді уәкілетті органға ұсынбағаны немесе уақтылы ұсынбағаны үшін тапсырыс берушінің лауазымды тұлғаларын әкімшілік жауапкершілікке тарту негіздері толықтырылды. Жаза – 30 АЕК, қайталаған жағдайда – 60 АЕК көлемінде айыппұл салу.