Halyk Bank исламдық банкинг операцияларын жүргізуге лицензия алатын болды.
25 қыркүйекте өткен акционерлердің жалпы жиналысында банкке исламдық банкинг операцияларын жүзеге асыруға лицензия алу туралы шешім мақұлданды. Исламдық қаржы өнімдерін іске қосу үшін банкте исламдық қаржыландыру қағидаттары жөніндегі кеңес те құрылады.
Кеңес құрамына үш адам кірді.
Малайзиядағы Халықаралық ислам университетінің Ислам банкингі және қаржы институтының доценті, ислам қаржысы саласындағы шариғат кеңесшілері қауымдастығының негізін қалаушы-президенті Азнан Хасан. Ол Бахрейн мен Біріккен Араб Әмірліктеріндегі бірқатар банктердің кеңестерінде жұмыс істейді.
Исламдық қаржы құқығы, сондай-ақ исламдық қаржы нарықтарын дамытудың құқықтық және реттеушілік аспектілері бойынша маман Сәлім әл-Әли. Ол Ұлыбритания мен Біріккен Араб Әмірліктеріндегі жоғары оқу орындарында сабақ береді.
Исламдық банк құқығы және қаржылық реттеу саласының малайзиялық маманы Аида Отман.
Исламдық қаржыландыру қағидаттары жөніндегі кеңестің өкілеттік мерзімі бір жыл болып белгіленді.
Бұдан бөлек, Halyk Bank жарғысына тиісті өзгерістер енгізді.
Айта кетейік, 2026 жылғы 16 қаңтардан бастап Қазақстандағы банктерге исламдық «терезелер» ашуға, яғни шариғат талаптарына сәйкес келетін қаржы өнімдерін ұсынатын жеке бағыттар құруға мүмкіндік берілді.