Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша өндіруші, өңдеуші және министрлік арасындағы ерікті үшжақты келісімді жолға қою арқылы қажетті шикізатпен қамтамасыз ету жөніндегі жұмыс жүйеге келтірілді.
ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында вице-министр Иран Шархан жоғарыда айтылған шараны іске асыру кезінде бірқатар өзекті мәселенің де туындайтынын растады. Мәселен, тау-кен секторындағы ірі кәсіпорындар ерікті келісімді жасаудан бас тартатын жағдайлар да байқалады.
«Бұл мәселені шешу үшін шикізатпен қамтамасыз етуге байланысты міндетті талаптарды белгілеуді ұсынамыз. Атап айтқанда, «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Кодекске өзгерістер енгізу арқылы жер қойнауын пайдаланушыларды шикізатпен қамтамасыз етуге міндеттеу қажет. Тиісті талаптар орындалмаған жағдайда қатаң шаралар қабылданатын болады. Оның ішінде, жер қойнауын пайдалануға арналған лицензияларды қайтарып алу, жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттарды бұзу, сондай-ақ шикізатпен қамтамасыз ету бойынша орындалмаған міндеттемелер жиынтығы мөлшерінде тұрақсыздық төлемін қолдану қарастырылады», деді вице-министр.
Сондай-ақ ведомство өкілдері өңдеушілерге қарсы міндеттеме ретінде мәлімделген шикізат көлемін сатып алуды және оны 100% қайта өңдеу арқылы орта және жоғары шекті деңгейдегі тауарларды шығаруға міндеттеуді ұсынып отыр.
Геология мен жер қойнауын игеруге тоқталсақ, осы жылдан бастап ҚР ИИДМ-не жер қойнауына мемлекеттік геологиялық зерттеуді жүргізу мен минералдық-шикізат базасын толықтыру саласындағы өкілеттіктер берілгенін еске сала кетейік. Өз кезегінде жер қойнауына зерттеу жүргізетін уәкілетті органның министрлікпен бірігуі тиісті құзыреті бар инспекторлық құраммен пайдалы ресурстардың қазіргі ахуалына қажетті мониторинг жасауға жол ашады. Осы бірігудің нәтижесінде ведомствода әр нысан бойынша тиісті шешімдер қабылданып, жер қойнауының жай-күйі туралы толық ақпарат бір жерде шоғырландырылады.
Бұл ретте былтыр бюджет есебінен жер қойнауына мемлекеттік геологиялық зерттеу 104 нысанда жүргізіліп, оның 45-інде қажетті жұмыстар аяқталғанын айта кету керек.