Айдарбек Сапаров Ауыл шаруашылығы министрлігінің 2028 жылға қарай АӨК-нің жалпы өнімін екі есеге ұлғайту жөніндегі жоспарын жан-жақты баяндады.
Министрдің сөзінше агроөнеркәсіп кешеніне ауқымды талдау жүргізіліп, бірқатар жүйелі проблемалар анықталды. Олардың қатарында статистикалық мәліметтерді бұрмалау, егістік алқаптарын әртараптандырудың әлсіз қарқыны, қолданбалы агротехнологиялар деңгейінің төмендігі және ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту қарқыны, суармалы егіншіліктің әлеуетін жеткіліксіз пайдалану және мал өнімділігінің төмендігі жатады.Сонымен бірге, Мемлекет басшысы бұдан бұрын айтып өткендей, ауыл шаруашылығындағы ең өткір мәселе – саланы ұзақ уақыт қаржыландырудың жеткіліксіздігі. Мәселені түпкілікті шешу үшін шаруаларды қолжетімді несие қаражатымен дер кезінде қамтамасыз ету маңызды. Осылайша, көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын жеңілдетілген несиелендіру қажеттілігін толық қамтамасыз ету үшін жыл сайын 1,5 триллион теңге бөлу қажет. Оның 450 млрд теңгесі жеңілдетілген; 800 млрд теңге инвестициялық жобаларды қаржыландыруға бағытталуы тиіс.
«Қазіргі уақытта қаржыландыру көздері пысықталуда. Бұл қаражаттың барлығы қайтарымды екенін, яғни шаруалардың қолжетімді несие алуы үшін жұмыс істеп жатқанын атап өткім келеді», - деп түсіндірді Айдарбек Сапаров.
Сонымен қатар, Ауыл шаруашылығы министрлігі тыңайтқыштар мен техниканың қымбаттауына жол бермеу, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту бағытында жұмыс жүргізуде. Бұған қол жеткізу үшін субсидиялар ауыл шаруашылығы субъектілеріне емес, тікелей отандық өндірістік кәсіпорындарға және қаржы институттарына («Қазагроқаржы» АҚ) алдын ала төленетін болады. Тағы бір маңызды шара – «Бәйтерек» холдингімен ауыл шаруашылығы субъектілеріне жеңілдікті несие беру қызметтері мен субсидияларды бір цифрлық платформада біріктіру бойынша бірлескен жұмыс атқарылуда. Бұл сала үшін сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтады, өйткені субсидия алушы мен мемлекеттік орган арасында тікелей байланыс болмайды.
Ауыл шаруашылығының жалпы өнімін екі есеге ұлғайту жөніндегі тапсырманы орындау үшін министрлік саланың өсуінің негізгі факторларын анықтады. Олардың әрқайсысы бойынша табиғи-климаттық, өндірістік факторлар мен өнімді өткізу мүмкіндіктерін ескере отырып, облыс әкімдіктері үшін көрсеткіштер әзірленді. Ауыл шаруашылығы министрлігі, шаруалар мен әкімдіктер алдында егіс алқаптарының құрылымын әртараптандыруды жүзеге асыру нақты міндеті тұр. 2028 жылға қарай бидай егіс көлемі 855 мың гектарға қысқартылуы керек, бірақ жалпы өнім төмендемеуі тиіс. 2028 жылға қарай майлы дақылдар 3,7 миллион гектарға дейін ұлғайтылуы тиіс, бұл ішкі нарықты қамтамасыз етіп, экспорттық әлеуетті іске асыруға мүмкіндік береді. Елімізге мықты жем-шөп базасы қажет екенін ескерсек, 5 жыл ішінде мал азығын алқапты 500 мың гектарға ұлғайту жоспарлануда.
Оңтүстік өңірлер үшін күріш алқаптарын қысқарту бойынша көрсеткіштер әзірленді: 2024 жылы – 6 мың гектарға, алдағы 5 жылда – 21 мың гектарға. Мақта өсіруде де осындай жұмыстар жүргізілуі керек. Бұл шаралар шамамен 1,4 млрд м3 суды үнемдеуге мүмкіндік береді.
Ауыл шаруашылығы саласының негізгі ресурстарының бірі – минералды тыңайтқыштар. Мысалы, Еуропа елдерінде әр гектарға 250 кг-нан астам қоректік заттар берілсе, Қазақстанда бұл көрсеткіш 10 кг-ға жетпейді.
«Жақсы өнім алу үшін биылғы жылы тыңайтқыш енгізу көлемін 2 еседен астам ұлғайтып, көрсеткішті кемінде 1,5 миллион тоннаға жеткізу қажет. Ал 2028 жылға қарай бұл межені 3,2 млн тоннаға дейін ұлғайту жоспары тұр. Тыңайтқыштарды қолдану өнімділікті орташа есеппен 3-5 ц/га арттыруға мүмкіндік береді», - деді Айдарбек Сапаров.
Тұқым шаруашылығында элиталық тұқымдардың үлесін арттыруға ерекше көңіл бөлінетін болады. Тұқым шаруашылығын қолдау шараларын жүзеге асыру арқылы бұл көрсеткішті 2028 жылға қарай 14,4 пайызға дейін жеткізу жоспарлануда.
Импортқа тәуелділіктің жоғары деңгейі күрделі мәселе болып қалуда – осыны ескере отырып, жаңа ТСФ және ет өндіруге арналған құс фабрикаларын енгізу бойынша индикативтік нұсқаулар әкімдіктерге жеткізілді. Құс еті саласында 3 жыл ішінде жалпы қуаттылығы шамамен 255 мың тонна құс етін құрайтын 27 жобаны енгізу жоспарлануда, бұл 2027 жылға қарай импортты толығымен жояды. Ауыл шаруашылығы жануарларын, оның ішінде асыл тұқымды мал басын көбейту де б маңызды міндеттердің бірі.
«Ауыл шаруашылығының негізгі ресурстары – жер мен су. Бұл екі негізгі активті ұтымды пайдалану керек. Сондықтан су үнемдейтін технологияларды пайдалана отырып, суармалы жерлердің көлемін жылына 150 мың гектарға дейін ұлғайту бойынша жұмыс күшейтілетін болады. Бұл жұмыс Су шаруашылығы және ирригация министрлігімен бірлесе атқарылатын болады», - деді Ауыл шаруашылығы министрі.
Министр Мемлекет басшысының агроөнеркәсіптік кешендегі өңделген өнімдердің үлесін 70 пайызға дейін ұлғайту туралы тапсырмасының орындалу барысын да сөз етті. Осы мақсатта министрлік ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу және тамақ өнеркәсібін дамытудың кешенді жоспарын әзірлеуде. Сондай-ақ салаға инвестиция тарту үшін биылғы жылы алдағы үш жылға арналған инвестициялық жобалар пулы жасақталды. Бұл ретте 2024 жылы тартылған инвестиция көлемі 1,7 трлн теңге деңгейіне жетеді деп күтілуде.
Жоғарыда аталған барлық шаралар 2024 жылдың соңына қарай ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің 7,4% -ға өсуін қамтамасыз етуге, ал бір қызметкерге шаққандағы еңбек өнімділігін 5 млн теңгеге дейін жеткізуге мүмкіндік береді. Кең перспективада бұл шаралар Мемлекет басшысының бес жыл ішінде ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемін екі есе ұлғайту жөніндегі тапсырмасын орындауға ықпал ететін болады.