Bereke Bank басқарма мүшелеріне 1,4 млрд теңге көлемінде сыйақы төлеуді көздеп отыр. Бұл туралы банк Қазақстан қор биржасына (KASE) хабарлады.
«2023 жылға арналған банктің атқарушы органы мүшелеріне сыйақының жалпы көлемі 1 млрд 408 млн 128 мың теңгені құрайды. Сыйақы сомасына атқарушы органның қазіргі мүшелеріне төленетін сыйақылар мен төлемдер, сондай-ақ 2022 және 2023 жылдары өкілеттіктерін тоқтатқан банктің директорлар кеңесінің бұрынғы мүшелеріне 2023 жылы төленген өткен жылдар үшін сыйақылар мен кейінге қалдырылған тұрақты емес сыйақылар кіреді», — делінген банк хабарламасында.
Банктің басқарма төрағасы — Андрей Тимченко. Басқарма құрамында басқарма төрағасының орынбасары Алина Аникина мен басқарма төрағасының орынбасары Серке Қасенов бар.
Айта кетейік, 2024 жылдың ақпан айында Катар қор биржасының сайтында катарлық Lesha Bank инвестициялық банкі «Бәйтерек ҰБХ» компаниясымен Қазақстандағы банкті ықтимал сатып алу туралы алдын ала келісім жасасқаны туралы хабарлама пайда болды.