Машина жасау саласында жалпы құны үш триллион теңгеден асатын өнім өндірілді. Тауар түрлері, экспорт көлемі көбейді. Мыңдаған жұмыс орны ашылды. Бұған кәсіпорын ұжымдарының қажырлы еңбегі, мемлекеттің орнықты саясаты және ауқымды қолдау шаралары зор септігін тигізді. Бұл туралы Қазақстан машина жасаушыларының XI форумына Мемлекет басшысының құттықтауында айтылған. Құттықтау сөзді Үкімет басшысы Әлихан Смайылов оқып берді.
«Біз машина жасау өнеркәсібіне инвестиция салуға қолайлы жағдай жасап, оның бәсекеге қабілетін арттыруымыз керек. Сол үшін менің тапсырмаммен Кешенді жоспардың жобасы әзірленді. Онда көрсетілген іс-шаралардың табысты жүзеге асырылуы осы саланың тың қарқынмен дамуына және еліміздің өркендеуіне барынша ықпал етеді деп сенемін.
Өз өндірісімізді жандандыру, терең өңделген өнімдерді көбірек шығару және біртіндеп сыртқы нарықтарға шығу – біздің басты міндетіміз. Сіздер бұл міндетті абыроймен орындай алатындарыңызға сенімдімін», — делінген Мемлекет басшысының құттықтау сөзінде.
Өз кезегінде Премьер-Министр бүгінде Қазақстан елді индустрияландыру, экономиканы әртараптандыру және импортқа тәуелділікті төмендету саясатын жалғастырып жатқанын атап өтті.
«Өңдеу өнеркәсібінің локомотиві болып табылатын отандық машина жасау саласының дамуы Үкіметтің ұдайы назарында. Өткен жылы машина жасау саласындағы өндіріс көлемі 9,4%-ға артса, ағымдағы жылдың 4 айының қорытындысы бойынша 36%-ға өсіп отыр», — деді Әлихан Смайылов.
Сонымен қатар машина жасау өнімдерінің Қазақстандағы ішкі сұранысы $23 млр-ты құрайтынын, бүгінде оның $3,1 млрд-ы ғана отандық өндіріспен қамтылып отырғанын айтты. Сондықтан, импортты алмастырудың есебінен машина жасау өндірісін ары қарай дамытуға күш салу қажеттігін атап көрсетті.
«Біздің алдымызда қолжетімді қаржы құралдарын ұсыну, жаңа технологияларды енгізу, жергілікті қамтуды ұлғайту және экспортты дамыту арқылы машина жасау кәсіпорындарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру міндеті тұр», — деп атап өтті Үкімет басшысы.