ҚР Ұлттық экономика министрлігі биыл бірінші жартыжылдықтағы Қазақстан Республикасының экономикалық дамуының қорытындылары туралы хабарлайды.
Ұлттық статистика бюросының жедел деректері бойынша жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) нақты өсуі биыл қаңтар-мамырдағы 3,2%-пен салыстырғанда жеделдеуді көрсетіп, 3,3%-ті құрады. Динамиканың жақсаруы тауарлар өндірісінде де (3,5%-тен 3,6%-ке дейін), сондай-ақ қызмет көрсету секторында да (3,1%-тен 3,3%-ке дейін) байқалады.
Былтырмен салыстырғанда экономиканың өсу қарқынының баяулауы экономиканың едәуір секторларының дамуына, оның ішінде сауда, көлік, логистика және т.б. шектеуші әсер еткен 10 өңірдегі су тасқыны салдарының әсерімен, сондай-ақ мұнай өндірудің 1,6%-ке қысқаруымен байланысты.
ЖІӨ құрылымында экономика өсуінің басты факторларының бірі өнеркәсіптік өндіріс болып табылады, оның көлемі 2,8% ұлғайды.
Өңдеу өнеркәсібінде тұрақты өсу (5,1%) сақталуда, ол тау-кен өндіру өнеркәсібіндегі (0,3%) өсуден едәуір озық қарқынмен өсіп келеді.
Өңдеу өнеркәсібінің салалары арасында машина жасау өндірісінің 9,4%, металлургияның 8,3%, химия өнеркәсібінің 5,3%, фармацевтикалық өнімнің 14,8% және жиһаз өндірісінің 28,3% өсуі қамтамасыз етілді.
Құрылыс жұмыстарының көлемі 2,7 трлн теңгені құрады және бес айдағы көрсеткішпен салыстырғанда 0,5 проценттік тармаққа жеделдеп, 8,6% өсті.
Билл қаңтар-маусым айларында 4,6 млн шаршы метр көппәтерлі үй пайдалануға берілді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 5,9% жоғары.
Ауыл шаруашылығы маусымдық өсудің белсенді кезеңіне кірді. Ауыл шаруашылығында өнім өндіру 3,4% өсті, бұл ағымдағы жылғы қаңтар-мамырдың көрсеткішінен 1,8 проценттік тармаққа жоғары
Көлік саласы мен ақпарат және байланыс секторын дамыту экономика өсуінің маңызды құрамдас бөлігі болып қала беруде. Билл қаңтар-маусым айларында көлік және қоймалау қызметтері 7,3%, ақпарат және байланыс қызметтері 8,7% өсті.
Нақты сектордағы өсу сауда көлемінің өсуімен қатар жүруде. Ішкі сауда көлемі 3,9% ұлғайды және биыл қаңтар-мамырмен салыстырғанда 0,8 проценттік тармаққа жеделдеді.
Экономиканың шикізат емес салаларында инвестициялық белсенділік өсуде. Өңдеу өнеркәсібінде (9,4%), ақпарат және байланыста (2,4 есе), ғылыми және техникалық қызметте (58%), көлікте (33,7%), білім беруде (24,1%), қаржылық қызметте (22,1%) және жылжымайтын мүлікпен операцияларда (4,5%) негізгі капиталға инвестициялардың өсуі байқалады.
Бесінші ай қатарынан іскерлік белсенділік индексінің өсуі байқалуда, ол маусым айының қорытындысы бойынша 51,4-ті құрады.