Кейінгі төрт жылда Қазақстан Ресейден тауар импортын қысқартуға бет алды. 2021–2024 жылдары жеткізілім көлемі аз да болса өскеніне қарамастан (5,6%-ға, 17,6 млрд доллардан 18,6 млрд долларға дейін), Ресейдің үлесі жалпы импорт құрылымында төмендеді. Егер 2021 жылы бұл көрсеткіш 43% болса, 2024 жылы – 31%-ға, ал 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында 29%-ға дейін түсті, деп хабарлайды tradereport.kz.

Экономистердің айтуынша, бұл Қазақстанның сыртқы саудасында диверсификацияға бағытталған қадамдардың нақты нәтижесін көрсетеді.

Аймақтардағы айырмашылық

Ресейден импорт үлесінің төмендеуі әсіресе ірі қалалар мен орталық аймақтарда байқалады: Алматыда: 35%-дан 20%-ға дейін түсті; Шымкентте: 38%-дан 22%-ға дейін; Қостанай облысында: 52%-дан 23%-ға дейін; Жамбыл облысында: 45%-дан 27%-ға дейін; Қарағанды облысында: 62%-дан 44%-ға дейін; Қызылорда облысында: 41%-дан 23%-ға дейін төмендеді.

Ал шекара маңындағы өңірлерде Ресейге тәуелділік әлі де жоғары деңгейде қалып отыр. Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарында Ресей импортының үлесі 50%-дан асып түседі. Мұны сарапшылар логистиканың жақын болуымен және өндірістік құрылым ерекшеліктерімен байланыстырады.

Қызығы, Атырау облысында керісінше өсім тіркелген: 22%-дан 27%-ға дейін. Бұл мұнай-химия саласына қажетті ресейлік аралық тауарларға сұранысқа байданысты дейді мамандар.

Диверсификацияның шектеулері

Импорт құрылымына талдау жасасақ, төмендеу негізінен инвестициялық және аралық тауарлар есебінен жүріп жатыр. Ал азық-түлік пен отын-энергетикалық өнімдер бойынша Ресейге тәуелділік әлі де жоғары, нақтырақ айтсақ, 50-60% деңгейінде болып отыр.