Kaspi.kz Baring Vostok Private Equity Fund V компаниясының жанама еншілес ұйымынан Kolesa Group-тың 39,76% үлесін сатып алу туралы келісімге отырды. Мәміле 88,5 млн доллар (шамамен 39 млрд теңге). Бұл туралы компанияның 2023 жылдың бірінші жартыжылдығына арналған аудиттен өтпеген шоғырландырылған қаржылық есебінде айтылған.
Қаржылық есептер мәміленің 2023 жылдың үшінші немесе төртінші тоқсанында аяқталуы жоспарланғанын көрсетеді.
«Kaspi.kz АҚ басқарма төрағасы Михаил Ломтадзе Kolesa Group-тың ең ірі акционері болмақ, бірақ осы мәміле аясында ол Kolesa-дағы 11% акциясын Kaspi.kz-ке сенімгерлік басқаруға береді. Бұл Kaspi.kz-ке дауыс беретін акциялардың шамамен 51%-ын иеленуге және Kolesa директорлар кеңесін бақылауға алуға, Kolesa нәтижелерін қаржылық есептілікке толығымен шоғырландыруға мүмкіндік береді», - делінген қаржылық есепте.
KASE мәліметтері бойынша, 2023 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша Kaspi.kz акцияларының 26,1%-ы Baring Vostok-қа, 23,4%-ы Михаил Ломтадзеге, 22,27%-ы Вячеслав Кимге тиесілі.
2023 жылдың ақпан айының соңында Kaspi.kz E-Magnum онлайн өнім жеткізу компаниясына 75 млрд теңгеге дейін инвестиция салғаны белгілі болды. Kaspi.kz алдағы үш жылда компанияның дамуына жыл сайын 20-25 млрд теңгеге дейін инвестиция салуды көздеп отырғаны хабарланды. Бұл ретте Kaspi.kz-тің E-Magnum-ға қатысу үлесі 90% болуы керек. Инвестициялар бүкіл ел бойынша бизнесті кеңейту үшін пайдаланылады деп болжануда.