ҚР премьер-министрінің орынбасары - Қаржы министі Ерұлан Жамаубаев Jusan Bank-ке қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Naryk.kz.
«Jusan Bank туралы айтатын болсақ, банк тұрақты жұмыс істеп жатыр және алдағы уақытта ешқандай қауіп жоқ», – деп жауап берді Үкімет басшысының орынбасары журналистердің банктің қазіргі жағдайы туралы сауалына.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін банктің баспасөз қызметі мемлекет тарапынан берілген қолдауға қатысты мәлімдеме жасаған еді.
«Мемлекеттік қолдау проблемалық Цесна Банк пен АТФ Банкке (Jusan тобы сатып алмас бұрын) сол кезде қаржы институттары өз клиенттері алдындағы міндеттемелерін орындауда елеулі қаржылық қиындықтарға тап болғанына байланысты көрсетілді. Өз кезегінде, бенефициар ауысқанына қарамастан, Цесна Банк пен АТФ Банкке көрсетілген мемлекеттік қолдау сол уақытта ҚР басқа да екінші деңгейлі банктеріне көрсетілген мемлекеттік қолдау секілді қайтарымды екенін хабарлағымыз келеді. Тиісінше, қаражатты қайтару бойынша барлық міндеттемелер мирасқорларға өтті және қатаң түрде заңға сәйкес орындалады», – деп хабарлайды Jusan Bank баспасөз қызметі.
Сонымен қатар, банк мемлекет тарапынан берілген қайтарымды қаражатты уақытынан бұрын өтейтінін мәлімдеген болатын.
«АТФ пен Цесна банкті қосып алғаннан кейін Jusan Bank оларды 167 млрд теңгеге қайта қаржыландырғаны айтылған еді. Бұл елдің банк секторында бұрын-соңды болмаған жағдай. Осы екі банкке бұрын берілген мемлекеттік қолдауды Jusan Bank кезең-кезеңімен төлеуді қолға алды, көрсетілген көмек мемлекетке бекітілген мерзімінен бұрын қайтарылмақ», – делінген еді.
Айта кетейік, Jusan Bank баспасөз қызметі халықаралық баспасөзде Нұрсұлтан Назарбаев пен оның отбасы мүшелерінің банкке қатысы бар деген мәлімдемелерді жоққа шығарған еді.
Қазіргі уақытта Jusan Bank – Қазақстан Республикасының қаржы жағынан ең тұрақты ЕДБ-нің бірі. Банк қаржы нарығының жауапты қатысушысы және мемлекеттік қолдауға ие болған жоғарыда аталған банктердің мирасқоры ретінде заңнамада белгіленген мерзімде мемлекеттік қолдау қаражатын қайтару бойынша проблемалық ЕДБ-дан берілген міндеттемелерді толығымен орындайды.