Жол қозғалысы ережесін бұзғаны үшін салынатын айыппұлды 50% жеңілдікпен төлеу тәртібіне өзгеріс енгізілуі мүмкін. Бұл туралы Үкіметтегі брифингте Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха мәлімдеді.
Оның айтуынша, әзірге нақты шешім қабылданған жоқ. Министрлік жүргізушінің жеңілдіктен айырылатын шегіне қатысты бірнеше нұсқаны талқылап жатыр.
Соның бірі — бір жыл ішінде 10 рет жол ережесін бұзу. Екінші нұсқа бойынша, жүргізуші 5 рет өрескел құқық бұзушылық жасаса, 50% жеңілдік қолданылмауы мүмкін. Мұндай бұзушылықтарға бағдаршамның тыйым салатын белгілерге қарамастан өту сияқты әрекеттер жатқызылуы ықтимал.
«Кез келген адам ережені байқамай бір немесе екі рет бұзуы мүмкін. Бірақ жүйелі түрде ереже бұзып, айыппұлдары миллион теңгеден асатын адамдар бар», — деді Игорь Лепеха.
Аталған 10 және 5 деген көрсеткіштер әзірге түпкілікті емес. Министрлік жеңілдікті алып тастауға негіз болатын нақты шекті және «өрескел құқық бұзушылықтар» санатына кіретін әрекеттердің тізімін анықтауы керек.
Игорь Лепеханың айтуынша, кейбір жүргізушілердің бір жылдағы қаулыларының саны 50-ден асады. Ведомство мұндай жағдайларды жол ережесін жүйелі түрде бұзу ретінде қарастырады.