WhatsApp-та бизнес хабарламалар ақылы болады

Meta 2026 жылғы 1 қазаннан бастап WhatsApp Business Platform қолданатын компаниялар үшін хабарламалардың кейбір түрлеріне ақы енгізеді.

Жаңа тарифтер WhatsApp Business-тің стандартты қосымшасын пайдаланатын шағын бизнеске емес, клиенттермен жаппай байланыс орнату үшін WhatsApp Business Platform пайдаланатын ұйымдарға қатысты.

Жаңа жүйе бойынша төлем хабарламаның түріне байланысты болады:

  • Қызметтік хабарламалар — шамамен $0,0101 (4,5 теңге);

  • Маркетингтік хабарламалар — шамамен $0,062 (28 теңге).

Қызметтік хабарламаларға төлем туралы ескертулер, тапсырысты растау және басқа да қызметке қатысты жаңартулар жатады.

Мысалы, компания бір айда 500 мың ақылы қызметтік хабарлама жіберсе, Meta-ға шамамен $5 050 төлеуі мүмкін. Бұл сомаға үшінші тарап сервистері мен бағдарламалық платформалардың комиссиялары кірмейді.

WhatsApp-ты клиенттермен байланыс үшін белсенді пайдаланатын банктер, финтех компаниялары, бөлшек сауда желілері, әуе компаниялары мен байланыс операторлары үшін өзгеріс маңызды болуы мүмкін.

Meta бұған дейін де бизнес хабарламаларының тарифтік жүйесін өзгерткен. 2025 жылғы шілдеден бастап компания бизнес бастамасымен жіберілетін шаблондық хабарламалар үшін бұрынғы диалог негізіндегі төлем моделінен әр хабарлама үшін төлем жасау жүйесіне көшті.

2026 жылғы қазаннан бастап қызметтік хабарламаларға берілетін кейбір тегін мүмкіндіктер де қысқарады.

Нәтижесінде компаниялар WhatsApp арқылы жіберілетін хабарламалардың санын қайта қарап, маңызды коммуникацияларды ғана қалдыруы немесе клиенттермен байланысудың басқа арналарын пайдалануы мүмкін.