Жасанды интеллект арқылы жұмыс істеудің негізгі талабы – жүз миллисекунд ішінде, тәулігіне 24 сағат бойы тұтынушылардың сұранысына жауап беру. Айтып отырғанымыз – Jusan Bank қосымшасындағы кері байланыс пен ұсыныстар мәзірі. Аталмыш қаржы ұйымының мобильді қосымшасын пайдаланатындар мұндай тұстарды байқамайтыны рас. Клиенттер дамыған технология мен ыңғайлы қызмет түрін қалыпты үрдіс ретінде қабылдайды. Бірақ оның артында деректерді талдау мен машиналық оқыту бөлімі мамандарының қажырлы еңбегі жатыр. 

Былтыр қыркүйекте Jusan Bank «Игі істерге миллион» атты акциясын жүргізген болатын. Яғни, қазақстандықтар мобильді қосымшаның көмегімен қарапайым әрекеттерді орындай отырып, бас жүлде – Tesla автокөлігі мен әр апта сайын миллион теңге ұтып алу мүмкіндігіне ие болды. Аталмыш шараға қызығушылық танытқандар қатары көп еді. Алайда банк тарапынан ұйымдастыру бойынша  негізгі ауыртпашылық осы «диджитал департаментке» түскен-ді. Яғни, алдымен, игі істерді орындауға тапсырма беріп отыратын сервер жасап шығару мақсаты тұрды. Бұған қоса, клиенттің жасын, жынысын, көлігі бар-жоғын анықтау қажет болған. Аталмыш модельді жасап шығару оңай болмады, дейді Jusan Bank деректерді талдау және машиналық оқыту бөлімінің директоры Бауыржан Әубәкір. Дегенмен, қаржы институты алға қойған жоспарын орындап, нәтижесінде тұтынушылармен кері байланыс орнату уақытын тоқсан миллисекундқа дейін қысқартты. Соның арқасында әр минут сайын екі мың адам тапсырма алғысы келіп, ізгілік жобасына қатысуға ниет білдірген. Әлбетте, банк үшін бұл маркетингтік үздік жоба атанды. 


«Jusan Bank-тің клиенттерге ұсыныс беру жүйесі бастапқыда тәулігіне бір рет жұмыс істейтін. IT әлемінде тұтынушыларға екі минут ішінде жауап беру – өте ұзақ уақыт. Бірақ кейін отыз миллисекунд ішінде тұтынушыға тапсырма беруді үйрендік», – дейді Бауыржан Әубәкір.

Оның сөзінше, Еуропа елдерімен салыстырғанда қазақстандық банктердің IT саласына еркіндік берілген. Яғни, банктер қаржы институты емес, бірінші кезекте IT компаниялар ретінде қызмет етеді. 

Бауыржан Әубәкіров банктің IT саласындағы дамуы жөнінде Samsung Electronics ұйымдастырған қазақстандық оқушылар мен студенттерге арналған алғашқы хакатонда бөлісті. Аталмыш шараға екі жүзден астам жас буын қатысты. Спикерлер қатысушыларға нейрондық желілермен жұмыс істеудің қыр-сырлары, жасанды интеллект, машиналық оқыту және басқа да көптеген серпінді технологиялар туралы айтып берді.


Хакатонда жастарға қызық болған тағы бір тақырып – аналитикалық талдау жасау арқылы жарнама үлесін көтеру мәселесі болды. Әсіресе, үлкен корпорация тәжірибесін көпшілік білгісі келді. 

Сондай-ақ ол Jusan Oracle сервисін атап өтті. Аталмыш қызмет бизнеске бәсекелестерін талдауға немесе бизнесін кеңейту аймақтарын іздеуге көмектесу үшін жасанды интеллектті пайдаланады.

Банк маманының сөзінше, несие портфелінің қалыптасуында жарнаманың үлкен үлесі жатыр. Клиенттерге жарнаманы тарату, интернеттегі ақпараты мен бейнесуретін дұрыс таңдау – ауқымды іс. Ол үшін банк арнайы жарнамалық кампанияны бастайды.  Жарнамалық платформа жұмысына жүгінеді. Қарыз алуышың бәріне бірдей жарнама жасай бермейді. Несие алушының қарызды төлей алу қабілетіне қарайды. Ол үшін нейромаркетингтік талдау жүргізіледі. Соның арқасында Jusan Bank бір жылда клиенттерді тартуға жұмсалатын қаржыны 44%-ға қысқартқан. Компания үшін бұл – үлкен мақтаныш. 

«Атқарған жұмыстың арқасында шығын көлемін азайттық. Қаржыгерлер маркетологтардың ісін мойындады. Осылайша, бөлімшелер арасында байланыс арта түсті. Жарнамалық атрибуция үрдісі осы. Бұл – ешқандай да ғылым емес. Бұл – цифрлық жарнама әлемі», – дейді Jusan Bank деректерді талдау және машиналық оқыту бөлімі директорының орынбасары Ілияс Солтанбаев.


Осындай біліктілігі мол білімді мамандардың тәжірибесін тыңдаған жастар хакатон аясында өздері де жоба жасап, 10 миллион теңге ұтып алды. 

Бұған қоса спикерлер Ösim журналы жайлы сөз етті. Аталмыш электрондық басылым кәсібін енді бастағандарға арналған таптырмас ақпараттық алаң. Мұнда бизнесті жүргізу мен оның қыр-сырын игеру жөнінде танымдық материалдар екі тілде шығып отырады. Журналдың мақсаты – кәсіпкерлерге бизнес ашуға және дамытуға, күрделі процестерді және заңнамалық мәтіндерді өз бетінше түсінуге, мемлекеттік органдармен қалай жұмыс істеу керектігін, қандай жауапкершілікті көтеруге және қателіктерді болдырмауға көмектесу.