Адам ресурстарын басқару – кез-келген компания жұмысының ең маңызды бөлігі. Кәсіпорынның қызметкерлері өздерін жайлы сезінетіндей және компания игілігі үшін жұмыс істей алатындай етіп ұйымдастырылуы қажырлы еңбек пен стратегияны талап етеді. Сол себепті де жоғары сапалы кадрларды таңдау мақсатында HR бөлімшелері құрылған.
Cоңғы жарты жылда Jusan bank-тың HR командасының үш бірдей жобасы беделді номинацияға ие болды. Атап айтсақ, IT мектептің негізін қалап, оның жұмысын бастағаны үшін қаржы ұйымы WOW! HR Kazakhstan 2022 халықаралық бизнес сыйлығының номинанты атанды. Ішкі жобаларды автоматтандыруға қатысты «HR-бренд» сыйлығын иеленді. «Счастье в деле» халықаралық конкурсында да аталымға ие болды. Компания аз ғана уақыттың ішінде мұндай көрсеткіштерге қол жеткізіп отыр.
Жетістіктердің қыр-сырымен қаржы ұйымының HR директоры Анна Тимофеева бөлісті.
«Қазақстан бойынша Jusan Bank командасында бес жарым мың адам қызмет етеді. Қысқа уақыт ішінде аймақтар мен мегаполистерде екі жүзден астам корпоративтік іс-шара ұйымдастырдық. Мұның барлығы қызметкерлер үшін жасалып отырған бастамалар. Атап айтсақ, HR бөлімі қызметкерлерімен үнемі байланыста. Компанияның дамуы мен ондағы жұмыс істеу жағдайына қатысты сауалнамаларды ұдайы жүргізіп отырамыз», – дейді.
Директордың сөзінше, «метрика әдісі» бойынша ұйымдастырылған сауалнаманың нәтижесі көңілден шығады. Оның қорытындысына сай, қызметкерлердің өз ісіне деген қызығушылығы көрсеткіші былтырғымен салыстырғанда 20% артқан. Яғни, компания өкілдері өз жұмыс орнын өзгелерге зор сеніммен ұсына алады деген сөз. Сонымен қатар, банктегі еңбек жағдайы мен нарықтағы компания мәртебесі бүгінде үздіктер қатарында. Бұл – HR бөлім үшін, сөзсіз, үздік көрсеткіш болса керек.
Jusan Bank ішкі құжат айналымын автоматтандырған. Қызметкерлер қол қойғызу, өтініш жазу, өзге де маңызды қағаздармен танысуы қажет болса, кадрлар бөліміне баруының қажеті жоқ. Мұның барлығы цифрландырылған. Мәселен, компьютерде бірнеше тетікті басу арқылы еңбек демалысына шығуға өтінішті оп оңай жібере алады. Электронды цифрлық қолтаңба да енгізілген. Қызметкерлер мұндай істерді қашықтан орындай береді. Бұл да HR бөлімнің бастамасымен енгізілген мақтан тұтарлық жобаларының бірі болып отыр. Алдағы уақытта қызметкерлерге өздері іштей пайдаланатын мобильді қосымша жасап шығару жоспары да бар.
Қысқа уақыт ішінде 7 түрлі бағыт бойынша 200 IT маманын жұмысқа қабылдау қажет болған. Бір кездері банктің HR бөлімі алдында осындай міндет тұрады. Нарықта енді ғана өз орнын тауып келе жатқан қаржы ұйымы үшін осынша маманды бірден табу оңай болмады, – деп еске алады Анна Тимофеева. Сол себепті Jusan bank өзінің IT мектебін құру туралы шешім қабылдайды. Осылайша, небары төрт айдың ішінде жаңа жоба бастап, мамандарды оқытуға кіріседі.
«Ел бойынша алты мың өтініш келді. Іріктеу бірнеше кезеңнен тұрды. Соның нәтижесі бойынша, Jusan Singularity IT мектебіне 18 бен 61жас аралығында 150 адам қабылданды. Осылайша, төрт ай ішінде мектепті бітірген жүз елу адам жұмысқа қабылданды. Бүгінде олар қызметтерін абыройлы атқарып жүр», – Jusan Singularity IT мектебінің жетекшісі Анар Садықова.
Jusan IT мектебі бүгін де жалғасын тауып жатыр. Бас қалада 70 компьютер орнатылған 850 шаршы метрлік кеңсесі бар. Бес бағыт бойынша жұмыс істейді. Жасөспірімдердің оқуына мүмкіндік береді, IT сауатты үйретеді.