ҚР Бас прокуратурасының Jusan Bank-тің шетелдік акционерлеріне қатысты азаматтық талап-арызы банкті бақылауды шетелдік юрисдикциядан қазақстандық юрисдикцияға қайтаруға бағытталған және банк үшін ешқандай тәуекелдері болмайды, деп хабарлайды Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі.
Jusan Bank штаттық режимде жұмыс істеуде, барлық пруденциялық нормативтерді орындауда және қаржылық орнықты банк болып табылады, сондай-ақ клиенттер алдындағы міндеттемелерді уақтылы және толық көлемде орындауда.
Jusan Bank елдегі ең ірі банктердің бірі болып табылады және меншікті капитал көлемі бойынша 3-ші және банк жүйесіндегі активтер көлемі бойынша 6-шы орында. Мәселен, Банктің меншікті капиталы 537 млрд теңгені, капитал қоры - 367 млрд теңгені құрайды. Өтімділік мөлшері 1,5 трлн теңгені құрайды.
Пруденциялық нормативтерді Банк елеулі қормен орындайды. Капиталдың жеткіліктілігі к1 = 34,3%, к2 = 53,8%, буферді ескере отырып, нормативі сәйкесінше, 7,5% және 10,0%. Бұл ретте банк капиталының жеткіліктілік деңгейі банк жүйесі бойынша капитал жеткіліктілігінің орташа көрсеткіштерінен асып түседі, олар тиісінше к1 =19,1% және к2 =22,3% құрайды. Норматив кемінде 0,3 болған кезде, өтімділік коэффициенті к4 = 2,5.
Осыған байланысты банктің қаржылық тұрақтылығы үшін тәуекелдер жоқ.
Moody's Investors Service халықаралық рейтингтік агенттігі 2022 жылдың соңында болжамды «Тұрақты» деңгейден «Позитивтік» деңгейге көтеріп, Jusan Bank-тің В1 деңгейіндегі ұзақ мерзімді рейтингін растады, бұл шетелдік инвесторлар мен рейтингтік агенттіктер тұрғысынан Банктің орнықтылығын растайды.