Автор: Аяна Қабылбекова
Қаржылық пирамидалар туралы ескертулер мен ақпараттық түсіндіру жұмыстары жыл сайын күшейіп жатыр. ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің 2025 жылдың 13 маусымындағы мәліметінше, сол жылдың басынан бері 36 қаржылық пирамида қызметі тоқтатылып, 86 мыңнан астам азамат тартылған жүйелер анықталған. Сонымен қатар жалған инвестициялық жобалар туралы ақпарат таратқан 7 мыңнан астам сайт бұғатталған, ал әлеуметтік желілердегі 43 заңсыз чат жабылған. Соған қарамастан, күмәнді жобаларға қаражат салатын азаматтар саны азаяр емес. Ақпарат бар, ескерту бар, бірақ нәтиже неге өзгеріссіз?
Бұл туралы ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің заңгері Молдахмет Әлимен сұхбаттастық.
— Құбылыстың негізгі себептері мен қаржылық пирамида құрбандарына тән ортақ белгілер қандай?
— Ақпарат көбейгенімен, адамдардың эмоциясы мен қаржылық осалдығы өзгерген жоқ. Қаржылық пирамидалар көбіне адамның тез байығысы келетін табиғи ниетіне әсер етеді. Сонымен қатар әлеуметтік желілердің ықпалы күшейді: жалған табыс тарихтары, сән-салтанат көрсетілімі, блогерлердің жарнамасы адамдардың сенімін арттырады. Көп жағдайда адамдар ақпаратты тексеруден бұрын эмоцияға ерік береді. Экономикалық тұрақсыздық пен халықтың қаржылық сауатының жеткіліксіздігі де бұл құбылыстың таралуына ықпал етеді.
Көп жағдайда құрбандардың барлығы «оңай табыс» идеясына сенеді. Олар жобаның нақты бизнес-моделін түсінбей жатып ақша салады. Тағы бір ортақ белгі – таныстардың немесе туыстардың ықпалы. Адамдар көбіне «менің жақыным кіріп жатыр екен, демек сенімді» деп ойлайды. Сонымен қатар көпшілігі тәуекелді толық бағаламайды және эмоциялық шешім қабылдайды.
— Күмәнді жобаларға қаражат салуға адамдарды көбіне қандай уәждер жетелейді?
— Ең басты себеп – қысқа уақытта көп табыс табуға деген үміт. Сонымен қатар адамдар қоршаған ортаның ықпалына тез беріледі. Біреу табысқа жеткендей көрінсе, басқалары да соған еліктейді. Кей жағдайда адамдар қаржылық қиындықтан шығудың жолын іздейді. Ал пирамидалар дәл осы әлсіз тұстарды пайдаланады.
— Қазіргі қаржылық пирамидалардың бұрынғылардан басты айырмашылығы неде? Және жұмыс істеу тәсілдерінде қандай өзгерістер байқалады?
— Бұрын пирамидалар көбіне офлайн форматта жұмыс істесе, қазір олар толықтай цифрлық кеңістікке көшті. Қазіргі схемалар криптовалюта, инвестициялық платформалар, онлайн-трейдинг немесе жасанды интеллект секілді күрделі терминдерді пайдаланып, өзін заңды жоба ретінде көрсетеді. Сонымен қатар әлеуметтік желілер, мессенджерлер және инфлюенсерлер арқылы өте жылдам таралады. Олар кәсіби маркетингті жақсы меңгерген.
— Қаржылық пирамидалардың кең таралуы қоғамдағы қандай мәселелердің бар екенін көрсетеді деп ойлайсыз?
— Бұл құбылыс қоғамдағы бірнеше мәселені көрсетеді: халықтың қаржылық сауатының төмендігі, тез табысқа ұмтылу мәдениеті, экономикалық теңсіздік және болашаққа деген сенімсіздік. Кей адамдар тұрақты табыс көзін таппағандықтан немесе қаржылық қысым сезінгендіктен тәуекелі жоғары жобаларға барады. Сондай-ақ қоғамда «жеңіл ақша» туралы иллюзия күшейіп кеткені байқалады.
Маманның пікірінше, қаржылық пирамидалар мәселесін тек құқықтық тұрғыдан қарастыру жеткіліксіз. Бұл құбылыс азаматтардың қаржылық шешім қабылдау мәдениетімен де тікелей байланысты.
— Тәжірибеңізде осы алаяқтық түріне байланысты ең жиі кездесетін қате түсініктер қандай болды?
— Ең жиі кездесетін қате түсінік – «егер алғашқы қатысушылар ақша алып жатса, демек жоба шынайы» деген ой. Шын мәнінде пирамидалар алғашқы салымшыларға кейін келгендердің ақшасынан төлем жасайды. Тағы бір қате түсінік ол «үлкен офисі немесе танымал жарнамасы болса, онда заңды компания» деген сенім. Қазіргі алаяқтар сенім тудыру үшін кәсіби имидж қалыптастыруға көп қаржы жұмсайды.
— Қазір қаржылық пирамидалармен күрес кезінде ең күрделі мәселе не болып отыр?
— Ең күрделі мәселе олардың өте жылдам өзгеруі мен интернет арқылы шекарасыз жұмыс істеуі. Көптеген жобалар шетелдік платформаларда тіркеледі, сондықтан оларды бақылау қиын. Сонымен қатар азаматтардың бәрі бірдей қауіптің белгілерін ажырата алмайды. Алаяқтар құқықтық олқылықтарды да тиімді пайдаланады.
— Алдағы бірнеше жылда бұл құбылыс қалай өзгеруі мүмкін деп болжам жасайсыз?
— Алдағы жылдары қаржылық пирамидалар технологиялық тұрғыдан одан әрі күрделене түседі деп ойлаймын. Олар жасанды интеллект, криптовалюта және цифрлық активтер тақырыбын көбірек қолдануы мүмкін. Алаяқтық схемалары заңды инвестициялық жобаларға қатты ұқсайтын болады. Сондықтан болашақта ең маңызды қорғаныс құралы – халықтың қаржылық және цифрлық сауаттылығын арттыру.
Қаржылық пирамидалар ондаған жылдар бойы түрленіп қайталанады. Бүгін олар жаңа технологияларды, әлеуметтік желілерді және заманауи маркетинг тәсілдерін пайдаланып, бұрынғыдан да сенімді көрінуге тырысады. Сондықтан мұндай схемалардан қорғанудың ең тиімді жолы – кез келген қаржылық ұсынысты мұқият тексеру, тәуекелдерді бағалау және қаржылық сауаттылықты арттыру.