ҚР Үкіметі Жоғары аудиторлық палатаның ұсынымдарын ескере отырып, Жекешелендірудің 2016-2020 жылдарға арналған кешенді жоспары орындалғаннан кейінгі әлеуметтік-экономикалық әсерге талдау жүргізді.
Бұған дейін жекешелендіру саласындағы мемлекеттік саясаттың тиімділігіне аудит жүргізілген болатын. Жоғары аудиторлық палата ұлттық холдингтер мен ұлттық компаниялардың тиісті кешенді жоспарларының республиканың дамуына тигізетін әсерін бағалау бірқатар себептерге байланысты қиын екенін атап өтті. Осыған байланысты ҚР Үкіметіне талдау жүргізу мүмкіндігін қарау ұсынылды.
Нәтижесінде Ұлттық экономика министрлігі әлеуметтік-экономикалық әсерді айқындау үшін жекешелендірілген 771 ұйым бойынша статистика мен салық органдарының деректерін талдады. Бұл тұжырымдар кейіннен Мемлекеттік активтер мен квазимемлекеттік секторды басқару жөніндегі ұлттық баяндамаға енгізілді.
Атап айтқанда, мынадай нәтижелер белгіленді:
- квазимемлекеттік сектор субъектілерінің ҚР жалпы ішкі өніміне қосқан үлесі 2016 жылғы 8,6 трлн теңгеден 2020 жылы 10,3 трлн теңгеге дейін өсті;
- жекешелендірілген ұйымдар бойынша негізгі капиталға инвестициялар көлемі 2023 жылы 57,5 млрд теңгені құрады – 98% өз қаражаты есебінен салынды;
- жекешелендірілетін ұйымдарды сатудан мемлекеттік бюджетке түскен түсімдер 578,8 млрд теңгені құрады;
- жекешелендірілген ұйымдардан салық түсімдері 2023 жылы 162 млрд теңгеден астам сомаға жетті.
Жалпы жүргізілген талдау Жекешелендірудің 2016-2020 жылдарға арналған кешенді жоспарының орындалуы оң макроэкономикалық әсер бергенін көрсетеді. Мәселен, мемлекеттің экономикаға қатысу үлесі ЖІӨ-ге қатысты 18,3%-дан 14,6%-ға дейін төмендеді. Сонымен қатар жекешелендірілген ұйымдар қызметінің бейіні мен жұмыскерлерінің штат санын сақтау қамтамасыз етілді.