Қазақстанда заңды тұлғаларды жабу тәртібін оңайлату жоспарлануда. Бұл туралы Мәжілісте Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов мәлімдеді.
«Бүгінде жеке кәсіпкерлерді тіркеу қазірдің өзінде хабардар ету сипатына ие, сондықтан біз жеке практикамен айналысатын тұлғаларды тіркеуді оңайлатуды ұсынамыз. Бұл нотариустар, адвокаттар, медиаторлар, оларды арыз беру міндетінен босатады. Оларды тіркеу уәкілетті органдардың ақпараты негізінде жүзеге асырылады», — деді вице-министр.
Сондай-ақ, оның айтуынша, заңды тұлғаларды жабу барысы да қаралады. Оларды салық органдарына өтініш беруден босату ұсынылып отыр.
«Әділет органдарына хабарласу жеткілікті, олар ақпаратты мемлекеттік кірістер органдарына береді», — деді Ержан Біржанов.
Сонымен қатар, салық төлеушіні әрекетсіз деп тану процесі автоматтандырылады, қолмен іріктеу алынып тасталады, әрекетсіз жеке кәсіпкерлерді мәжбүрлеп тарату процесі қайта қаралады.
«Егер бүгінгі күні жеке кәсіпкерлерді жабу сотқа талап арыз беру арқылы жүзеге асатын болса, онда біз әрекетсіз жеке кәсіпкерлерді сот шешімінсіз таратуды ұсынып отырмыз. Бұл сот жүйесіне түсетін салмақты жеңілдетеді», — деді вице-министр.
ҚҚС төлеуші ретінде тіркеу кезінде Digital ID (Face ID) арқылы менеджердің аутентификациясын жүргізу ұсынылады. Сонымен қатар, ҚҚС төлеуші ретінде тіркелгеннен кейін салық төлеуші кейбір негізгі дағдылар бойынша – ЭШФ алу үшін ақпараттық жүйелерді қалай дұрыс пайдалану керектігі, ҚҚС әдістемесінің негізгі ұғымдары, ЭШФ беру мерзімдері, декларацияны тапсыру мерзімдері бойынша оқудан өтуі керек.
«Бұл шаралар жалған ҚҚС төлеушілерді тіркеу тәуекелін барынша азайтады және кем дегенде салық төлеуші өзінің салық міндеттемелері туралы хабардар болады», — деп түсіндірді ол.