Қазақстан Республикасының 2025–2027 жылдарға арналған жоба бюджетінде халықтың осал топтарын қолдауға, зейнетақылар мен жәрдемақылар төлеуге бағытталған «Әлеуметтік көмек және әлеуметтік қамсыздандыру» функционалдық тобы бойынша елеулі шығындар қарастырылған.
Әлеуметтік шығындар: динамикасы мен тенденциялары
2025–2027 жылдарға арналған әлеуметтік көмек пен әлеуметтік қамсыздандыруға арналған шығындар келесі көлемде жоспарланған:
- 2025 жыл: 6 108 396 231 мың теңге,
- 2026 жыл: 6 765 295 760 мың теңге,
- 2027 жыл: 7 385 540 751 мың теңге.
Зейнетақы төлемдері: зейнетақының орташа мөлшерінің өсуі
Шығындардың негізгі бағыттарының бірі зейнетақы төлемдерін қамтамасыз ету болып табылады, бұл қарт адамдарды қолдауға бағытталған мемлекеттік саясаттың көрінісі. 2025–2027 жылдар аралығында зейнетақының орташа мөлшері біртіндеп ұлғайтылады:
- 2025 жыл: 96 562 теңге,
- 2026 жыл: 103 376 теңге,
- 2027 жыл: 110 185 теңге.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2023 жылдан бастап базалық зейнетақы төлемдерінің мөлшері кезең-кезеңімен ұлғайтылады. 2027 жылға қарай ең төменгі базалық зейнетақы мөлшері күнкөріс минимумының 70%-на, ал ең жоғарысы 120%-на дейін жеткізіледі:
- 2025 жыл: ең төменгі базалық зейнетақы – күнкөріс минимумының 70%-ы, ең жоғарысы – 110%-ы,
- 2026 жыл: ең төменгі базалық зейнетақы – күнкөріс минимумының 70%-ы, ең жоғарысы – 118%-ы,
- 2027 жыл: ең төменгі базалық зейнетақы – күнкөріс минимумының 70%-ы, ең жоғарысы – 120%-ы.
Бұл ретте базалық зейнетақының орташа мөлшері ұлғайтылады:
- 2025 жыл: 47 700 теңге,
- 2026 жыл: 52 162 теңге,
- 2027 жыл: 55 145 теңге.
2025–2027 жылдарға арналған Қазақстандағы әлеуметтік көмек пен әлеуметтік қамсыздандыруға арналған бюджет шығындары мемлекеттің азаматтарды әлеуметтік қорғау деңгейін арттыруға ұмтылысын көрсетеді.
Зейнетақылар мен жәрдемақылардың біртіндеп өсуі, балалармен отбасыларды, мүмкіндігі шектеулі жандарды және басқа да санаттарды қолдау шаралары әлеуметтік қорғау жүйесін нығайтуға мүмкіндік береді. Алайда, бұл шаралардың сәтті жүзеге асырылуы үшін тиімді басқару, қаражатты дұрыс пайдалану және әлеуметтік саясатты жетілдіру қажет.
Автор: Лина Егель қызы, Economy.kz порталының сарапшысы