Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, 2025 жылы Қазақстандағы жалдамалы қызметкерлердің орташа айлық жалақысы 410 965 теңге болды. Алайда бұл көрсеткіштің артында меншік нысаны, жас ерекшелігі мен кәсіби салаға байланысты құрылымдық айырмашылықтар бар.

Мемлекеттік және жекеменшік секторлар арасындағы айырмашылық

Мемлекеттік және жекеменшік секторлар арасындағы жалақы айырмашылығы шамамен 30% деңгейінде сақталып отыр:

  • Мемлекеттік сектор — 335 574 теңге
  • Жекеменшік сектор — 468 130 теңге

Мұндай алшақтық еңбек ақы төлеу жүйесінің ерекшелігін көрсетеді. Мемлекеттік секторда тарифтік кестелер мен бірыңғай нормативтер қолданылады, бұл қызметкерлерді ынталандыру жүйесін икемді етуге шектеу қояды.

Ал жекеменшік сектор еңбек нарығындағы бәсекеге және мамандар тапшылығына тез бейімделіп, жалақыны тек біліктілік деңгейімен емес, адам капиталының нарықтық құнымен де байланыстырады.

Жас пен табыс: ең табысты кезең – орта жаста

Ең жоғары табыс 35–44 жас аралығындағы қызметкерлерге тиесілі – 455 070 теңге. Бұл кезеңде тәжірибе мен кәсіби шеберлік жоғары еңбек өнімділігімен үйлеседі.

45 жастан кейін табыс біртіндеп төмендейді – бұл уақытта кейбір мамандар басқарушылық немесе аз қарқынды лауазымдарға ауысуы мүмкін.

16–24 жас аралығындағы жастар айына орта есеппен 279 875 теңге алады – бұл орташа жалақыдан шамамен 1,6 есе аз. Бұл олардың жоғары жалақылы салаларға әлсіз интеграциясын және еңбек нарығына енудегі бастапқы шектеулерді көрсетеді.

Көшбасшы салалар

  • Су көлігі саласы — 1 145 878 теңге
  • Компьютерлік бағдарламалау, кеңес беру және өзге де ІТ-қызметтер — 1 218 397 теңге
  • Қаржы қызметтері мен сақтандыру саласындағы көмекші қызметтер — 1 497 720 теңге
  • Холдингтік компаниялар мен басқару жөніндегі консалтинг — 1 558 918 теңге.

Бұл көрсеткіштер еңбек нарығының құрылымдық поляризациясын айқындайды: зияткерлік және басқарушылық қызметтер негізгі табыс көзіне айналса, дәстүрлі салалар біртіндеп тартымдылығын жоғалтып келеді.

Аутсайдер салалар

  • Балық аулау және балық өсіру — 158 154 теңге
  • Қауіпсіздік пен тергеу қызметі — 201 679 теңге
  • Мектепке дейінгі білім беру — 206 707 теңге
  • Ветеринария саласы — 229 363 теңге
  • Әлеуметтік қызмет көрсету (тұруды қамтамасыз етумен) — 231 937 теңге

Дәл осы салалар қоғамның өміршеңдігін қамтамасыз етеді, алайда экономикалық ынталандыру фокусынан тыс қалып отыр.

Мысалы, мектепке дейінгі білім беру саласында мемлекеттік ұйымдардағы жалақы (239 298 теңге) жекеменшік сектордан (172 084 теңге) жоғары. Бұл — бұл салалардың нарық сұранысынан гөрі бюджеттік шешімдерге тәуелді екенін көрсетеді.

Лауазым бойынша айырмашылық

Орта деңгейлі басшының орташа жалақысы — 716 668 теңге, бұл мамандардың (443 312 теңге) жалақысынан 40% жоғары.

Айырмашылық жекеменшік секторда айқынырақ (45%), ал мемлекеттік секторда шамамен 20%.

Бұл екі сектор арасындағы көзқарас айырмашылығын көрсетеді: бизнес нәтижені және жауапкершілікті жоғары бағаласа, мемлекеттік секторда иерархиялық тепе-теңдік сақталады, мұнда басшылық қызмет әрдайым жоғары жалақымен байланысты бола бермейді.

Қорытынды

Қазақстандағы еңбекақы құрылымы біртіндеп поляризацияланып келеді.

Жоғары табыстар — жоғары қосымша құн қалыптастыратын зияткерлік және технологиялық салаларда шоғырланса, әлеуметтік және төмен өнімді еңбектер тоқырауға ұшырауда.

Жас, сектор және лауазым — экономикалық теңсіздіктің басты факторларына айналды.

Егер бұл процесс өнімді жұмыспен қамту саясаты арқылы түзетілмесе, Қазақстанда «ақыл мен қол еңбегі арасындағы алшақтық» арта түсуі мүмкін: мұнда интеллект капиталға айналып, ал қарапайым еңбек — құнын жоғалтады.