Жарты миллионнан астам азамат зейнетақы ақшасына үй алды

Осы мақсатта 2 трлн теңгеден қаражат аударылды. 

2021 жылдың 25 қарашасындағы жағдай бойынша салымшылардың зейнетақы жинақтарын тұрғын үй жағдайларын жақсарту үшін пайдалануға берген 516 743 өтініші орындалды, деп хабардлайды БЖЗҚ.

Уәкілетті оператор – банктерде ашылған қазақстандықтардың арнайы шоттарына БЖЗҚ 2 трлн теңгеден астам қаражат аударды.

Біржолғы зейнетақы төлемдерінің орташа сомасы – шамамен 3,9 млн теңге.

Естеріңізге сала кетейік, 2021 жылдың 25 қаңтары мен ақпаны аралығында тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатында аударылған зейнетақы жинақтарының орташа сомасы 5,3 млн теңгені құраған болатын.

Орындалған өтініштердің ең көбі Алматы қаласының (17,02%), Маңғыстау облысының (13,32%), Нұр-Сұлтан қаласының (13,05%) тұрғындары тарапынан жолданған.

Қазіргі уақытта зейнетақы жинақтарының бір бөлігін пайдалануға өтініштерді қабылдайтын уәкілетті операторлар «Отбасы банкі» тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ, «Қазақстан Халық банкі» АҚ, «Altyn Bank» АҚ, «Банк ЦентрКредит» АҚ және «Банк Фридом Финанс Казахстан» АҚ.

Орындалған өтініштердің едәуір (орындалған өтініштердің жалпы санының 94,9%) бөлігі «Отбасы банк» тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ, одан әрі «Қазақстан Халық банкі» АҚ (3,9%), «Банк ЦентрКредит» АҚ (1,2%), «Altyn Bank» АҚ (0,04%) және «Банк Фридом Финанс Казахстан» АҚ (0,03%) арқылы берілді.

Айта кетейік, уәкілетті операторлардан салымшылардың (алушылардың) жеке зейнетақы шоттарына (ЖЗШ) өтініш берушінің өтініші және өзге де себептер бойынша 284,9 млрд теңгеден аса сома қайтарылды, себебі, қазақстандықтар біржолғы зейнетақы төлемдерін белгіленген мерзімде пайдаланбаған.

Сондай-ақ, БЖЗҚ емделуге берілген 64,5 млрд теңгеден астам сомаға 71 533 өтінішті орындады. Бұл ретте алуға болатын орташа сома шамамен 0,9 млн теңгені құрайды. Өңірлер бөлінісінде зейнетақы жинақтарын алу бойынша көрсеткіштер мынадай: бәрінен де Атырау облысы (14,94%), Алматы қаласы (12,93%), Маңғыстау облысы (12,24%), Нұр-Сұлтан қаласының (10,62%) тұрғындары жіберген өтініштер ең көп орындалған.        

Сонымен қатар, салымшылардың (алушылардың) БЖЗҚ-дағы ЖЗШ-на уәкілетті оператордан емделуге деп аударылған («Отбасы банкі» тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ) 8,9 млрд теңге қайтарылды, себебі бұл қаражат өтініш берушінің өтініші және өзге де себептермен белгіленген мерзімде пайдаланылмаған. 

Ағымдағы жылдың 25 қарашасындағы жағдай бойынша инвестициялық портфельді басқарушыларға (ИПБ) 5,9 млрд теңге аударылды. БЖЗҚ 3 230 өтінішті орындады. Аударымның орташа сомасы – 1,8 млн теңге. Өз жинақтарын басқарушы компанияны таңдау арқылы инвестициялауда алматылықтар басым белсенділікке ие (олардан орындалған өтініштердің шамамен 37,3% келіп түсті). 

Айта кетейік, 5,9 млрд теңгенің 45,7% немесе 2,6 млрд теңгесі «Jusan Invest» АҚ, 24,1% немесе 1,6 млрд теңгесі «Halyk Global Markets» АҚ, 19,1% немесе шамамен 1 млрд теңгесі «BCC Invest» АҚ, 11,1% немесе шамамен 0,6 млрд теңгесі «Сентрас Секьюритиз» АҚ аударылды.